Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силва 25 қазанда өткен президент сайлауының екінші турында жеңіске жетті. Бюллетеньдердің 100 пайызға жуығы саналғаннан кейін ол 51,79 пайыз дауыс жинағаны белгілі болды. Қарсыласы сенатор Флавиу Болсонару 48,21 пайыз дауыс алған.
Дауыс санаудың алғашқы кезеңінде Болсонару Лула да Силвадан бір пайыз алда келе жатқан.
Бразилияның бұрынғы президенті Жаир Болсонарудың ұлы Флавиу Болсонару нәтиже жарияланғаннан кейін жеңілісін мойындаудан бас тартып, сайлау қорытындысының күшін жоюды талап етті. Оның айтуынша, нәтижені мойындау «мүмкін емес», себебі «ойын ережесі өзгертілген».
Наразылыққа Бразилия Жоғарғы сотының дауыс беруді екі сағатқа ұзарту туралы шешімі себеп болды. Алайда BBC-дің жазуынша, дауыс беруді ұзартуды екі кандидаттың да сайлау штабы сұраған.
Лула да Силваның командасы Сан-Паулу мен Баия штаттарында автобус жетіспегендіктен сайлаушылар учаскелерге жете алмай жатқанын айтқан. Болсонарудың штабы елдің оңтүстігі мен Сан-Паулудағы қатты жаңбырды негізгі себеп деп атаған.
Болсонару заңгерлері сайлау нәтижесін жоюды талап етіп, сотқа арыз дайындайтынын хабарлады. Бірақ Бразилия тарихында президент сайлауының күші бұрын-соңды жойылып көрмеген.
- Сайлау қорытыдысы бекітілсе, 81 жастағы Лула да Силва төртінші президенттік мерзімін бастамақ. Ол 2002 және 2006 жылдардағы сайлауда жеңіп, Бразилияны 2003–2010 жылдары басқарған. Араға үзіліс салып, 2022 жылы сайлауда жеңіп, билікке қайта оралған.
- Лула да Силва – социал-демократиялық бағыттағы солшыл-орташыл "Еңбекшілер партиясының" өкілі.
- Сайлаудың бірінші кезеңі 2026 жылғы 4 қазанда өтті. Сол кезде кандидаттардың ешқайсысы елу пайыздан артық дауыс жинай алмай, ең көп дауыс алған екі үміткер екінші кезеңге өткен.