Беларусьте жүзден астам саяси тұтқын босатылды. Арасында Мария Колесникова, бұрын президенттіктен үміткер болған Виктор Бабарико, Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығының лауреаты Алесь Беляцкий, адвокат Максим Знак, TUT.BY порталының бас редакторы Марина Золотова, құқық қорғаушы Валентин Стефанович және саясаткер Александр Федута бар.
Беларусьтің авторитар басшысы Александр Лукашенко барлығы 123 саяси тұтқынға "рақымшылық" жариялаған. Оның баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұндай шешім АҚШ президенті Дональд Трамппен қол жеткізілген келісім аясында және "Беларуськалийге" қатысты санкцияның алынып тастауына байланысты қабылданған.
Босатылғандар арасында Украинаның бес азаматы бар деп хабарлады Украина басшысы Владимир Зеленский.
"АҚШ-тың белсенділігі және біздің барлау қызметтеріміздің әріптестігінің арқасында шамамен жүз адам, арасында бес украиналық бар, еркіндікке шықты" деп жазды ол.
Босатылғандар Украна мен Литваға жеткізілген.
АҚШ президентінің арнайы уәкілі Джон Коул мен Александр Лукашенко арасындағы келіссөзден кейін саяси тұтқындардың босатылғаны белгілі болды.
- Коульдің қыркүйек айында Минскіге сапарынан кейін 52 саяси тұтқын босатылған еді. Арасында Сергей Тихановский мен Азаттықтың Беларусь қызметінің тілшісі Игорь Лосик те бар. Бостандыққа шыққандар арасында сонымен бірге тыңшылық бабы бойынша айыпталған 14 шетел азаматы болды. (Литва, Латвия, Польша, Германия, Франция, Ұлыбритания азаматтары)
- Осыдан кейін АҚШ қаржы министрлігі Беларустің мемлекеттік "Белавиа" әуе компаниясы мен Bombardier Challenger 850 бизнес-джетіне салынған санкцияны алып тастаған. Bombardier Challenger 850-ді Беларусьтің жоғары лауазымды шенеуніктері мен Лукашенко отбасы пайдаланады.