31 тамызда Қырғызстан астанасында жаңадан салынған "Бішкек Арена" стадионында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты өтті.
6 қыркүйекке дейін жалғасатын бұл жарыс Ыстықкөлде өтеді. Биыл оған қатысуға Австралия, АҚШ, Аргентина, Армения, Әзербайжан, Бангладеш, Бахрейн, Грузия, Үндістан, Индонезия, Иран, Испания, Қазақстан, Моңғолия, Польша, Ресей, Өзбекстан және басқа да елдерді қоса алғанда, әлемнің 100-ден астам елінен 3 мыңға жуық спортшы өтініш берген деп хабарлады ұйымдастырушылар.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Қазақстаннан 150-ден астам спортшы қатысады.
Дүйсенбі күні "Бішкек Аренадағы" ашылу салтанатына Қырғызстан астанасында басталатын Шынхай Ынтымақтастық ұйымы саммитіне барған мемлекет басшылары, соның ішінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – көшпенділер өркениеті мәдениетін, салт-дәстүрін және ұлттық спорт түрлерін сақтап, қайта жаңғырту және оны насихаттауды көздейтін халықаралық жоба. Сонымен қатар бұл іс-шара оған қатысушы мемлекеттер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға, өркениеттер диалогын дамытуға және халықтар бірлігі мен бейбітшілікті дәріптеуге бағытталған.
Бұған дейін Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2014, 2016, 2018 жылдары Қырғызстанда, 2022 жылы – Түркияда, ал 2024 жылы Қазақстанда өткен.