Астана соты бұрынғы шенеунік Ержан Бабақұмаровтың өліміне айыпталған ер адамды 11 жыл түрмеге кесті.
Сотталушы – 37 жастағы Е.К есімді адам “Адам өлтіру” бабы бойынша кінәлі деп танылған. Үкім биыл 20 ақпанда шыққан, күшіне енген. Бірақ ол жөнінде енді ғана жарияланып отыр. Үкім шыққанын Астана соты Tengrinews агенттігіне берген ресми жауабында хабарлады.
Сот жабық өткен. Судья қаза болған Ержан Бабақұмаровтың кәмелетке толмаған баласын қорғау үшін сотты жабық еткен.
Ержан Бабақұмаров былтыр қазанда Астанада төбелес кезінде соққыға жығылып, қаза болғаны хабарланған еді. Іс материалдарына қарағанда, өзара таныс адамдар сөзге келіп қалып, ізінше төбелескен. Бабақұмаров төбелес кезінде алған жарақаттан көз жұмған.
Ержан Бабақұмаров еңбек жолын 90-жылдары Алматы әкімдігі аппаратынан бастаған. Кейін президент әкімшілігіне ауысып, ақпараттық орталыққа жетекшілік еткен.
2006-2007 жылдары мәдениет, ақпарат және спорт вице-министрі болды.
Тоқаев президенттікке келгеннен кейін шамамен үш ай президенттің кеңесшісі болды. Ізінше Алматы қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалып, Қаңтарға дейін сол қызметте болды.
Қанды Қаңтардан кейін Бабақұмаров жұрт алдына шықпай кеткен.