Британдық The Guardian басылымы БҰҰ Бас хатшысы қызметіне ықтимал бейресми үміткерлер арасында Қасым-Жомарт Тоқаевты атады. Әзірге негізгі үміткерлер қатарында Қауіпсіздік кеңесінің мақұлдауын алған кандидат жоқ. Бұл процесс тығырыққа тірелсе, бейресми үміткерлер алға шығуы мүмкін. Тоқаев бұған дейін БҰҰ-дағы қызметке бармайтынын айтқан.
Қазіргі бас хатшы Антониу Гутерриштің өкілеті биыл 31 желтоқсанда аяқталады. Бірақ ресми кандидаттардың ешқайсысы Қауіпсіздік кеңесінің ортақ қолдауын әзірге ала алмай отыр. БҰҰ Бас хатшысын сайлау тығырыққа тірелсе, не болады? Өзге жасырын үміткерлер кімдер? Тоқаев БҰҰ-ға шақырылуы мүмкін бе?
ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЛУ ҚАУПІ
БҰҰ бас хатшысын тағайындау – бір жылдан аса уақытқа жалғасатын процесс. Негізгі кандидат Қауіпсіздік кеңесінің 5 тұрақты және 10 тұрақты емес мүшесінің жабық дауыс беруі кезінде анықталады. Ол үшін кеңестің 15 мүшесінің кемінде тоғызы оны қолдауы керек, ал ең бастысы, бес тұрақты мүшенің бірде-бірі қарсы дауыс бермеуі шарт. Бұл тұрақты бестікке АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Ресей және Қытай кіреді. Бүгінге дейін олар 4 рет жабық дауыс беріп, әзірге ортақ мәмілеге келе алмаған.
БҰҰ жарғысына сәйкес, Бас хатшыны Бас ассамблея сайлауға тиіс. Бірақ бұл тәжірибе ешқашан қолданылған емес. Мәселе әрдайым Қауіпсіздік кеңесі деңгейінде шешіліп келді. Қауіпсіздік кеңесі үнемі бір ғана кандидатқа тоқталады, ал Бас ассамблеяның міндеті осы таңдауды мақұлдаумен шектеледі. Тіпті, негізінен, дауыс беру де өткізілмей, дәстүр бойынша кандидаттың аты-жөні аталған соң сайлау Бас ассамблеяның қолдауымен рәсімделетін. Бұл жолы бәрі басқаша өрбуі мүмкін. Сонда түрлі кандидаттар шығуы ықтимал дейді саясатанушы Виктор Ковтуновский.
Саясаттанушы Виктор Ковтуновский.
Кейінгі бір жылда бұл қызметке 9 адам үміткер болды, оның екеуі жарыстан шығып үлгерді. Кандидаттар қатарында МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси, БҰҰ Бас ассамблеясының бұрынғы президенті Мария Фернанда Эспиноса, Коста-Риканың бұрынғы вице-президенті әрі БҰҰ сауда және даму жөніндегі конференциясының жетекшісі Ребека Гринспен, Сенегалдың бұрынғы президенті Маки Салл, Гайананың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Кэролин Родригес-Биркетт, Уганданың бұрынғы сыртқы істер министрі Олара Отунну және Эквадор дипломаты Ивонн Абдель Баки бар.
Кейінгі үш айдағы 4 дауыс беру нәтижесі бойынша Ребека Гринспенді 9 ел жақтады. Бірақ оған Ресей мен Қытай қарсы. Гринспен Мәскеу мен Пекиннің қолдауын ала алмаса, жарыстан шығады. Одан кейінгі кандидат Кэролин Родригес-Биркеттке де Кеңестің 6 мүшесі қарсы дауыс берген. Ал қалған үміткерлерге қарсы дауыс бергендер тіпті көп. Бастапқыда басты фаворит саналған Чилидің экс-президенті Мишель Бачелетке 11 ел қарсы болған, ол сөйтіп жарыстан біржола кетті. Бір қызығы, Кеңес бір адамға нақты тоқталмайынша дауыс беру өте береді.
