Былтыр Қытайдан көлік әкелгендер мемлекетке берешек болып, шоттары бұғатталған

Қытайдың зауытынан BYD көліктерін сатып әкелген азаматтар наразылық білдіріп тұр. Алматы, 15 мамыр, 2026 жыл.

2025 жылы Қытайдан көлік әкелгендер мемлекетке жүздеген мың теңге қарыз болып қалды. Көп адам мұны бірнеше ай өтіп, банк шоттары бұғатталған кезде бір-ақ білген. 14 мамыр күні 15-ке жуық адам салық органдарының шешіміне наразылық білдіріп, Алматыдағы мемлекеттік кірістер департаментіне барды.

Жиналғандар былтыр ақпаннан қыркүйекке дейін Қытай зауытынан BYD көлігін алып, елге кіргізген. Кеден бекетіндегі тексеруден өтіп, тиісті төлемдерді төлеп, Қазақстанға келіп, айдап жүрген. Биыл көктемде бәрінің банк шоттары жаппай бұғаттала бастаған кезде, мемлекеттік кірістер департаментінен "кеденде бақылау жүргізілді, тауардың коды қате терілген" деген хабарлама алған. Орган осыған байланысты тауардың коды бойынша қайта есеп жүргізіп, әр көлікке 700 мыңнан 1 миллион 200 мыңға дейін салық төлеуді талап еткен.

Наразы топ "салық органдары бәріміздің банк шотымызды сотсыз, тергеусіз еш ескертпестен бұғаттап тастады" дейді.

Солардың бірі – Алматы тұрғыны Нариман Сәндібек. Ол BYD Destroyer 05 көлігін былтыр сәуірде алып келген.

– Құжатының бәрін заңмен рәсімдеп, Қазақстанның мемлекеттік нөмірін алып, кеденнен кедергісіз өттім. Содан бері бір жыл өтті, жақында компаниямның, яғни жеке кәсіпкерліктің банк шоты бұғатталып қалды. Сосын салық органдарына барып, не мәселе екенін анықтасам, мәселе былтыр Қытайдан алған көлігімде екен. Атыма қосымша 1 миллионнан астам салық жазып қойыпты. Егер маған сол кезде кеденнен өтіп жатқанда айтса, сол жерде төлейтін едім. Ал қазір кәсібім тұралап қалды, әрі органның шешімі заңсыз, – дейді Нариман Сәндібек.

Жиналғандардың сөзінше, Қазақстанда осындай мәселеге тап болған 5 мыңға жуық көлік иесі бар. Бірақ бұл ақпаратты тексеру мүмкін болмады.

Алматы қаласы бойынша осындай мәселеге тап болған 160-тан астам адамға хабарлама жіберілген. Мұны Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті камералық кеден тексеру бөлімінің басшысы Ержан Шадыров айтты.

"Сол 160-тың қазірге дейін үштен бір бөлігі қайта есептелген салықты өз еркімен төледі", – деді орган өкілі Шадыров. Жанында тұрған наразы топ оның бұл сөзіне шамданып "өз еркімен емес, шоттары бұғатталған соң, амалсыздан төледі" деп шулады.

– Біз кедендік ережелерді бұзу белгілерін анықтадық. Соған сай азаматтарға хабарлама жібердік. Бұл – тауарды алып келген жеке тұлғалардың өз кінәсі. Тауар кодын дұрыс қоймаған. Кеден органы, біз тек заңдылығын қараймыз. Ал аталған тауар Қазақстанға келмей тұрып, бізде ол бойынша кеден заңдылығы болмаған. Оны тауар шыққаннан кейін ғана анықтап отырмыз. Ал оған дейін бұл кісілер кедендік баж алынбайтын код қойған да, салық төленбейтіндей көрсеткіштерді көрсетіп, өтіп кеткен, – деді департамент қызметкері Ержан Шадыров.

Наразы азаматтың бәрі BYD көлігін былтыр қыркүйекке дейін, яғни кеденде жаңа тәртіп енгізілмей тұрып әкелген. Ал ереже қыркүйек айының аяғында күшіне енген. Жиналғандар жаңа ереже үшін көлігін бұрын кірігізіп алған азаматтар жауап бермейді деп наразы.

2025 жылдың қыркүйегіне дейін Қазақстанға кіргізілген көліктердің кедендік тауар коды гибрид көлік ретінде рәсімделген және ол Дүниежүзілік сауда ұйымы аясындағы жеңілдіктер тізіміне кірген. Соның арқасында азаматтар көлікті кеденнен жеңілдікпен өткізіп, барлық төлемді сол кездегі ереже бойынша толық төлеген.

Алайда 2025 жылдың қыркүйегінен кейін кеден органдары бұл көліктердің кодын қайта қарап, оларды басқа санатқа жатқызу керек деген ұйығарымға келген, яғни бұрын дұрыс деп есептелген код енді қате деп танылған. Код өзгерсе, соған байланысты барлық төлем де өзгереді: кедендік баж бен қосылған құн салығы қайта есептеледі.

Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі наразы адамдарға сотқа шағымданыңыздар деп кеңес берді, оған дейін ешбір банк шотын қайта аша алмайтынын ескертті.

Көлік иелері прокуратураға шағымданатынын, наразылық жиын өткізетінін айтты.