Қазақстан билігі екінші деңгейлі банктерді кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліпке «Алтыналмас» алтын өндіру компаниясын сатып алу үшін 1 млрд доллардан астам несие беруге ынталандырып отыр. Бұл туралы Bloomberg жағдайдан хабардар дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
Басылым мәліметінше, мәміленің жалпы құны – шамамен $3 млрд. Оның үштен бірін банктердің несиесі жабуы мүмкін. Қалған қаражатты Мүтәліп басқа көздерден тартпақ. 23 қарашада Central Asia Resources Holding 1,53 млрд долларлық облигация шығарған.
Бұған қоса, қазақстандық банктерге Мүтәліптің Glencore-дан «Қазцинктің» 70 пайыз үлесін сатып алуына да қаржылай қолдау көрсету ұсынылған. Алайда бұл мәмілені халықаралық банктер қаржыландыруы мүмкін. «Қазцинк» активтерінің құны шамамен 5 млрд доллар деп бағаланады. Glencore компанияны сатқаннан кейін де оның өнімдерін сатып алу құқығын сақтап қалуы ықтимал.
Биыл ақпанда Reuters пен Bloomberg Мүтәліпке тиесілі құрылымдар Glencore-мен былтырдан бері "Қазцинктің" 70 пайыз үлесін сатып алу бойынша келіссөз жүргізіп жатқанын жазған. Бірақ содан бері келісімнің аяқталғаны жөнінде хабар болмаған.
Мүтәліп бұған дейін Астана қаржы орталығында KazZinc Group Ltd компаниясын тіркеген.
Bloomberg дереккөздерінің айтуынша, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өткен айда ірі бизнеске несие беру талаптарын жеңілдеткен. Жаңа ережелер Қазақстанда 60 мыңнан астам қызметкері бар кен өндіруші компанияларды қаржыландыру кезінде банктерге көбірек мүмкіндік береді. Басылым бұл өзгерісті Мүтәліптің мәмілелерін қолдаумен байланыстырады.
Bloomberg сауалына «Алтыналмас», Glencore, Halyk Bank, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен «Бәйтерек» холдингі жауап бермеген.
Шахмұрат Мүтәліп — Integra Construction KZ құрылыс компаниясының бенефициары әрі ERG тобының 39,3 пайыз үлесінің иесі. Биыл Forbes Kazakhstan басылымы Шахмұрат Мүтәліпті алғаш рет ең бай кәсіпкерлер рейтингіне қосып, оның байлығын 482 миллион доллар деп бағалады.