Binance $6,3 млрд активке әсер еткен хакерлік шабуыл туралы хабарлады

BINANCE-UK/

Әлемдегі ең ірі криптобиржалардың бірі Binance 6,3 миллиард долларлық активке әсер еткен кибершабуылдан кейін шоттарды толықтыру мен қаражатты шешіп алу операцияларын уақытша тоқтатты. Binance-тің ресми мәлімдемесінде серіктестерінің көмегімен шамамен 3 миллиард долларлық активтің қозғалысына шектеу қойып үлгергені айтылған.

Binance-тің алдын ала мәліметі бойынша, хакерлік шабуыл жасаған адамның қолына биржа инженерінің ноутбугы түскен, сол арқылы платформаның ішкі жүйесіне кірген. Осылайша қаражатты рұқсатсыз шығару туралы сұраулар жіберілген. Компания криптовалюта әмияндарының құпия кілттері сыртқа тарағаны анықталған жоқ дейді.

Binance барлық шығынды өз қаражаты мен пайдаланушыларды қорғауға арналған SAFU резервтік қоры есебінен өтеуге уәде етті. Компания клиенттердің қаражаты қауіпсіз екенін айтып, активтерді іздеу және қайтару үшін құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Тергеу аяқталған соң оқиға туралы толық есеп жарияламақ.

Хакерлік шабуыл туралы хабар тарағаннан кейін криптовалюталардың бағасы төмендеді. Reuters агенттігінің мәліметінше, биткоин бағасы соңғы алты аптадағы ең төменгі деңгейге түсіп, 77,6 мың долларға дейін арзандаған. Ал эфирдің бағасы соңғы екі айдағы ең төменгі көрсеткішке жетіп, шамамен 2239 доллар болған. BNB токені бір тәулікте 8 пайызға арзандады.

  • Binance бұған дейін де ірі хакерлік шабуылға ұшыраған. 2019 жылғы мамырда шабуыл жасағандар шамамен 7 мың биткоин ұрлаған. Ол кезде оның құны 40 миллион доллардан асқан.
  • 2025 жылғы ақпанда Bybit криптобиржасы да хакерлік шабуыл салдарынан шамамен 1,5 миллиард долларынан айырылды. Сол кезде сарапшылар бұл оқиғаны криптовалюта тарихындағы ең ірі ұрлық деп атаған. АҚШ федералдық тергеу бюросы шабуылды Солтүстік Корея хакерлерінен көрді. Ал Binance-ке жасалған қазіргі шабуылдың артында кім тұрғаны әзірге белгісіз.
  • 2026 жылғы сәуірде Қырғызстанда тіркелген Grinex криптобиржасы да хакерлік шабуылға ұшырағанын хабарлап, жұмысын тоқтатқан. Компанияның мәліметінше, шабуыл жасағандар клиенттердің 1 миллиард рубльден астам, яғни шамамен 13 миллион доллар қаражатын ұрлаған. Биржа шабуылға «достық ниеті жоқ мемлекеттердің» арнайы қызметтерін айыптағанымен, бұл мәлімдеме тәуелсіз түрде расталмаған. Grinex АҚШ, Ұлыбритания және Еуроодақтың санкция тізіміне енгізілген. АҚШ билігі оны Ресейге қарсы санкцияларды айналып өтуге көмектесті деп айыптайды.