Белсенді Амангелді Жахиннің ісі бойынша тергеу аяқталды

Белсенді Амангелді Жахин. Астана, 15 желтоқсан 2022 жыл

"Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшілерінің бірі Амангелді Жахиннің ісі бойынша тергеу аяқталды. Бұл жөнінде адвокаты Бақытжан Омарханов Азаттыққа хабарлады.

"Тергеу өткен аптада аяқталған, іс прокуратураға жолданды. Әрі қарай сотқа жіберіледі" деді адвокат.

Адвокаттың сөзінше, Жахинге “тыйым салынған ұйымның ісіне араласу” және “экстремистік ұйымды қаржыландыру” баптары бойынша айып тағылған.

10 ақпанда белсенділер адвокатпен бірге Көкшетау қаласындағы изоляторға барып, белсендінің жағдайын білген.

“Адвокаттың айтуынша, Амангелді қатты арықтап кеткен. Ол бұрыннан-ақ арық еді, ал соңғы екі айдың ішінде тіпті одан да қатты салмақ тастаған. Бұл оның денсаулығына қатысты үлкен аландаушылық туғызады. Адвокат Амангелдімен жеке кездесіп, егжей-тегжейлі сөйлесті. Оның айтуынша, Амангелді Жахинге катысты кылмыстык іс аяқталған, тергеу тәмамдалып, іс сотқа жолданнып жатыр. Амангелді тоғыз томдық іспен толық танысып шыққан. Адвокаттын мәліметінше, алдағы уақытта, шамамен наурыз айында, сот процесі басталуы мүмкін. Амангелді өзіне қолдау білдіріп жатқан барша жандарға үлкен алғысын жеткізді” деп жазылған құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина жариялаған жазбада.

"Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшілерінің бірі Амангелді Жахин былтыр қарашада қамалған еді. Қазір ол Көкшетаудағы тергеу изоляторында қамауда отыр. Ол бұған дейін қоғамдық-саяси мәселелерге пікірін ашық айтып, саяси белсенділерді қолдап, сол үшін талай әкімшілік жауапқа тартылған.

Қазір "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың кейбір өкілдері қамауда, кейбірі үйқамақта, кейбірі әкімшілік жауапқа тартылған.

Топ жетекшісі, марафоншы, белсенді Марат Жыланбаев 2023 жылы "экстремистік ұйым жұмысына араласты, оны қаржыландырды" деген айыппен 7 жылға түрмеге қамалған. Сот ұйғарымында Жыланбаев "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы экстремистік ұйым деп танылғанын біле тұра Астана қаласы аумағында "ҚДТ" ұйымының қызметіне белсенді түрде араласып, Мұхтар Әблязов ұйымдастырған заңсыз митингілерге қатысқан деп көрсетілген.

2018 жылы Қазақстан соты шетелге қашқан банкир, Қазақстан билігін сынап жүрген Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" оппозициялық қозғалысын (ҚДТ) "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған.

Жуырда Семейде "тыйым салынған ұйымның" ісіне араласу және "экстремистік ұйымға дем беру" баптары бойынша тағы бір белсенді Нұржан Сембаев қамалған.