Блогер, белсенді Ұлан Шәмшет медициналық куәландырудан бас тартқаны үшін 15 тәулікке қамалды. Бұл жөнінде адвокат Диас Ахметов Facebook желісінде хабарлады.
Адвокаттың сөзінше, бұған дейін полиция қызметкерлері оның үйіне барып, үйін тінтіп, тыйым салынған заттар таппаған.
Оның сөзінше, осыдан кейін полицейлер Шәмшетті медициналық куәландыруға жеткізген.
"Ол бас тартты. Бұл полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбау туралы айыпқа түрткі болды" деді адвокат.
Полиция оның үстінен 667-бап бойынша ("Билік өкілінің талабына бағынбау") хаттама толтырған.
"Қорғау жағы соттың назарын мына жайттарға аудартуға тырысты: ол онкологиялық аурудан зардап шегеді, үшінші топ мүгедегі, денсаулығы сыр берген, тұрақты түрде медициналық бақылауды қажет етеді. Сот осы жайттарды назардан тыс қалдырды" деді адвокат.
Ол шешімге шағым түсіретінін айтты.
Ол жуырда осыған ұқсас жағдайда Ресейдің Украинаға басқыншылығын сынап жүрген және елде тәуелсіз православ шіркеу құрмақ болған бұрынғы дін қызметкері Иаков Воронцов ұсталып, ізінше қамалғанын алға тартады.
"Бүгін үкіметті сынаған журналист ұсталды. Ертең не болмақ? Келесі кім? Оқиғалардың осылайша өрбуі немен байланысты? Әрбір жағдайдың заңнамалық жай-жапсары болады - бағасын сот береді. Бірақ қоғамның сұрақ қоюына құқығы бар" деп жазды адвокат.
Almakz.info сайтының редакторы Ұлан Шәмшеттің YouTube-та 17 мыңнан астам жазылушысы бар арнасы бар.
Алматы полиция тінтуге қатысты хабарлама таратқан жоқ.