Батыс Қазақстан өңірінде боранда үш адам қаза болған

Боран кезінде қар басқан жолдағы автокөліктер (көрнекі сурет)

Батыс Қазақстан облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, 13-14 желтоқсан күндері аймақта қатты боранда қалған үш адам қаза тауып, тағы бір адам құтқарылған.

Департаменттің хабарлауынша, Жәнібек ауданында 58 жастағы ер адам өлі табылған. Бөкей ордасы ауданында 25 жастағы жігіт қаза болған. Қазталов ауданында құтқарушылар боран кезінде жоғалып кеткен 35 жастағы ер адамның сүйегін тапқан. Алдын ала деректер бойынша, үшеуі де қатты аязда үсіп көз жұмған.

Ақжайық ауданында іздестіру тобы 54 жастағы ер адамды тауып алып, Орал қаласындағы ауруханаға жеткізген. Оның аяқ-қолын үсік шалғаны анықталды, қазір ауруханада емделіп жатыр.

Облыста қатты боран кезінде хабар-ошарсыз кеткен 59 жастағы ер адам әлі табылған жоқ. Оны іздеуге құтқарушылар, әскери қызметшілер, полиция қызметкерлері және жергілікті әкімдік өкілдері жұмылдырылған.

Бұған дейін Батыс Қазақстан өңірінде боран болады деген ескерту жарияланған. Демалыс күндері кей жерлерде желдің екпіні секундына 23-28 метрге дейін жетіп, автокөлік жолдары жабылуы мүмкін. Төтенше жағдайлар қызметі халыққа аса қажет жағдай болмаса, үйден шықпауға кеңес берді.