Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығы Нави Пиллэйге берілді

Биыл Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығы БҰҰ-ның Адам құқығы бойынша бұрынғы жоғарғы комиссары Нави Пиллэйге – бейбітшілік пен халықаралық құқықты нығайтуға күш салғаны үшін берілді.

2025 жылы венесуэлалық саясаткер Мария Корина Мачадо Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығын иеленген. Ол "Венесуэла халқының демократиялық құқықтарын қорғау және диктатурадан демократияға бейбіт көшу жолындағы күресі мен тынымсыз еңбегі үшін" марапатталды. 2026 жылы қаңтарда ол өзінің медалін АҚШ президенті Дональд Трампқа тапсырған. Мачадо мұны «оның Венесуэла бостандығына деген ерекше адалдығын мойындау үшін» жасағанын мәлімдеді.

Нобельдің Бейбітшілік сыйлығына биыл 208 адам және 79 ұйым ұсынылған. Олардың арасында АҚШ президенті Дональд Трамп та бар екені белгілі.

Пиллэй қазір 85 жаста. Оңтүстік Африкада туған, тамил тобынан шыққан. 2008-2014 жылдары БҰҰ-ның Жоғарғы комиссары болды. Ол бұл қызметке тағайындалған ақ нәсіліне жатпайтын алғашқы адам болды. Пиллэй сонымен бірге Халықаралық қылмыстық соттың судьясы және Руандадағы геноцид бойынша халықаралық соттың төрағасы болды.

2021-2025 жылдары БҰҰ Адам құқығы кеңесі жанынан құрылған Палестина аумағындағы жағдайды зерттеу жөніндегі тәуелсіз комиссияға жетекшілік етті. 2025 жылы қыркүйекте аталған комиссия Израильді "геноцид жасады" деп айыптады. Пиллэйдің өзі Израильді қан төгуді тоқтатуға мәжбүрлеу үшін оған қысым жасауды және қару беруді тоқтатуға шақырған. Комиссияның жұмысы мен Пиллэйдің өзін Израиль мен өзге елдер сынаған.