Билік шетелден қаржы алатындар тізімін жаңартты. Онда кімдер бар?

Астанадағы министрліктер үйі (көрнекі сурет)

Үкімет шетелден қаржы алатын жеке және заңды тұлғалар тізімін жаңартты. Оған 2025 жылдың бірінші жартысында шеттен қаржы алғандар енгізілген. Арасында құқық қорғау ұйымдары, жеке азаматтар мен заңды тұлғалар бар.

Қазақстанның қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік кіріс комитеті жариялаған тізімді 188 жеке тұлға мен ұйым бар. Тізім нақты қай күні жаңартылғаны белгісіз. Оған 2025 жылдың алғашқы жартысында шетелден қаржы алғандар енгізілген.

Биыл бірінші рет жарияланып отырған тізімге Қазақстанға танымал құқық қорғау ұйымдары, қоғамдық қорлар, шетелдік кейбір коммерциялық ұйымдардың өкілдіктері, сонымен бірге жекелеген журналистер мен блогерлер енгізілген.

Биыл қараша айында қаржы министрлігі шетелден қаржы алатын ұйымдардың бірыңғай базасын жасап, есеп берудің жаңа формасын бекіткен еді. Оған сәйкес, шетелден қаржы алатын ұйымдардың қаржы көздері мен алатын қаржы көлемі ашық жарияланбақ. Құжат 2026 жылғы 1 қаңтарда күшіне енеді.

Осыған дейін бірқатар құқық қорғаушылар мұндай деректердің ашық жариялануы "жеке басқа қол сұғу және жеке деректі қорғау" мәселесін туындатуы мүмкін деген қауіп айтқан.

Қазақстанда мұндай тізім алғаш рет 2023 жылы жарияланған. Сол кезде құқық қорғаушылар мен сарапшылар оны ресейлік "шетел агенттері тізіміне" ұқсатқан. Ресейде оны билікке сын айтатын тәуелсіз журналистер мен белсенділерге қарсы қысым құралы ретінде пайдаланады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ CPJ шетелден қаржы алатындардың тізімі жариялануына алаңдаушылық білдірді

Қазақстанның мемлекеттік кіріс комитеті бұған дейін мұндай қадам "үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдарға деген қоғам сенімін арттыруға бағытталған" деп мәлімдеген еді.

Алайда сарапшылар мұны азаматтық қоғамға қысым жасау деп біледі.

Халықаралық Transparency International ұйымы "бұл қадам Қазақстанда тәуелсіз БАҚ пен азаматтық қоғамның дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін" деп айтқан.

Қазақстандық құқық қорғаушылардың кейбірінің айтуынша, билік жариялаған тізім толық емес, себебі онда шетелден қаржы алатын мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдар туралы ақпарат жоқ.

Қаржы министрлігі мемлекеттік органдар ашық жұмыс істегендіктен оларды тізімге алудың қажеті жоқ, ақша қалай жұмсалғанын олардың ресми сайттары арқылы көруге болады деген.

"Эксклюзив" журналының жазуынша, 2023 жылы тізім алғаш жарияланған соң бірнеше күннен кейін одан ресейлік "Газпромбанктің" Қазақстандағы өкілдігін алып тастаған. Қаржы министрлігі "есептен қате кеткен болуы мүмкін" деп, оның себебін сол күйі нақты түсіндіре алмаған.

Қазақстанда шетелден қаржы алатын үкіметтік емес ұйымдар 2016 жылдан бері салық органдарына есеп бере бастаған. Заңға 2015 жылы енгізілген тиісті өзгерістер ұйымдарды қызметкерлері, активтері, демеушілері мен іс-әрекеті туралы Қазақстанның құзырлы органдарын хабардар етіп отыруға міндеттейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Сегрегация" ма, "сенімді арттыру" ма? Шетелден қаржы алатындар тізімін жариялау не үшін керек?