Швейцарияның Давос қаласында бейсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина басшысы Владимир Зеленский кездесті. Келіссөз шамамен бір сағатқа созылды.
Кездесуден кейін Трамп журналистермен сөйлесіп, кездесудің "өте жақсы" өткенін айтты. Трамптың айтуынша, ол Ресей басшысы Владимир Путинге Украинадағы соғыс тоқтатылуы керек деген месседж жіберген.
Украина президентінің кеңесшісі Дмитрий Литвин кездесудің "жақсы" өткенін айтты. Ізінше Владимир Зеленский Давос форумында сөйлеген сөзінде Дональд Трамппен әңгіменің қалай өткеніне тоқталды. Зеленскийдің айтуынша, олар қауіпсіздікке кепілдік беру, соғыстан кейінгі Украинаны қалпына келтіру, әуе қорғаныс жүйесін тасымалдау мүмкіндігі мәселелерін талқылаған. Зеленский Ақ үй басшысымен кездесудің "өнімді" өткенін айтты.
"Біз келіссөз топтарының жұмысын талқыладық" деді Зеленский X желісінде. Киев пен Вашингтон талқылаған құжаттар "енді одан да жақсырақ әзірленеді" деді.
"Менің ойымша, соңғы қашықтықты еңсеру өте қиын. Кез келген президентпен кез келген диалог кезінде мен өз елімнің мүддесін қорғауға тиіспін, сол себепті диалог оңай емес. Бірақ бүгін ол жақсы өтті – соның өзі жеткілікті" деді Зеленский. Оның сөзінен Азаттықтың Украин қызметі үзінді келтіреді.
Зеленский Швейцарияға бейсенбі күні барған. Оның сапары алдын ала хабарланбады. Трамп Давоста Зеленскиймен кездесетінін бір күн бұрын айтқан.
Екі президенттің кездесуіне журналистер қатыспады.
Кездесуге дейін екі басшы Украинадағы соғысқа қатысты соңғы оқиғаларды және АҚШ-тың бейбітшілік бастамаларын талқылайды деп айтылған еді. Сәрсенбі күні украин делегациясымен және одан бұрын Кремль өкілі Кирилл Дмитриевпен кездескен Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф тек бір ғана мәселе – жер мәселесі шешілмегенін айтты. Уиткофф және Трамптың тағы бір елшісі Джаред Кушнер бейсенбіде Владимир Путинмен кездесу үшін Давостан Мәскеуге аттанды.
Бұған дейін Зеленскийдің Ресей шабуылынан кейін Украинаның энергетика секторындағы қиындықтарға байланысты Давостағы форумға қатыспауы мүмкін екендігі туралы хабарланған еді.