"Бипэк Авто – Азия Авто" бұрынғы басшыларына сырттай үкім оқылды

"Азия Авто" директорлар кеңесінің төрағасы Анатолий Балушкин мен сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев. Өскемен, 29 маусым 2016 жыл

Өскемен сотында "Бипэк Авто – Азия Авто" компаниялар тобының бұрынғы басшылары Анатолий Балушкин мен Ерік Сағымбаевқа сырттай үкім оқылды. Екеуі алаяқтық және салықтан жалтару баптары бойынша кінәлі деп танылып, Балушкин – 9 жыл түрме, Сағымбаев 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды деп жазды жергілікті БАҚ.

Балушкинге 190-бап ("Алаяқтық") 4-бөлік 2-тармағы бойынша айып тағылған. 9 жыл түрме жазасынан бөлек, ол 10 жыл коммерциялық ұйымдарда басшылық қызметін атқару құқығынан айырылған. Сағымбаев "Алаяқтық" және "Салықтан жалтару" баптары бойынша кінәлі танылған. Сот үкімі бойынша ол да он жыл коммерциялық ұйымдарда қызмет атқару құқығынан айырылды.

Ақпаратқа қарағанда, 2020 жылы "Бипэк Авто – Азия Авто" холдингі Өскеменде автомобиль зауытын салуы керек болған. Мемлекет 174 миллиард теңге көлемінде салық және кеден жеңілдіктерін беріп, қолдау көрсеткен, алайда холдинг келісімшартты орындамаған деп айтылады. Сол жылдары компания аталған жоба түрлі себептермен жүзеге аспағанын мәлімдеген. Арасында көлік нарығының қысқаруы, теңге бағамының тұрақсыздығы және қаржымен байланысты қиындықтар да бар.

2021 жылдың тамызында Қазақстан билігі "Бипэк Авто — Азия Авто" компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Анатолий Балушкинге іздеу жарияланғанын хабарлаған. Қазақстан соты оны қамауға алу жөнінде сырттай санкция берген. Балушкин мен оның командасы сот шешіміне қарсы бірнеше рет шағым түсірген. "Азия-Авто" екі мыңнан астам қызметкерін таратып, кәсіпорын кейбір бағыттарын жапқан. Балушкин 2020 жылы өткізген баспасөз конференциясында "үш зауытқа да толық тексеріс жүргізіп, кімнің мемлекеттің қандай ақшасын алғанын, қайда қалай салғанын" көргісі келетінін айтқан.