Украинадағы соғыс жөнінде ресейшіл ұстанымымен белгілі Болгария президенті Румен Радев отставкаға кететінін жариялады. Сарапшылар ол алдағы уақытта премьер-министр болуды көздеп осындай шешім қабылдаған болуы мүмкін деп топшылайды.
Телеарнадан сөйлеген сөзінде Радев бұл "президент ретіндегі соңғы үндеуі" екенін айтып, вице-президент Илияна Йотова оған "лайықты ізбасар болатынын" мәлімдеген.
Румен Радевтің президент қызметіндегі өкілет мерзімі енді бір жылдан соң – 2027 жылғы қаңтарда аяқталуы тиіс еді. Алайда жуырда үкімет тарағаннан кейін Радев алда болатын кезектен тыс парламент сайлауына жеке саяси партия құрып қатысу үшін мерзімінен бұрын отставкаға кетуді ұйғарған сияқты деген жорамал айтылып жатыр.
Болгарияда президент негізінен рәсімдік міндет атқарады, ал кең өкілеті бар билікке премьер-министр ие.
Болгария кейінгі төрт жыл ішінде сегізінші рет парламент сайлауға жақын отыр деп жазды Reuters. Парламентте бытыраңқы фракция тым көп болғандықтан осыған дейінгі сайлауларда жеңіске жеткен күштердің көпшілік дауысқа ие болуға немесе тұрақты коалиция құруға талпынысы сәтсіз болған.
Жақында тараған коалициялық үкімет шамамен бір жылға жуық жұмыс істеді. Алайда жаңа бюджетке қарсы жаппай наразылықтар мен сыбайлас жемқорлық жайлы дау-дамайлар былтыр желтоқсан айында үкіметті отставкаға кетуге мәжбүр етті. Келесі сайлау алдағы бірнеше айдың ішінде өтуі тиіс.
Бұрын Болгария әуе күштерін басқарған Румен Радев бір жыл бұрын Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясында өзін кремльшіл саясаткер ретінде тағы бір мәрте көрсетті. Жиында сөйлеген сөзінде ол "Киссинджер жоспарын" еске салып , "Украина егемен, демократиялық және еркін ел болу үшін" оның жерінің бір бөлігін беруге болады деген пікір айтқан. Сол жолы Радев "нақты мүмкіндік үшін күресуге" шақырған еді.
Радев НАТО-ның әрекеттерін жүйелі түрде сынға алып келді, ал оның көптеген мәлімдемесі Кремльдің ресми ұстанымдарымен үндесетін. Ол Украинаның Ресей басқыншылығынан қорғану әрекеттерін де ашық айыптаған.
2023 жылғы наурыз айында Еуроодақ саммитінде Украинаға арналған 1 миллион снаряд сатып алу мәселесі талқыланған кезде Румен Радев өз елінің бұл бастамаға қатысуына келісім бермеді. Сондай-ақ ол болгариялық оқ-дәрілерді үшінші елдер арқылы Украинаға жеткізуге де қарсы болған.