БҚО-дағы автобус апаты: 24 бала ауруханаға жеткізілген, үшеуі травматологияға жатқызылды

31 наурызда түсте Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Подстепное ауылы маңында болған автобус апатынан 24 бала зардап шекті.

Олар облыстық ауруханаға жеткізілген. Үшеуі травматология бөліміне жатқызылған: олардан бас сүйегінің жабық жарақаты және ми шайқалуы анықталған. 21 оқушы амбулаторлық емдеуге жіберілген. Бұл жөнінде “Мой город” жазды.

“Барлық баланы дәрігерлер қарады. Тиісті диагностика жүргізілді. Балалардың жасы 7 мен 12 жаста” деді аурухананың хирургия қызметінің жетекшісі Дәурен Құсмағанбетов.

Зардап шеккен 20 бала Подстепное ауылындағы мектепте оқиды. Қалған төрт бала маршрут автобусында жолаушы болған.

“Мектеп автобусы бағдаршамда тұрған, №12 жолаушылар автобусы артынан келіп соғылды. Мектеп автобусында 20 бала болған. Барлығы отырған, жандарында кезекші мұғалім болды. Мектеп автобусы ереже бұзған жоқ. Барлық бала травма пунктіне әкелінді, ата-аналары шақырылды. Барлық балаға медициналық көмек көрсетілді” деді Подстепное мектебінің директоры Жадыра Тұрсынова.

Полицияның айтуынша, жол апатына үш көлік қатысқан.

«Самара – Шымкент» республикалық тас жолының бойымен келе жатқан маршруттық автобус алдында тұрған мектеп автобусының артқы жағына соғылған. Соққы пәрменімен мектеп автобусы инерция арқылы алдында тұрған Ford Galaxy автокөлігіне барып соғылды» деп хабарлады БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полицияның хабарлауынша, қоғамдық көлік жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.