Давоста Бейбітшілік кеңесі ұйымының жарғысына қол қою рәсімі өтті

Бейбітшілік кеңесі ұйымының жарғысына қол қою рәсімі. 22 қаңтар 2025 жыл.

Давоста АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесі ұйымының жарғысына қол қою рәсімі өтті.

Оған Трамптың ұйымға қосылу туралы ұсынысын қабылдаған Әзербайжан, Армения, Қазақстан, Өзбекстан, Пәкістан, Индонезия, Венгрия және өзге де ел басшылары қатысты. Трамптың ұсынысымен келіскен бірнеше басшы, арасында Беларустің авторитар басшысы Александр Лукашенко да бар, шараға қатыспаған. Кейбір елдерден шараға президент емес, одан төмен лауазымды қызмет иелері қатысқан. Жарғыға 18 мемлекет қол қойды. Төрағасы Трамп болды.

Трамп өз әкімшілігінің қақтығысты реттеудегі жетістіктеріне тоқталып, жуық арада Украинадағы соғыс та аяқталатын шығар деп үміт білдірген. Ол сонымен бірге жаңа ұйым БҰҰ-мен әріптестік орнататынын айтты. Радикалды ХАМАС тобын (АҚШ пен ЕО-да террористік ұйым танылған) қаруын тастауға шақырып, Газа секторындағы жағдай қалпына келеді деді.

Ақорда да Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесінің жарғысына қол қойғанын хабарлап, шарадан шағын видео жариялады. Онда Тоқаевтың Трампқа бірдеңе айтып жатқаны көрінеді, Трамп жымиып, оны құптағандай сыңай танытады.

Трамп төрағалық ететін бейбітшілік кеңесі БҰҰ-ны алмастыруы мүмкін деген қауіп және Трамптың саясатымен келіспеушілік бірқатар елдер, оның ішіне ЕО елдерінің бейбітшілік кеңестен бас тартуына түрткі болды. Ұлыбританияның сыртқы саясат ведомствосының жетекшісі Иветт Купер бейбітшілік кеңесінің жұмысына Ресей президенті Владимир Путинді шақырудан секемденгенін айтты.

Кремль әзірге Трамптың шақыруына реакция білдірмеді, алайда Путин кеңестің қорына АҚШ-та бұғатталған ресейлік актив есебінен миллиард доллар беруге дайын екенін айтты. Бейсенбі күні Палестина автономиясының басшысы Махмуд Аббаспен кездесу кезінде Путин бұл ақша Газа секторын қалпына келтіруге жұмсалуы керек деді. Ол сонымен бірге Аббасқа бейбітшілік кеңесі идеясын талқылауды ұсынған.