Ресей дрондар жүйесі әскерінің жетекшісі болып Юрий Ваганов тағайындалды. Ол – Мәскеу түбіндегі Электросталь елді мекенінен шыққан кәсіпкер әрі ерікті, арнайы әскери білімі жоқ. Бұл жөнінде әскери блогерлер мен BBC-дің Орыс қызметі хабарлады.
Әскери ортада Вагановты "Юра Унитаз" деп атайды, себебі BBC дереккөзінің хабарлауынша, 2022 жылға дейін ол Электростальда сантехниканы сатумен айналысқан. Оның соңғы жұмыс орны - "Ситистрой-групп" компаниясы.
"Арнайы әскери операциядағылар арасында «Юра Унитаз» деген атпен танылған адам командир болып тағайындалды. Оның әскери білімі жоқ.... Арнайы әскери операцияға дейін сатехника сатумен айналысқан, сол себепті оны сондай атпен атайды. Ал одан кейін FPV-дронды Ресей әскеріне тасымалдау мәселесінде монополист атанды" деді ресейлік блогер Максим Климов.
Ресей Украинаға басып кіргелі бері Ваганов Ресей әскеріне FPV-дрондарды тасымалдайтын негізгі тұлғалардың біріне айналған. 2023 жылы "Судоплатов" батальонында дрон шығаратын ірі өндіріс ашылған.
Батальон FPV-дрон шығаратын ресейлік ірі өндірушілердің бірі деп жазды Forbes.
2024 жылы Украина қарулы күштері халықаралық қауымдастық мойындамаған "Донецк халық республикадағы" Иловайск елді мекеніндегі полигонды атқылаған. Сол кезде 24 ресейлік әскери қаза болған. Ресейшіл әскери блогер Владимир Романовтың жазуынша, Судоплатов атындағы "Судный день" батальонының операторлары қаза болған. Оның сөзінше, курс жетекшісі дайындық өтіп жатқан аумақтың координатын бот арқылы жіберген, блогерлер бұған Вагановты кінәлаған.
Әскерилер сонымен бірге Вагановты іс жүзінде қорғаныс министрлігінің дрон саласында монополия жасады деп те айыптайды. Қазан айында Ваганов қорғаныс министрінің қару-жарақ бойынша орынбасарының кеңесшісі болды.
Ресей қорғаныс министрлігі Вагановтың тағайындалуын ресми түрде растамаған.
Дрондар жүйесі әскерінің жасақталғаны 12 қарашада белгілі болған.
Украинада осыған балама жүйе 2024 жылдың басынан бері бар.