Бектенов инвестициялық жобалардың мерзімін кешіктіргені үшін “Самұрық-Қазынаны” сынады

Премьер-министр Олжас Бектенов “Самұрық-Қазына” директорлар кеңесінінің отырысында инвестициялық жобалардың уақытында жүзеге асырыла алмай жатқанын алға тартып, қор мен еншілес компаниялардың басшыларын сынады.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол белгіленген мерзімдердің сақталуын бақылауды күшейтуді, сондай-ақ оларды жүзеге асыру шеңберінде сатып алынатын тауарлардағы, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамту үлесін ұлғайту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Бұған қоса, жүзеге асырылып жатқан жобаларды, оның ішінде Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұз қалаларында өндіруші қуаттарды іске қосу, газ өңдеу зауыттарын салу жөніндегі жобаларды уақтылы пайдалануға беруді күшейтілген бақылауға алуды тапсырды.

Жиында айтылған дерек: 2026 жылы 9 айда қор кірісі 13%-ға, ал таза пайдасы 19%-ға өскен.

Жалпы қор құны 43,8 трлн теңге болатын 69 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырып отыр. 44-інде құрылыс-жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, қалғандары түрлі кезеңде.

Инвестициялардың басым бөлігі мұнай-газ өнеркәсібіне, мұнай-газ химиясы және дәстүрлі электр энергиясын өндіру саласына бағытталған. Бұған қоса, газ тасымалдау, энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, көлік, коммуникация және басқа да бағыттар қамтылады.

2026 жылы ақпанда "Самұрық-Қазынаның" инвестициялық портфелінде 120 жоба болған еді, олардың жалпы құны 52 трлн теңге деп көрсетілген.

28 қазанда Бектенов «Самұрық-Энерго» басшысы Қайрат Мақсұтовты қызметінен босатқан еді. Премьер ол «энергетикалық жобалардың кешігіп жүзеге асуына қатысты ескертулерді елемеді» деп айтқан еді. Ізінше оның орнына Аңсар Айдаров келді.

«Самұрық-Қазына» – Қазақстанның мұнай-газ, энергетика, көлік, телекоммуникация және басқа да стратегиялық салаларындағы мемлекеттік активтерді басқаратын ұлттық әл-ауқат қоры. Ол 2008 жылы «Қазына» орнықты даму қоры мен «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдингін біріктіру арқылы құрылған. Ресми сайттарда қордың негізгі мақсаты – мемлекеттік активтерді тиімді басқару, ұлттық экономиканың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру деп айтылады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қор тобының активтері 44,2 трлн теңгені құраса, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш 46,7 трлн теңгеге жетті.