20 қаңтар күні Швейцарияның Давос қаласында басталған Дүниежүзілік экономика форумында сөйлеген Франция президенті Эммануэль Макрон АҚШ президенті Дональд Трамптың кейінгі іс-әрекеттері мен мәлімдемелеріне қарсы уәжбен баға берді. Әйткенмен Трамптың өзіне тікелей сын айтпады.
Макрон әлемде қалыптасқан ережелер жойылып, тек күштінің сөзі жүрген заман тууы мүмкін деп алаңдайтынын айтты. Ол қара күш емес, заң үстемдігі болғанын жақтайтынын мәлімдеді. Макрон Трамптың Гренландияға қатысты талаптарын да, АҚШ-тың еуропалық сегіз елге баж салығын енгізетіні туралы сес көрсетуін де қабылдай алмайтынын тағы қайталады. Сонымен бірге ол одақтастарды "анағұрлым қуатты әрі тәуелсіз Еуропа" құру жолында бірлесе әрекет етуге үндеп, НАТО ұйымын сынға алды. Альянстың қазіргі ахуалы көңіл көншітпейді деді Франция президенті.
Көзіне қара көзілдірік тағып алып сөйлеген Макрон (ол бұған дейін жұрт алдына көзі қабынған күйде шыққан еді) осы форумға қатысатын Дональд Трамппен жеке кездесу жоспарым жоқ деп мәлімдеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп сейсенбі күні әлеуметтік желіде жариялаған, жасанды интеллект көмегімен жасалған суретте Канада мен Гренландия (Данияға қарасты автономиялық аумақ) АҚШ-тың бір бөлігі ретінде бейнеленген. Сондай-ақ НАТО бас хатшысы Марк Рюттемен телефонмен сөйлескеннен кейін Трамп Гренландияның "ұлттық әрі халықаралық қауіпсіздік үшін шешуші маңызға ие" екенін айтып, бұл мәселе бойынша "шегініс жайлы сөз болуы мүмкін емес" деп жазды.
Бұған қоса Трамп Макронмен екеуі жазысқан хаттардан үзінді жариялады. Онда Франция президенті бейсенбіде "Үлкен жетілік" елдерінің шұғыл кездесуін өткізуді, оған Дания, Ресей және Украина өкілдерін шақыруды ұсынғаны айтылған. Алайда кейінірек Макрон журналистерге ондай саммит өткізу туралы ешқандай шешім қабылданбағанын айтты.
Оның алдында Трамп Макронның ұстанымына байланысты, соның ішінде АҚШ президентінің бастамасымен құрылатын "Бейбітшілік кеңесіне" қосылудан бас тартқандықтан, АҚШ-қа баратын француз шараптарына 200 пайыз мөлшерінде баж енгізілуі мүмкін екенін жоққа шығармайтынын айтқан еді.
Давостағы биылғы форумда сөз алған өзге де еуропалық лидерлер АҚШ-ты сынға алып, Еуропаны күшейту қажеттігін айтты. Олардың қатарында Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен де бар. Форумға қатысқан АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент АҚШ пен Еуроодақ арасында "сауда соғысы" болуы мүмкін бе деген сұраққа берген жауабында жиналғандарды сабырға шақырды. Ол көшбасшылар шиеленісті ушықтырмай, өзара мәмілеге келіп, тиімді шешім табады деп үміттенетінін айтты.
АҚШ президенті Дональд Трамптың Давостағы жиында сәрсенбі күні сөйлемек. Вашингтоннан аттанар алдында ол Гренландия туралы тағы да пікір білдіріп: "Ол бізге қажет. Олар мұны істеуге тиіс. Олар оны қорғай алмайды. Гренландияның маңызы өте зор", – деп мәлімдеді.
Сейсенбі күні Давосқа Кремльдің арнайы өкілі Кирилл Дмитриев барғаны белгілі болды. Ол Трамптың арнайы өкілдерімен кездесіп, АҚШ-тың бейбітшілік жөніндегі бастамаларын талқылауды жалғастырады деген болжам айтылған. Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, 2022 жылдан бері алғаш рет Давос форумына Ресейдің жоғары лауазымды өкілі қатысып отыр.