БҰҰ бас хатшылығы: Қазақстан СІМ БАӘ ұсынған кандидатқа қолдау білдірді

Қазақстан сыртқы істер министрлігі.

Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерінің сыртқы істер министрі, БАӘ-нің БҰҰ жанындағы бұрынғы тұрақты өкілі Лана Заки Нусейбенің кандидатурасын БҰҰ-ның бас хатшысы лауазымына ұсынуды құптайды және осы бастаманы қолдайды. 22 қазанда Қазақстан сыртқы істер министрлігі осылай деп мәлімдеді.

БАӘ БҰҰ хатшысы қызметіне елдің сыртқы істер министрі Лана Заки Нусейбені ұсынған еді. Қазақстан СІМ бейсенбі күнгі мәлімдемесінде БҰҰ бас хатшысының сайлауына халықаралық қауымдастықтың ерекше назар аударып отырғанын жазады.

“Сайлау процесі Қауіпсіздік кеңесінде консенсусқа қол жеткізудегі белгілі бір қиындықтармен қатар жүріп отыр. Бұны бейресми дауыс берудің алдыңғы раундтарының нәтижелері куәландыруда. Осыған орай Қазақстан үміткерлер ортасының кеңеюін құптап, мұны сындарлы диалогты жалғастыру және өзара қолайлы шешім іздеу үшін қосымша мүмкіндік ретінде қарастырады” деп жазылған хабарламада.

Қазіргі бас хатшы Антониу Гутерриштің өкілеті биыл 31 желтоқсанда аяқталады.

Бұған дейін халықаралық БАҚ ресми кандидаттардың ешқайсысы Қауіпсіздік кеңесінің ортақ қолдауын әзірге ала алмай отырғанын, БҰҰ хатшысын таңдау тығырыққа тірелгенін жазған еді. Британдық The Guardian басылымы БҰҰ Бас хатшысы қызметіне ықтимал бейресми үміткерлер арасында Қасым-Жомарт Тоқаевты атаған.

Қазақстан президенті Біріккен Ұлттар Ұйымындағы лауазымды қызметке бару ниеті жоқ екенін бірнеше рет қайталаған.

Сарапшылар Тоқаевты БҰҰ Бас хатшысы лауазымына ұсыну нұсқасы Тоқаевтың өзіне көбірек қажет деп санайды. Сарапшылардың айтуынша, басты тартыс қазан-қарашадағы жабық дауыс беру процесінде өрбіп, негізгі үміткер желтоқсанда анықталуы мүмкін.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

БҰҰ-дағы биік лауазымға ықтимал үміткерлер арасында Тоқаевтың есімі неге қайта аталды?