БҰҰ-ға мүше елуден астам ел Ресейді атысты дереу доғаруға шақырды

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысы (көрнекі сурет)

БҰҰ-ға мүше елуден астам мемлекет Ресейді Украинадағы атыс-шабысты дереу және ешқандай шартсыз толық тоқтатуға және бейбіт келіссөздерді қайта бастауға шақырып бірлескен мәлімдеме жасады. 24 тамыз күні – Украина тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай жасалған мәлімдемені Нью-Йорктегі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі отырысында Данияның сыртқы істер министрі Ларс Локке Расмуссен оқып берді.

"Адамдарға үлкен қайғы-қасірет әкелген бұл мағынасыз соғыс дереу аяқталуы керек", – делінген мәлімдемеде осыдан бір жарым жыл бұрын Украина ешқандай шартсыз атысты тоқтатуға келіскені айтылған.

АҚШ, кейінгі кездегі әдетіне салып, бұл мәлімдемеге қосылмады, бірақ екі тарапты да атысты дереу тоқтатып, келіссөз өткізуге шақырды. Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында АҚШ өкілі Дэн Негреа "бейкүнә бейбіт тұрғындардың қанын төгуді жалғастыру мағынасыз" екенін айтып, Ресей мен Украинаны азаматтық нысандар мен кемелерге шабуылдауды тоқтатуға үндеді.

Ол АҚШ араағайын рөлін атқаруды жалғастыруға дайын екенін және Украинаның "егемен және гүлденген мемлекет ретіндегі болашағын" қалайтынын атап айтты.

Ресей өкілі Василий Небензя өз сөзінде бейбіт келіссөзге үндеулерді қабылдамады. Ол "Ресеймен қауіп-қатер тілінде сөйлесіп, жергілікті жердегі шынайы жағдайды елемей отырған кезде Украинамен жанжал жөнінде мағыналы саяси және дипломатиялық диалог өткізу мүмкін емес" деп мәлімдеді. "Бізді жанжалды тоқтатуға мәжбүрлегісі келетін кез келген әрекет сәтсіздікке ұшырайды", – деді Небензя.

Украина өкілі Андрей Мельник Ресей өзі бастаған соғыста жеңіліске ұшырайды деп мәлімдеген. Ол сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесін Ресейдің әрекеттерін тоқтата алмағаны үшін сынға алды (Ресей бұл органда вето құқығына ие) және Украинаның серіктестерін баллистикалық зымырандарға қарсы тұруға қажет Patriot жүйесі зымырандарын беруге шақырды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соғысты "уақытша тоқтатқан дұрыс". Тоқаевтың Путинге айтқан сөзінің астарында не жатыр?Трамп Путинге "соғысты тоқтат" деп үнемі айтатынын мәлімдедіТрамп Ресейге қарсы шабуылдар соғыстың аяқталуын тездетуі мүмкін деген пікірге келіседі