Беларусь соты Еуропа кеңесінің сайтын "экстремистік" деп таныды

Минск қаласының Партизан аудандық соты Еуропа кеңесінің ресми сайтын "экстремистік" деп жариялады. Мұны "Вясна құқық қорғау орталығы хабарлады.

Беларусьтегі "экстремистік" ресурстар тізіміне Mogilev.media мен ресейлік SOTAvision басылымының YouTube-арнасы да енгізілген.

Беларусь билігі елдегі жаппай бейбіт наразылықтарға және үкімет саясатына келіспейтін азаматтарға қарсы кең ауқымды репрессия жүргізгеннен кейін Еуропа одағы 2020 жылы Александр Лукашенконың авторитар режиміне қарсы қатаң санкциялар енгізе бастаған. Беларусьтегі қуғын-сүргін салдарынан мыңдаған адам түрмеге қамалды. "Вясна" құқық қорғау орталығының дерегінше, 2020 жылдан бері елде 7 840-тан астам адам саяси себептермен айыпталып, сотталған.

Ресей Украинаға кең көлемді басқыншылық соғысын бастағаннан кейін Беларуське қарсы санкциялардың екінші толқыны енгізілді. Ресми түрде Беларусь әскері Ресейдің Украинаға қарсы соғысына қатыспайды, алайда Александр Лукашенко Ресей әскеріне ел аумағын транзит үшін және уақытша орналасуға пайдалануға рұқсат берген.

2024 жылғы қыркүйекте Еуропарламент Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылығына және украиналық балаларды заңсыз әкеткеніне Лукашенконың да қатысқанын айыптап, Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сотын Лукашенконы қамауға алу туралы ордер беруге шақырған.