Коста-Риканың бұрынғы вице-президенті Ребека Гринспен
Биылғы үміткерлер арасында әйелдер көп. Себебі, кейінгі екі сайлауда ұйымды әйел басқаруы керек деген пікір жиі айтылды. Оның үстіне, бас хатшы ротация тәртібімен әр құрлықтан болуы керек деген тағы бір бейресми ереже бар. Қазіргі кандидаттардың көбі Латын Америкасынан болғаны да содан. Себебі кезек осы өңірге келген. Әйтсе де, саясаттанушы Виктор Ковтуновский бұл бейресми ережелер осы жолы ескерілмей қалуы мүмкін дейді.
"Қазір мұндай ұстанымдармен санаспайтын өте күшті ойыншылар бар. Бұл қағидатпен Путин де, Си Цзиньпин де, Трамп та санаспайды. Мысалы, Трамптың Тоқаевқа деген пейілі өте жақсы екенін көрдік. Сондықтан бәрі осы ойыншылардың, оның ішінде Ресейдің немесе Қауіпсіздік кеңесінің басқа да мүшелерінің Бас хатшы жөніндегі шешімді бұғаттап, мәселені тығырыққа тіреуге барар-бармасына байланысты. Ондайда екі ғана жол қалады: не Бас ассамблея Бас хатшысыз қалады және бұл үлкен саяси дағдарысты білдіреді, не тараптар бәрібір бір ымыраға келеді" деді Ковтуновский Азаттыққа.
"КОМПРОМИС" КАНДИДАТ
Қауіпсіздік кеңесіндегі бес тұрақты мүше мәмілеге келе алмаса, үміткерді сырттан іздейді. The Guardian ресурсының қосымша есімдерді атап отырғаны да содан. Бірақ оның нақты тізімі келтірілмейді, тек бірқатар есімдер аталғанын жазған. Айта кету керек, материалды жазған Патрик Уинтур – дипломатия тақырыбында ұзақ жыл жазып келе жатқан өте тәжірибелі журналист, бұл салада сенімді дереккөзі көп.
БАӘ-нің БҰҰ-дағы елшісі Лана Нусейбе.
Британдық журналист атаған ықтимал жаңа үміткерлердің екеуі әйел адам: Біріккен Араб Әмірліктерінің сыртқы істер министрі Лана Нусейбе және БҰҰ Бас хатшысының бұрынғы орынбасары, голландиялық саясаткер Сигрид Кааг. Одан кейін, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты, Венгрияның бұрынғы басшысы Виктор Орбан мен сербиялық саясаткер Вук Еремичті атайды. Автор Тоқаевты "полиглот" деп сипаттағанымен, Орбанды "Трамп жақсы көретінін, ал Еуропаның көп басшылары популист деп жақтырмайтынын" да қосады.
Сигрид Кааг.
Әзірге аталғандардың ешбірі ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Британдық басылым мәселенің түйткілін АҚШ пен Қытай арасындағы ымыра шешуі мүмкін дейді.
"Мәселенің анық-қанығы кейінірек, дауыс беру кезінде Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері түрлі-түсті бюллетеньді пайдаланғанда ғана белгілі болады. Шын мәнінде, түпкі шешім АҚШ президенті мен Си Цзиньпин арасындағы саяси саудаға байланысты. Трамп Қытайдың БҰҰ болашағына көбірек алаңдайтынын қабылдауы керек, ал бұл – Қытай қалап отырған және АҚШ көнуге дайын кандидатты бекіту деген сөз" деп жазды The Guardian газеті.
Қосымша тізім деген әңгіменің айтылуы жайдан-жай емес. Ресми үміткерлердің ешқайсысы таңдалмай, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі тығырыққа тірелген жағдай бұрын да болған. 1981 жылы үшінші мерзімге ұмтылған австриялық Курт Вальдхаймға Қытай 16 мәрте вето қойса, Пекин қолдаған танзаниялық Сәлім Ахмет Сәлімді АҚШ өткізбей тастаған. Басқа кандидаттарға Мәскеу қарсы болды.
БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш (сол жақта) пен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана, 3 шілде 2024 жыл.
Сол кезде Қауіпсіздік кеңесі жыл соңына дейін апта сайын жабық жиын өткізіп, бас қатырған. Уақыт таяған сәтте, тараптар перулік дипломат Хавьер Перес де Куэльярға амалсыз тоқтайды. Қызығы сол, Куэльяр ешқашан бас хатшы болуға ұмтылып, науқан жүргізген емес. Мүше мемлекеттер оны басшылыққа бекітіп жатқанда, ол тіпті Нью-Йоркте де болмаған, Перу астанасы Лимада жүрген.
