Белсенді Санжар Боқаев екі айға қамалды

Белсенді Санжар Боқаев

19 наурызда Алматының тергеу соты белсенді Санжар Боқаевты екі айға қамады. Бұл ақпаратты адвокат Диас Ахметовке сүйенген журналист Вадим Борейко хабарлады.

Адвокаттың айтуынша, Боқаевтың жақындары оған кепілдік беруші ретінде сөйлеген, алайда сот мұны ескермеген. Боқаев ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматыдағы тергеу изоляторында қамауда болмақ.

Боқаевтың ұсталғанын бас прокуратура 18 наурызда хабарлаған. Прокуратура "Боқаев аса ірі мөлшерде қаржыны алаяқтық жолмен жымқырды, жалған ақпарат таратты және қоғамды теріс пікір қалыптастыру мақсатында видео жариялады" деген.

Боқаев ұсталған күннің ертесінде желіде бір адам түскен, бірақ мазмұны бір-біріне қайшы видео жарияланды. Бірінші видеода ер адам "полиция мені Боқаев пен оның көмекшісі Ұланға қарсы жалған куәлік беруге мәжбүрледі, азаптады" деп жыларман күйде сөйлейді. Видео Алматы қалалық полиция департаментінің кіре берісінде екі ай бұрын түсірілген. Оны түсірген адвокаты Диас Ахметов.

Бұл видеоның ізін ала 19 наурызда таңертең осы адамның басқа видеосы шықты. Оны анонимді телеграм арналар таратты. Видеода ол өзін Түркістан облысының тұрығыны Ахлиддин Хамракулов деп таныстырған жігіт бұған дейінгі видеода айтқандарынан бас тартады және оған мәжбүрледі деп өзінің адвокатын айыптайды. Бұл видеоны Хамракулов өз еркімен түсірді ме, жоқ па анықтау қиын.

Санжар Боқаев - соңғы жылдары жемқорлық пен заңсыздықты әшкерелейтін видео, сараптамаларымен танылған белсенді. Ол елдегі утиль алымына да қарсы шыққан.

Санжар Боқаев былтыр желіде Алматы қаласы Баум бағындағы мыңдаған ағашты кесіп тастағанын көрсеткен. Бұған қоса, Үлкен Алматы өзені бойындағы гранит тастарды әлдекімдер бас пайдасына жарату үшін әкетіп жатқанын әшкерелеген.

Боқаев желіде видеолары көп тарай бастаған тұста оның Instagtram-парақшасы өшірілген. Кейін белсенді АҚШ-қа кетіп, елге қайта оралған еді.

Сарапшылар оның ұсталуына қатысты түрлі пікір айтты. "Ар.Рух.Хақ" қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның сөзінше, осыдан бір ай бұрын Санжар Боқаевтан елден неге кеткенін сұрағанда ол елде "құқықтық мемлекет жоқ екенін", "мемлекет жемқорлықты тергеудің орнына олигархтарды қорғайтынын" айтқан. Құқық қорғаушы Евгений Жовтис "кезекті саяси науқан алдында билік қоғамдық пікір қалыптастыратын азаматтық белсенділерді қудалауға кірісті деуге болар. Басқадай болжам жоқ" деген еді.