Әлемдік нарықта халықаралық эталон саналатын Brent маркалы мұнайдың бір баррелінің бағасы 6 пайыз өсіп, 100 долларлық межеден асты. Мұндай баға бұған дейін мамыр айының басында болған еді.
Таяу Шығыстағы жағдай қайта шиеленісіп кеткен шақта мұнай бағасы бесінші күн қатарынан өсіп отыр. Қызыл теңізде танкерлерге шабуыл жасалғаны мұнай бағасына әсер еткен негізгі себептердің бірі болды. Иран іс жүзінде жауып тастаған Ормуз бұғазынан бөлек әлемдегі мұнай тасымалының тағы бір маңызды теңіз жолы осы еді.
Иран қолдау көрсететін йемендік хуситтердің Сауд Арабиясының екі мұнай танкеріне шабуыл жасағаны мұнай тасымалының болашағына байланысты қауіпті күшейтіп, бағаның өсуіне түрткі болды.
Қысқа мерзімді тыныштықтан кейін АҚШ пен Иран арасындағы қарулы қақтығыс қайта жанданған. АҚШ күштері бейсенбі күні Иран нысандарына тағы да әуеден шабуыл жасады. Он екінші түн қатарынан жалғасып жатқан шабуылдарға Тегеран да қарымта қайтарып, аймақтағы кейбір елдердегі америкалық нысандарды атқылаған. Вашингтон Иранның инфрақұрылымы мен негізгі ядролық нысандарына қосымша шабуылдар жасаймыз деп сес көрсетті.