БҰҰ арнайы баяндамашысы Қазақстанды шешен белсендісі Мовлаевты Ресейге бермеуге шақырды

Мансур Мовлаев

БҰҰ-ның Ресейдегі адам құқығы ахуалы жөніндегі арнайы баяндамашысы Мариана Кацарова Қазақстан билігін шешен белсендісі Мансұр Мовлаевты қандай жағдай болмасын, Ресейге бермеуге шақырды. Ол белсендіні қабылдауға дайын үшінші елге жіберуді ұсынды.

«Ол азаптаудың құрбаны болған. Мен Қазақстан билігін Мовлаевты ешбір жағдайда Ресейге бермеуге шақырамын. Бұл адам құқықтарын өрескел бұзу болар еді. Мовлаевқа қатысты біздің еш күмәніміз жоқ, жеке өзім де сенімдімін: егер оны Ресейге қайтарса, шешен билігі оны қайтадан азаптап қана қоймай, өлтіруі мүмкін. Бұл — саяси қуғын-сүргіннің айқын мысалы! Қазақстан билігінің бұл адамға қорғаныш беруден бас тартып отырғанын түсінбеймін. Қазақстан Мансұрды Ресейге бермейді және билік оның қандай қауіпке тап болатынын түсінеді деп үміттенемін. Біз бәріміз Қазақстан билігінің қандай шешім қабылдайтынын бақылап отырмыз. Қазақстан үкіметіне Мовлаевты қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын үшінші елге жіберуге кеңес беремін», — деді Мариана Кацарова.

Ол бұл сөзін "Эхо" эфиінде айтты.

Ол сонымен бірге Мансұр Мовлаевқа үндеу жасап, өз-өзіне қол жұмсамауды өтінді.

Бұған дейін Мансур Мовлаевты Ресейге экстрадициялауға дайындап жатқаны хабарланған еді. Мансур Мовлаев Алматыдағы тергеу изоляторында бейнебақылау камерасын сындырғаны айтылған.

Құқық қорғаушылар Мовлаевтың бұл әрекетін Қазақстанда қалуға бағытталған «шарасыз қадам» деп бағалайды. Олардың айтуынша, белсенді Ресейге қайтарылса, азаптауға ұшырап, өміріне қауіп төнуі мүмкін деп қорқады.

«Азаттық Азия» Мансур Мовлаевтың жағдайына байланысты Қазақстанның Бас прокуратурасына ресми сауал жолдаған. Әзірге жауап келмеді.

Шешен белсендісі Мансур Мовлаев 2025 жылдың мамыр айынан бері Алматыда экстрадициялық қамауда отыр, Мәскеу оны беруді талап етіп отыр. Құқық қорғаушылардың дерегінше, Мовлаев өз отанында қудалауға, азаптауға ұшыраған. Ол Қырғызстанға кетіп қалған. 2023 жылы Қырғызстан билігі оны шекараны заңсыз кесіп өткені үшін алты айға соттап, жазасын өтеп шыққаннан кейіннен елден шығарылсын деген қаулы қабылдаған. Қырғызстаннан Қазақстанға келген Мовлаев мұнда бір жылдан астам уақыт басқа атпен өмір сүрген.

Отанында оған бопсалау айыбы тағылған. Адвокаттар ол іс 2022 жылы, Мовлаевты ұрлап әкетіп, азаптап, телефонын тартып алған кезде ойдан құрастырылған деп мәлімдеді.

Қазақстандағы изоляторда отырған кезде Мовлаев пана сұрап өтініш берген. 2025 жылдың аяғында өтінішіне жауап алды: Астана оны критерийлерге сай келмейді деп тапты.

2026 жылдың қаңтарында Бас прокуратура Мовлаевты экстрадициялауды сұраған Ресейдің өтінішін қанағаттандырды. Алайда ақпанда БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитеті экстрадицияны тоқтата тұруға негіз ретінде шұғыл қамтамасыз ету шараларын қолдана отырып, Қазақстанға Мовлаевты Ресейге беруге тыйым салды.

Көп ұзамай Қазақстанның Жоғарғы соты экстрадициялау процесін уақытша тоқтатты. 12 айлық экстрадициялық қамау мерзімі аяқталса да Мовлаев қамауда қалды.

Қыркүйек айында кассация алқасы Мовлаевтың паналатуды сұраған өтініші қанағаттандырылмайтыны туралы шешімді күшінде қалдырды. Сот ұйғарымы шыққан соң бес күннен кейін Мансур Мовлаев өзіне қол салуға әрекет жасады.

Қазан айында Қазақстанның Бас прокуратурасы шешен белсендісі Мансур Мовлаевты Ресейге беруге кедергі болатын "құқықтық негіз жоқ" деп мәлімдеді. Адвокаттар Бас прокуратураның жауабында БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің қамтамасыз ету шаралары туралы шешімі "ұсыныс сипатында" деп аталғанына алаңдаушылық білдірді, ал құқық қорғаушылар ол шаралар экстрадицияны тоқтата тұруға негіз болатынын айтады.

Қазір Алматының тергеу изоляторында экстрадициялық қамауда отырған ресейлік белсенді Юлия Емельянованың басындағы жағдай да осыған ұқсас. Ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың Петербургтегі штабының бұрынғы қызметкері 2025 жылдың тамыз айында Алматы әуежайында – Грузиядан Вьетнамға Қазақстан арқылы ұшып бара жатқан жолда ұсталған. Қазақстан билігі оны Ресейдің сұрауы бойынша ұстап, қамаған.

Қыркүйектің аяғында 150-ден астам құқық қорғаушы Астананы Мовлаев пен Емельянованы Ресейге бермеуге үндеді. Қазақстан билігі бұл мәлімдемеге ешқандай реакция білдірген жоқ.