Декреттік демалыс сұраған әке жұмыссыз қалды

Артем және Ирина Грековтар кішкентай қыздары Валериямен бірге.

Беларусь заңында кішкентай баланы бағу үшін еңбек демалысы ата-ананың таңдауы бойынша - анасы немесе әкесіне берілетіні жазылған. Могилев қаласының тұрғыны Антон Греков заңда көрсетілген құқығын пайдаланбақ болғаннан кейін жұмыссыз қалғанын айтады.

Беларусьтің Могилев қаласында тұратын өрт сөндіруші Антон Греков дүниеге жаңадан келген қызы Валерияға қарау үшін декреттік демалысқа шығуды ұйғарғанда әйелі Ирина ерінің бұл ойын құптаған. Сауда жөніндегі аймақтық менеджер болып істейтін Ирина жұмысында көтеріліп, жоғары жалақыға қол жеткізуге мүмкіндігі барын, ал өрт сөндіру бөлімінде 16 жыл жұмыс істеген күйеуінің қызметі өспегенін айтады.

Артем Греков.

Еуропаның көп еліндегі тәрізді Беларусь мемлекетінде де заң бойынша ер азаматтар отбасында кішкентай балаға қарау үшін еңбек демалысын алуға хақылы. Беларусь еңбек кодексінде бала күтімін анасы мен әкесінің қайсысы мойнына алатынын отбасының өзі шешеді деп көрсетілген. Бірақ Артем үйіндегі сәбиге қарау үшін еңбек демалысын алғысы келетінін жұмыс орнына хабарлаған соң аттестациялық комиссия онымен бес жылға жасалған келісімшарттың мерзімін ұзартудан бас тартқанын айтады.

Комиссияның ресми қорытындысында Грековтың "өз қызметіне сай келмейтіні" айтылған. Артем мұнымен келіспейді.

Антон Греков 16 жыл өрт сөндіруші болып жұмыс істеген.

- Өзіме берілген мінездемені көріп, таңғалдым. Онда еңбегім мен жетістіктерім мүлде аталмапты. Мені еңбек тәртібін бұзатын, моральдық және кәсіби қасиеттері жұмыс талабына сай келмейтін қызметкер етіп көрсетіпті, - дейді ол.

Артем Грековтың екі жоғары білімі бар - Могилев көлік құрастыру институтын және Төтенше жағдайлар министрлігі институтын бітірген. Төтенше жағдайлар қызметінде 16 жыл жұмыс істеген Артем "Еңбек үздігі" деген төсбелгісімен марапатталған.

Жұмыс берушінің өзімен келісімшартты ұзартпағанына наразы болған Греков төтенше жағдайлар бөлімін сотқа берген. Өз айтуынша, Грековтың сотқа жүгінгенін білген бөлім басшылығы оған егер шағымын қайтып алса, келісімшартын бір жылға ұзартуға уәде еткен. Бірақ бала күтіміне байланысты декреттік демалысқа шығуға рұқсат бермеген.

Бұл іс бойынша сот кезінде өрт сөндіру бөлімінің өкілдері өрт сөндірушілердің қызметтік міндеттерін Еңбек кодексі емес, Төтенше жағдайлар органдарындағы қызмет туралы ереже реттейтінін, ал қаулыда бала күтіміне байланысты еңбек демалысын беру туралы шешімді басшылық қабылдайды деп көрсетілгенін алға тартқан.

Артемнің шағымын қараған алғашқы инстанциядағы сот өрт сөндіру бөлімінің пайдасына шешім қабылдады: мекеме басшылығын қызметкеріне бала күтіміне байланысты еңбек демалысын беруге міндеттемеді. Грековтар отбасы шешімді қайта қарауды сұрап облыстық сотқа және басқа жоғары органдарға жүгінбекші. Ирина мен Артемнің пікірінше, Төтенше жағдайлар министрлігі егер бір қызметкеріне бала күтіміне байланысты еңбек демалысына шығуға рұқсат берсе, басқа жұмысшылары да осындай демалыс сұрауды әдетке айналдырады деп қауіптенеді.

Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік ғимараты. Минск, 30 маусым 2018 жыл.

Артем Грековтың ісі бойынша түсініктеме берген Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің ресми өкілі Виталий Новицкий бұрын ведомствода бала күтуге байланысты еңбек демалысына шыққан ер азаматтар тіркелмегенін растады. Әйткенмен Төтенше жағдайлар органдары мен бөлімшелерінде қызмет ету туралы ереженің 133-тармағы баланы анасыз, жалғыз өзі бағып отырған ер азаматтарға бала күтіміне байланысты еңбек демалысына шығуға теориялық тұрғыда рұқсат береді. Ондай мүмкіндікті әйелі қайтыс болған не аналық құқығынан айырылған немесе ұзақ уақыт ауруханада жатқан ер азаматтар пайдалана алады.

"Ее право" орталығының заңгері Дарья Чурконың сөзінше, Грековтар отбасы кездескен жағдай Беларусь заңдарында гендерлік теңдікке қатысты қайшылық барын көрсетеді. Бір жағынан, Конституция балаларды анасы мен әкесінің қатар тәрбиелеуіне мүмкіндік берсе, екінші жағынан дискриминацияға жол беріп отыр. Чурко бұрын орталық заңгерлері осыған ұқсас жағдайларға кезіккенін айтады. Тағы бір отбасында әскери қызметте істейтін ата-анасы кішкентай балаға қарау үшін еңбек демалысына әкесі шығады деп келіскенімен ер азаматқа жұмысында декреттік демалысқа шығуына рұқсат етпеген.

Ресей мен басқа да кейбір постсоветтік елдерде ер азаматтар жұмыс орнынан бала күтіміне байланысты еңбек демалысын алудың қиындығын, жұмыс берушілер декреттік демалыс сұраған қызметкерден әртүрлі сылтау айтып құтылғысы келетінін айтып шағынады. Ресейде ер азаматтарға үш жылға дейін бала күтіміне байланысты еңбек демалысына шығуға ресми рұқсат беретін норма заңға 2007 жылы енгізілген. Алайда іс жүзінде заңды құқығын пайдаланбақ болған ер адамдар түрлі кедергілерге тап болады. 2017 жылы жеке меншік банк мекемесіне жұмысқа тұрмақшы болған Вячеслав Насоновтың хикаясы көпшілікке тараған. Банк өкілі алдын ала сұхбат кезінде Насоновтың бұрын бала күтіміне байланысты үйде отырғанын естігеннен кейін оның бұл қызметке қабылданбайтынын мәлімдеген.

Қазақстанның еңбек заңында үш жасқа дейінгі баланы кімнің қарайтынын және бала күтіміне байланысты демалысты кімге рәсімдейтіндерін экономикалық тұрғыда тиімді тұстарын ескере отырып отбасы мүшелері өздері шешеді деп жазылған. Еңбек кодексінің 100-бабына сәйкес, ақысыз демалысты баланың анасы, әкесі немесе заңды түрде асырап алған адам ала алады. Үш жасқа дейінгі баланы бағу үшін берілген ақысыз демалысқа шыққан адам оны толығымен немесе жазбаша өтініші негізінде бөліп пайдалануға құқылы.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының мәліметі бойынша, Қазақстанда 2013-2018 жылдар аралығында 40 мыңнан астам ер азамат бала бағуға байланысты демалыс алған.

(Азаттықтың Беларусь қызметінің материалы бойынша әзірленді.)