Брюссельде Қазақстан мен ЕО арасында бес құжатқа қол қойылды

Еуропа комиссиясының президенті Урсула фон дер Ляйен, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Еуропа кеңесінің президенті Антониу Кошта. Брюссель, Белгия. 23 маусым, 2026 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге сапары аясында Қазақстан мен Еуропа одағы арасында әуе тасымалы, көлік жолдары, минералдар мен металдар салаларында 5 құжатқа қол қойылды. Бұл жөнінде Ақорданың ресми телеграм-арнасы хабарлады.

Құжаттарға қол қою рәсіміне Қазақстан басшысымен бірге Еуропа кеңесінің президенті Антониу Кошта және Еуропа комиссиясының президенті Урсула фон дер Ляйен қатысты.

Қол қойылған құжаттар арасында Қазақстан үкіметі мен Еуроодақ арасындағы Әуе тасымалының кейбір аспектілері туралы келісім бар. Еуропа одағының ресми баспасөзі таратқан ақпаратқа қарағанда, одақтың Қазақстанмен екіжақты келісімге отырмаған 17 елінің әуе компаниялары Қазақстанға жолаушы тасымалдауға мүмкіндік алады. Бұған қоса қазақстандық «Air Astana» компаниясы мен Airbus компаниясы арасында 50 әуе кемесіне дейін тапсырыс беру келісіміне қол қойылды.

Бұған қоса Қазақстан көлік министрлігі мен Еуропа қайта құру және даму банкі интеллектуалды көлік жүйесін енгізу және «Е-жолдары» цифрлық платформасын жасақтауға грант бөлу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумды бекітті. Еуропа инвестиция банкі Қазақстанда жолдарды қаржыландыру бойынша меморандумға қол қойды. Урсула фон дер Ляйеннің Х парақшасындағы мәлімет бойынша, Транс-Каспий транспорт дәлізіндегі жолдарды талапқа сай ету мақсатында 150 миллион еуро несие бөлінетін болды.

Бұған қоса Қазақстан өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Еуропа қайта құру және даму банкі арасында минералдар мен металдар саласындағы озық тәжірибелік орталық құруға арналған техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропа кеңесі президенті Антониу Коштамен және Еуропа комиссиясының президенті Урсула фон дер Ляйенмен кездесуде Астана мен Брюссель арасындағы байланыс өте жоғары деңгейге жетті деді.

Келіссөздер барысында ЕО мен Қазақстан арасындағы білім, ғылым, мәдениет және азаматтар арасындағы қарым-қатынас мәселелері де талқыға түскен. Еуроодақпен визалық режимді жеңілдету және реадмиссиялау жөніндегі келісімдер бойынша келіссөздер аяқталғаны айтылды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 22 маусымнан бері Бельгияның Брюссель қаласында ресми сапармен жүр.