Болгарияның Бургас және Варна порттарын Транскаспий халықаралық көлік дәлізі жобасына қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы Қазақстан мен Болгария президенттерінің Астанадағы кездесуінің қорытындысы бойынша Ақорда хабарлады.
Болгария президенті Румен Радев Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Астанаға ресми сапармен келді. Ақорда екі президент өткізген келіссөзді "нақты уағдаластықтарға қол жеткізілген мазмұнды кездесу" деп сипаттады.
"Мәселен, біз Қазақстан мен Болгария арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту мәселесіне айрықша назар аудардық. (...) Мұнай-газ, жаңартылатын энергия көздері, "жасыл" энергетика, атом өнеркәсібі, цифрландыру, инновациялар, жасанды интеллект, ғарыш өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, мәдени-гуманитарлық байланыстар мен туризм салаларындағы бірлескен бастамаларды жүзеге асырудың аса маңызды екендігі айтылды", – деген Тоқаевтың сөзін келтірген президенттің баспасөз қызметі.
Бұған қоса тараптар көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықтың өзектілігін атап өтті. Болгарияның Бургас және Варна теңіз порттарын Транскаспий халықаралық көлік дәлізі жобасына қосу мәселесін пысықтауға келісті. Бұл дәліз – стратегиялық маңызы бар сауда бағыттарының бірі саналады.
Қасым-Жомарт Тоқаев көлік және логистика саласындағы ынтымақтастық жөніндегі бірлескен жұмыс тобын құруды ұсынған.
"Біз Болгарияның ғарышты зерттеу мен технологиялар, қорғаныс өнеркәсібі салаларындағы озық тәжірибесін зерделеуге және осы бағыттар бойынша бірлесіп жұмыс істеуге мүдделіміз. Болгар делегациясының құрамында Болгарияның ірі кәсіпкерлері бар. Қазақстан біздің нарықта жұмыс істеуге тілек білдірген болгар компанияларына барынша қолайлы жағдай жасауға дайын. Мен қазақ-болгар іскерлік кеңесін құруды ұсындым, бұл біздің елдеріміздің іскер топтары арасындағы өзара байланысты нығайтады", – деген Тоқаев.
Ал Румен Радев Болгария Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі стратегиялық серіктес санайтынын айтты.
"Мен табыс кілті – өзара ынтымақтастық екеніне сенімдімін. Біздің арамыздағы және Еуропа одағы мен Қазақстан арасындағы байланыстарды ары қарай дамытуда біз мемлекеттеріміздің Азия мен Еуропа арасындағы маңызды стратегиялық көпір ретіндегі географиялық орналасуына толықтай сүйенуіміз қажет", – деген Болгария президентінің сөзін келтіреді Ақорда.
Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Румен Радев бірқатар меморандумға қол қойды. Олардың арасында Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға қатысты келісім де бар.
Ресей Украинаға қарсы басқыншылық соғыс бастағаннан кейін Қазақстан билігі Транскаспий логистика бағыттарын дамыту қажеттігін жиі айтып жүр. Ең жиі айтылатыны – Қазақстан мұнайын экспорттауға арналған Транскаспий дәлізі.
Мысалы, биыл көктемде Қазақстан мұнай экспортын Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы арттыруға ниетті деген ақпарат тараған. Транскаспий дәлізі – Ресей аумағы арқылы өтетін Каспий құбыр желісі консорциумына (КҚК) балама бағыт болып саналады. Қазақстандық сарапшылар үкіметті Ресейге тәуелді экспорт бағыттарынан арылуға үндеп, аймақта жанжал тұтанып, ушыға қалған жағдайда бұл тәуелділік зор қауіп-қатерге айналуы мүмкін екенін ескерткен.