Бұрынғы банкир Жомарт Ертаев бостандыққа шықты

Жомарт Ертаев

"Ірі көлемде ақша жымқырғаны" үшін сотталған, 8 жылдан астам уақыт түрмеде отырған бұрынғы банкир Жомарт Ертаев бостандыққа шықты. Оның босатылғанын ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті растады.

"Сотталушы жазасын толық өтегеннен кейін босатылды. Дегенмен, заңнамаға сәйкес, алты жыл мерзім әкімшілік бақылауда болады" деді комитет өкілдері.

Ертаев 2018 жылы Қазақстан билігінің сұрауымен Мәскеуде ұсталған. Ресей оны Қазақстанға экстрадициялады.

2020 жылы қарашада Алматы соты оны RBK Bank-те істеген кезде 2011-2017 жылдары аралығында қызметтік өкілетін пайдаланып және өзгелермен алдын ала сөз байласу арқылы қылмыстық жолмен алынған ақша мен басқа да мүлікті ірі көлемде жылыстатты, 144 млрд теңге (сол кездегі доллар бағамы бойынша шамамен 266 млн доллар) қаражат жымқырды деген айыппен кінәлі тауып, 11 жыл түрме жазасын кескен. Кейін апелляциялық инстанция түрме жазасын 9 жылға дейін қысқартты.

Тергеу мен айыптау мәліметтері бойынша, Ертаев банк төрағасының кеңесшісі болып жүріп, жалған компанияның несие алуына жағдай жасаған. Бірақ бұрынғы банкирдің өзі несие беруге ықпал етпегенін айтады. 2017 жылы дағдарысқа ұшыраған банк Ертаевтан қарызды өтеуді немесе Almatel Kazakhstan (Алма-ТВ) компаниясындағы үлесін беруді талап етті. Кейін оның үстінен алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол мұны "өз бизнесін тартып алу талпынысы" деп атады.

2021 жылы бұрынғы банкир "жалған астық түбіртектерін кепілге қойып, банк несиелерін жымқырғаны" үшін тағы 9 жыл түрмеге қамалды. Сол кезде сот Ертаевтың алғашқы ісі бойынша үкімін 11 жылдан 9 жылға дейін қысқартқан еді.

Былтыр қыркүйекте Ертаев рақымшылықпен бостандыққа шыққан еді. Алайда бірқатар депутаттың наразы мәлімдемесінен кейін бас прокуратура сот қаулысын жойған.