Демократтар республикашылдар бақылайтын ондаған сайлау округінде көш бастап тұр

АҚШ-тың Иллинойс штатында дауыс беруге кезекке тұрған халық. 3 қараша 2026 жыл.

АҚШ-та 3 қарашада өткен Конгреске аралық сайлаудың алдын ала нәтижесі бойынша демократтар республикашылдар бақылайтын ондаған сайлау округінде көш бастап тұр. Бұл жөнінде CNN жазды. Осы сайлаудың нәтижесі президент Дональд Трамптың алдағы екі жылдағы саясатына елеулі әсер етуі мүмкін.

Сайлауалды сауалнама Демократиялық партия Конгрестегі екі палатаның кемінде бірінде басымдыққа ие бола ала алатындығын көрсетті.

CNN болжамы бойынша, Флорида штатында Өкілдер палатасының республикашылдар қайта бөлуге күш салған кемінде үш орны демократтарға өтуі ықтимал. Солтүстік Каролинада бұрынғы губернатор Рой Купер сенат сайлауында жеңіске жетіп, демократтар ұзақ уақыт бойы ала алмай келген орынға ие болды. Ал Джорджия штатында сенатор Джон Оссофф қайта сайланып, бұл орын демократтарда қалмақ.

“Америка дауысының” жазуынша, дегенмен республикашылдар Сенаттағы бұрынғы сенаторлар қызметінен кеткеннен кейін бос қалған бірнеше орынды сақтап қалды. Уайоминг штатында республикашыл Харриет Хейгеман, Кентуккиде Энди Барр, ал Оклахомада Кевин Херн жеңіске жетті. Бұл үш орын да бұған дейін Республикалық партияға тиесілі болған.

Ал демократтар Сенаттағы бос қалған екі орынды сақтап қалды. Иллинойс штатында демократ Джулиана Стрэттон, Нью-Гэмпширде Крис Паппас жеңіске жетті.

Сайлау қарсаңында республикашылдар Конгрестің қос палатасында да басымдыққа ие еді. Өкілдер палатасында олар – 218 орынды, ал Сенатта 53 орынды иеленген. Демократтарға Өкілдер палатасында басымдыққа ие болу үшін кемінде үш, Сенатта төрт орын қосып алу қажет.