Белсенді Әлнұр Ілияшев президент Тоқаевты сотқа берді

Белсенді Әлнұр Ілияшев. 2021 жыл.

Белсенді Әлнұр Ілияшев президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың референдум тағайындау туралы жарлығының заңдылығын даулап, сотқа шағым түсірді. Бұл жөнінде белсенді желіде хабарлады.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық соты шағымды тіркеген.

Белсендінің түсіндіруінше, 15 наурыз күнгі республикалық референдумға “азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзуы мүмкін, сонымен бірге Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттарын өзгертуі ықтимал” жобаны қабылдау мәселесі шығарылып отыр. Белсенді өзінің уәждерін кестемен де көрсеткен.

"...Жарлық пен референдумға шығарылған жоба мынадай тармақтарға қайшы: "Республикалық референдум туралы" конституциялық заңның 1) және 2) баптарына қайшы. Оған сәйкес, референдумға төмендегідей мәселелерді шығаруға болмайды:

1) адам мен азаматтың конституциялық құқығы мен еркіндігін бұзуы мүмкін;

2) мемлекеттің тәуелсіздігі, Республиканың біртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, басқару формасы, Республика қызметінің қызметінің негіз құраушы қағидаттарын өзгертуі, Республика президенті жеті жыл мерзімге сайланатыны және бір адамның Республика президенті болып бірнеше рет сайлана алмайтындығы туралы ережеге қатысты өзгертулер..." деп жазылған құжатта.

Белсенді соттан жарлықты заңға қайшы деп тануды сұрайды.

Қазақстанда Конституция жобасы бойынша референдум 15 наурызда өтеді.

Ақорда конституциялық түзетулерді «жаңа тарихи дәуірдің талаптарына сәйкес мемлекетті қайта құру және қоғамдық сананы жаңарту» қажеттілігі ретінде түсіндіреді. Ресми Астана бұл түзетуді екі палаталы парламенттен бір палаталы парламентке көшудің бөлігі ретінде мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға бағытталған қадам ретінде ұсынады.

Жоба мәтінімен танысқан заңгерлер мен құқық қорғаушылардың айтуынша, жоба президенттің билігін күшейте түседі, биліктің заң шығарушы тармағының рөлін төмендетіп, азаматтардың құқығын шектейді.

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі құрылымына енетін Дезинформацияға қарсы іс-қимыл орталығы Конституция жобасы президент билігін күшейтеді деген пікірлерді жоққа шығарып, оларды "аңыз" деп атады.

Былтыр Әлнұр Ілияшев Балқаш маңына салынайын деп отырған АЭС Ресей жалға алып отырған әскери полигон Сарышағаннан небәрі 30 шақырым жерде орналасқанын, ал бұл қауіпсіздік талаптарына сәйкес еместігін атап өтіп, үкіметті сотқа берген еді. Бірақ сот оның өтінішін қанағаттандырмады.