13 маусымда Астанада "Ақжол" партиясының съезінде Азат Перуашев партия төрағалығынан бас тартып, өзінің орнына Дания Еспаеваны ұсынды.
"Алға бастайтын кез келген көшбасшылық, егер оны үнемі ауыстырып отырмаса, монополияға айналып кетеді. Ал монополия балама идеяларға орын қалдырмайды, өзгенің бастамаларын тұншықтырып, культ қалыптастырады. Біз мұны жуырда мемлекет деңгейінде көрдік. Егер адам шынымен де өз өмірін арнаған істі дамытқысы келсе, ол уақытында "рахмет" айтуы керек" деп Перуашев шешімінің себебін түсіндірді.
Өңірден келген делегаттар бұл өздеріне "тосын сый" болғанын айтты, бірақ Еспаеваның кандидатурасын қолдады.
Осылайша съезде Дания Еспаева партияның төрағасы болып сайланды.
Еспаева 2019 жылы президент сайлауына қатысып, Қазақстан тарихындағы алғашқы әйел-кандидат атанған.
58 жастағы Азат Перуашев "Ақжолды" 15 жылға жуық басқарған. Дәл содан бері парламенттің бірнеше шақырылым депутаты да болған. Ол бұған дейін "штрафстан" деген сөзіне байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынына ұшыраған еді. Журырда ол президенттің сынын сабақ ретінде қабылдайтынын айтқан.
"Ақжол" – елде тіркелген сегіз партияның бірі. 2023 жылғы парламент сайлауында "Ақжол" ресми мәлімет бойынша, сайлаушылардың 8,41% дауысын алып, парламенттен 6 орын алған.
Елде тамызда құрылтай сайлауы өтетіні айтылып жатқан шақта саяси партиялар съездерін өткізе бастады. Бір күн бұрын биліктің Amanat партиясы "Әділетпен" біріккен еді.
Your browser doesn’t support HTML5
Перуашев Тоқаевтың "штрафстан" деген сынына не дейді?