8 қазанда БҰҰ-ның Азаптауға қарсы комитеті Юлия Емельянованы қорғау мақсатында берілген жеке шағым негізінде Қазақстаннан шағым қаралғанға дейін оны Ресейге экстрадицияламауды, депортацияламауды немесе басқа жолмен бермеуді талап етті.
Жеке шағымды 2026 жылдың 5 қазанында босқындардың құқығы бойынша маманданған адвокат Вадим Дроздов түсірді. Ол БҰҰ комитетіне шұғыл шара қабылдау туралы өтініш берді, өтініші қанағаттандырылды.
Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный штабының бұрынғы қызметкері Емельянова былтыр тамыздан бері Алматыда қамауда отыр. Ол Грузиядан Вьетнамға Қазақстан арқылы транзитпен ұшқан кезде Алматыда ұсталды. Қазақстан бас прокуратурасы Ресейдің оны экстрадициялау туралы өтінішін 2026 жылдың 27 қаңтарында қанағаттандырды.
БҰҰ комитеті жеке шағымды қарағанға дейін оған зиян келуі мүмкін жағдайда шұғыл шара қабылдайды. Шұғыл шаралар комитет істі қарағанға дейін статус-квоны сақтауға арналған, себебі егер жеке тұлға мемлекетке тапсырылып, оған азаптау немесе қатігез қарым-қатынас қатері төнсе, халықаралық қорғаудан пайда болмайды.
"Жедел шара қолдану – бұл маңызды қадам, алайда бұл экстрадиция қаупі толық сейілді дегенді білдірмейді. Юлия Емельянова мен Мансур Мовлаев Қазақстанда қамауда, ал оларды Ресейге экстрадициялау туралы шешім әлі күшінде. Сондықтан қазір Қазақстанның БҰҰ-ның тиісті шарттық органдарының шұғыл шараларын іс жүзінде орындауы өте маңызды" деді Вадим Дроздов.
Шұғыл шара туралы шешім қабылдаумен қатар, БҰҰ-ның Азаптауға қарсы комитеті Қазақстанға Юлия Емельянованың шағымының тіркелгені жөнінде хабарлап, мемлекетті алты ай ішінде істің мән-жайы бойынша жазбаша түсініктеме беруге үндеді. Қазақстанның ұстанымын алғаннан кейін комитет хатшылығы оны Юлия Емельянованың адвокаты Вадим Дроздовқа жолдайды, ол мемлекет келтірген дәйектер бойынша түсініктеме беру мүмкіндігіне ие болады.
Дроздов сонымен қатар Қазақстанда экстрадциялық қамауда отырған тағы бір Ресей азаматы Мансур Мовлаевтың ісімен айналысады. Мовлаевты да Ресей экстрадициялауды сұрап отыр. 2026 жылдың 23 ақпанында БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті шұғыл шара қолданып, Қазақстаннан Мовлаевтың ісі бойынша тыңдау өткенге дейін оны Ресейге экстрадицияламауды талап еткен. 2026 жылдың 5 қазанында БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті Астанаға оның ісі бойынша шұғыл шаралар күшінде екенін және Қазақстан оны экстрадицияламауы керек екенін еске салды.
Бұған дейін Қазақстан бас прокуратурасы шұғыл шаралар күшінде екеніне қарамастан Мовлаевты экстрадициялау бойынша ешқандай кедергі жоғын айтқан. Құзырлы орган шұғыл шараларды "кеңес ретінде" сипаттаған.
Алматыда 2025 жылдың мамырынан бері қамауда отырған Мовлаев қыркүйекте екі рет өзіне қол жұмсамақ болған. Қазақстан қылмыстық атқару жүйесі комитеті Мовлаевтың жағдайы тұрақты екенін айтқан.
Қазақстан азаптау және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынас пен жазаға қарсы конвенцияға қол қойған; ел БҰҰ азаптауға қарсы комитетінің құзыретін мойындап, Конвенцияның 22-бабына сәйкес жеке шағымдарды қарау міндеттемесін алған. Соның негізінде Юлия Емельянова шағым түсірді. Мансур Мовлаевтың шағымы БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті Қазақстан қол қойған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Факультативтік хаттама негізінде қаралып жатыр.
Осы рәсімдердің бір бөлігі ретінде екі комитет те шұғыл шара қолданды. Шұғыл шара – бұл жай ғана ұсыныс емес, процессуалдық қорғау тетігі. БҰҰ-ның шарттық органдары оны орындамауды мемлекеттің халықаралық міндеттемелерін бұзуы және жеке шағымдарды қарау процедурасына нұқсан келтіру ретінде қарастырады дейді Дроздов.
Бұған дейін 150-ден астам құқық қорғаушы, ғалым, журналист, қоғамдық ұйым өкілдері Қазақстанды Юлия Емельянова мен Мансур Мовлаевты Ресейге экстрадицияламауға шақырған.