Беларусь журналисі Павел Добровольский "мемлекетке опасыздық жасау" бабымен тоғыз жылға сотталды

Беларусь журналисі Павел Добровольский

Минск қалалық соты журналист Павел Добровольскийді "мемлекетке опасыздық жасағаны үшін айыпты" (Қылмыстық кодекстің 356-бабы) деп танып, тоғыз жылға бостандығынан айырды. 6 наурызда шығарылған үкімге сәйкес, журнарлист жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейтін болады деп хабарлады Беларусьтің журналистер қауымдастығы.

Сот процесі жабық өткендіктен істің егжей-тегжейі белгісіз.

Беларусьтің қуғындағы журналистері негізін қалаған Позірк сайты билік журналист Павел Добровольскийге 2020 жылғы жаппай халық наразылығы кезінде атқарған кәсіби қызметіне байланысты айып таққан болуы мүмкін деп жазды.

Добровольский шетелден еліне оралғаннан кейін бірнеше ай өткен соң, 2025 жылғы 22 қаңтарда ұсталып, қамауға алынған.

Павел Добровольский Беларусьтегі және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген. Оның соңғы жұмыс орны – БелаПАН тәуелсіз агенттігін Беларусь билігі "экстремистік құрылым" деп танып, қызметін тоқтатқан.

2022 жылғы қазан айында бас редактор Ирина Левшина, басылымның 2018-2021 жылдардағы директоры Дмитрий Новожилов, 2014-2018 жылдары директордың орынбасары болған Андрей Александров пен оның жұбайы Ирина Злобина 4 жылдан 14 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырылған. Билік оларға Қылмыстық кодекстің "мемлекетке опасыздық жасау", "экстремизм" және "жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыру" баптары бойынша айып таққан.

2020 жылғы қазан айында Павел Добровольский пәтерінде ұсталып, рұқсат етілмеген митингке қатысқаны туралы әкімшілік іс бойынша 15 күн қамауда отырып шыққан.