Беларусь билігі 250 саяси тұтқынды бостандыққа шығарды

АҚШ-тың арнайы өкілі Джон Коул бостандыққа шыққан саяси тұтқындармен. 19 наурыз, 2026 жыл.

19 наурызда Беларусь билігі бір топ саяси тұтқынды бостандыққа шығарды. Олардың арасында, қоғам қайраткерлері, оппозициялық белсенділер, журналистер және 2020 жылғы наразылық акцияларына қатысқандар бар.

Мұның алдында АҚШ-тың арнайы өкілі Джон Коул Беларусь басшыларымен Минскіде кездесіп, басқа мәселелермен қоса саяси тұтқындарды босату жайын да талқылаған.

АҚШ-тың Вильнюстегі елшілігі жалпы саны 250 адам босатылғанын мәлімдеді: олардың 15-і Литва аумағына өтсе, тағы 235-і Беларусьтің өзінде бостандыққа шыққан. Бұл — соңғы жылдары Беларусьта бір мезгілде тұтқындар ең көп босатылған жағдай.

Бұған дейін Беларусьтің тәуелсіз ақпарат құралдары тұтқындар босатылғанын хабарлаған. Азаттық радиосының Беларусь қызметі белсенді Ким Самусенко мен журналист Катерина Андреева (Бахвалова) босатылғанын хабарлады. Сондай-ақ құқық қорғаушы Настя Лойко, блогер Эдуард Пальчис те бостандыққа шыққан.

Беларусьтің авторитар басшысы Александр Лукашенконың баспасөз қызметі тұтқындарға "гуманизм қағидаларына байланысты" рақымшылық жасағанын мәлімдеді.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, елдің түкпір-түкпіріндегі түрмелерде 1100-дей саяси тұтқын қамауда отыр. Саяси баппен сотталғандар әлі де көп.

"Елшіліктің жұмысын қалыпқа келтіруден бастап, "саяси тұтқын" деп жүргендерді босату сияқты екіжақты мәселелерді талқылап жатырмыз. Бізде "саяси тұтқындарға" қатысты бап жоқ болса да". Беларусьтің мемлекеттік БелТА агенттігі Александр Лукашенконың осындай пікірін берді.

Лукашенконың айтуынша, саяси тұтқындарды босату мәселесін АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Кристофер Смит "жіті бақылап" отыр.

"Беларусь жағы сіздермен келісімдерді орындауға дайын. Мұнда көп мәселе болмас деп ойлаймын", – деді ол.

Кездесуден соң Джон Коул Вашингтон мен Минск арасындағы қарым-қатынас жақсарғанын, АҚШ Беларусь банктері мен қаржы министрлігіне салынған санкцияны алып тастайтынын айтқан және Александр Лукашенконың АҚШ-қа болуы мүмкін деген сапарын талқылаған.