ТОҚАЕВТЫҢ ЖОСПАРЫ
Берлиндегі Карнеги орталығының Еуразияны зерттеуші ғалымы Темур Умаров Қазақстанда кейінгі бір жылда жүргізілген саяси реформалардың мәні билік транзитінде жатыр дейді. Ол бұл пікірін "Власть" басылымына айтқан. Сарапшының болжамы бойынша, Тоқаев бірнеше сценарий құрып отыр: бірінші — билікті вице-президент арқылы тапсыру; екінші — БҰҰ Бас хатшысы лауазымына таласу; үшінші — президент мерзімін жаңартып, қайтадан сайлану. Умаров вице-президент сценарийі қоғамға тиімді жол деп санайды, өйткені осы арқылы элитаның бір-бірімен қақтығысуына жол бермеуге, билікті беру процесін институттандыруға болады.
Тоқаевты БҰҰ Бас хатшысы лауазымына ұсыну нұсқасы Тоқаевтың өзіне көбірек қажет. Себебі оған бұл халықаралық деңгейде қауіпсіздікке кепілдік береді және ондай кепілдікті Қазақстанның өзінде алу мүмкіндігі өте қиын екенін түсінеді" деді Умаров.
Берлиндегі Карнеги орталығының сарапшысы Темур Умаров.
Мемлекетті басқарып отырған адам басқа қызметке кететінін алдын ала жариялауы неғайбыл деп санайды саяси сарапшы Виктор Ковтуновский. Оның долбары бойынша, ең дұрысы – ең соңғы сәтте "амалсыз келісім беру".
"Тоқаевтың қазіргі жағдайы өте күрделі әрі нәзік, өйткені ол — қызметтегі президент. Оған өз кандидатурасын өзі ұсыну саяси этикаға жатпас еді. Сондықтан мұндағы ең қолайлы сценарий, оған сырттан өтініш түсіп, соның нәтижесінде амалсыз келісім бергендей болуы деп ойлаймын. Егер ол БҰҰ тізгінін ұстауға ниетті екенін қазірден ашық жарияласа, ел ішінде үлкен дүрбелең туып, саяси элита бірден жаңа билік транзитінің қамына кірісер еді. Ал бұл Тоқаевтың өзіне де айтарлықтай ыңғайсыздық тудыратыны анық" дейді саясаттанушы.
Қазақстан президенті Біріккен Ұлттар Ұйымындағы лауазымды қызметке бару ниеті жоқ екенін бірнеше рет қайталаған. Былтыр "Ана тілі" газетіне шыққан сұхбатында Тоқаев Женевада үш жыл істеген тәжірибесі "артығымен жететінін", ал қазір "елді дамытуға арналған ауқымды жоспары" барын айтқан. Биыл Түркістан газетіне шыққан сұхбатында да сол ойын шегелеген.
Ал сәуірде Анталья дипломатиялық форумында ол Ұлттар ұйымы бас хатшысының кім болғаны емес, тиімді жұмыс істей алғаны маңызды деген.
Біріккен Ұлттар Ұйымының келесі Бас хатшысы кім болуы керек деп бәрі айтып жатыр. Ер адам ба, әйел адам ба, жынысы маңызды ма? Жоқ, бұл соншалықты маңызды емес. Ең бастысы – Біріккен Ұлттар Ұйымының әлемдегі тиімділігі мен беделін арттыру, деген еді президент Тоқаев.
Біріккен ұлттар ұйымы Қауіпсіздік кеңесінде дауыс беру осылай жалғасып, ресми үміткерлердің ешбірі өтпей қалса, жаңа кандидаттар шығуы мүмкін. Бұл қатарда Қасым-Жомарт Тоқаев та аталуы ықтимал дейді сарапшылар. Бірақ кезіндегі перулық Куэльяр сияқты ортақ ымырамен ұсыныс түскен күннің өзінде, Тоқаев Ақорданы тастап, Нью-Йоркке кетуге келісе ме, жоқ па, бұл да үлкен сұрақ. Сарапшылардың айтуынша, басты тартыс қазан-қарашадағы жабық дауыс беру процесінде өрбіп, негізгі үміткер желтоқсанда анықталуы мүмкін.