Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов 18 қарашада Kazakh Tourism Development Ltd компаниясы директорлар кеңесінің отырысын өткізді деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі. Жиында Көкжайлау шатқалына салынатын Almaty SuperSki шаңғы курортын салу жобасын жүзеге асыру барысы қаралды.
Жобаны жүзеге асырушы Kazakh Tourism Development Ltd. бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев "құрылыс алаңындағы жұмыстар белсенді кезеңге өткенін" және "бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын" баяндады.
"Бүгінгі таңда Poma француз компаниясымен бірлесіп, аспалы жолдардың іргетасын құю жұмыстары басталды. Сонымен қатар Almaty SuperSki жобасының жеке техникалық талаптарын ескере отырып, аспалы жолдардың жабдықтарын дайындау жұмыстары қатар жүргізілуде" деп жазылған ресми хабарламада.
Үкіметтің хабарлауынша, жобаны жүзеге асыруға қазақстандық кәсіпорын тартылған. Ол аспалы жолдардың жекелеген құрылымдық элементтерін еуропалық сапа және қауіпсіздік стандарттарына сәйкес өндіруі керек.
Бұған қоса, жобаға тартылған шетелдік компаниялардың да аттары аталды.
"Швейцариялық Blumer-Lehmann компаниясы жобаның Базалық және Жоғарғы стансалары ғимараттарының ағаш тірек конструкцияларын жобалауды, дайындауды, жеткізуді, монтаждауды техникалық сүйемелдеуді жүзеге асырады. Даниялық Bjarke Ingels Group компаниясы 24 халықаралық компанияның арасында өткен байқау қорытындысы бойынша таудағы ауыл тұжырымдамасын әзірлеумен айналысатын болды" деп жазылған ресми хабарламада.
Одан бөлек, канадалық жобалаушы Ecosign да тартылмақ. Бектенов жоба "үздік әлемдік стандарттар бойынша жүзеге асырылып жатқанын" және "туризмнің дамуына елеулі серпін беретінін" атап өткен. Ол құрылыс жұмыстарын жеделдетіп, шаңғы курортын 2028 жылы желтоқсанда іске қосуды тапсырды.
- Алматы тау кластері жобасы аясында дамытылып жатқан Көкжайлау шатқалына салынатын Almaty SuperSki шаңғы курорты жобасы қоғамда әлі күнге дейін дау туғызып келеді. Жазда жол салу үшін ауыр техника Көкжайлау шатқалына шыққан кезде белсенділер мен тұрғындар наразы болған.
- Қыркүйекте SaveKokzhailau қозғалысының белсенділері шаңғы курорты жобасының қоршаған ортаға әсеріне қатысты биыл мамырда өткен тыңдаудың нәтижесін сот арқылы жарамсыз деп танытуға күш салатынын айтқан. Қазан айында белсенділер шағым сот қарауында екенін айтқан.
- Көкжайлаудағы Қызыл кітапқа енген өсімдіктер мен жануарлардың тағдыры да қоғамда қызу талқыланды. Көкжайлауда курорт салатын компания басшылығы жазда "курорт аумағында Қызыл кітапқа енген ағаш жоқ" деп мәлімдеген еді. Ал "Зеленое спасение" ұйымы бұл тұжырымды жобаның құжатнамасы арқылы тексеріп, қайшылық тапқан.
- Көкжайлау шатқалындағы курорт салу жобасы бойынша пікірталас 2018 жылы басталған. Тәуелсіз экологтар мен белсенділер аспалы жолдар, қонақ үйлер және түрлі туристік инфрақұрылымдар салуды көздеген Алматы тау кластерін дамыту жоспарына қарсы болды. Олар мұндай өрескел араласу экологиялық жүйелерді тоздырып, флора мен фаунаның жойылуына және Қазақстанның ең ірі қаласы мен айналасындағы таулардағы жалпы экологиялық жағдайдың нашарлауына апарып соғады деп қауіптенеді. 2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев танымал экологтардың пікірлеріне сүйеніп, құрылыс жүргізуге жария түрде тыйым салды. Бірақ, арада жеті жыл өткенде ол қарамағындағы шенеуніктерге Алматы мен Алматы облысында шаңғы туризмі инфрақұрылымын дамытуды тапсырды.