Депутат бұрынғы шенеуніктердің Дубайдағы пәтерлерін тексеруді талап етпек

Kazakhstan – Erlan Sairov (Yerlan), Member of Mazhilis, Parliament’s lower house. Astana, 19 October 2022

Мәжіліс депутаты бұрынғы шенеуніктердің Дубайдағы пәтерлерін тексеруді талап ететінін айтты.

1 наурызда Дубайда Fairmont The Palm тұрғын үй кешені атқыланып, өрт шыққан. Әлеуметтік желіде ол жақта қазақстандық ауқатты азаматтар, оның ішінде қазақстандық бұрынғы шенеуніктерге тиесілі баспана зардап шеккен болуы мүмкін екені талқыланған.

Азаттық радиосының "Дубайдағы Қазақстан" зерттеуіне негіз болған C4ADS ұйымының 2022 жылғы дерегінше, онда қазақстандықтарға тиесілі 97 пәтер бар. Арасында бұрынғы сенат төрағасы Қайрат Мәмидің ұлы, Алматы облысының бұрынғы әкімінің әйелі Бағдат Баталова және өзге де тұлғалардың жылжымайтын мүліктері бар.

4 наурызда мәжіліс кулуарында депутат Ерлан Саиров бас прокуратураға өтініш сауал жолдап, бұрынғы шенеуніктердің шетелдегі мүліктеріне құқықтық баға беруді сұрайтынын айтты. Депутат қағаз жүзінде олар "заң бұзбаған да болуы мүмкін" деді, бірақ бас прокуратура бұған реакция білдіруге міндетті деп санайды.

“Моральдық тұрғыдан алғанда бұл дұрыс емес, тіпті адамдыққа да жатпайды” деді ол.

2024 жылы күзде Азаттық қазіргі және бұрынғы депутаттардың, құқық қорғау органдарының қазіргі және бұрынғы шенділерінің Дубайдағы мүлкі жайлы сериалы зерттеу жариялаған. Сол жылы бас прокуратура журналистердің "Дубайдағы Қазақстан" зерттеуі бойынша кімдер тексерілді?" деген сұрағына нақты жауап бере алмаған еді.

2022 жылы кемі 238 адам қаза тапқан Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін президент Тоқаев "Қазақстан байлығының жартысынан астамы 162 адамның қолында, ал Қазақстан халқының жартысының ай сайынғы кірісі 50 мың теңгеден аспайды" деп мәлімдеп, жағдайды дереу өзгерту қажеттігін айтқан еді.

Билік шетелге заңсыз шығып кеткен қаражатты елге қайтаруға уәде етіп, үкімет жанынан арнаулы комиссия жасақталған. Бас прокуратура жанынан Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитет құрылған.

2023 жылы жазда қабылданған "Заңсыз активтерді мемлекетке қайтару туралы" заңға сәйкес, дүние-мүлікті заңсыз иеленген жеке немесе заңды тұлға өз активін ерікті түрде қайтарса, жауапқа тартылмайды. Олардың аты-жөні қоғамға ашық айтылмайды.

Содан бері өткен кезеңде билік өкілдері экс-президенттің отбасы мүшелері шетелге заңсыз шығарған активтер мемлекетке қайтарылып жатқанын анда-санда мәлімдеп келді.

Алайда сыншылар заңсыз жолмен алынған дүние-мүлікті мемлекетке қайтару науқаны ашық жүргізіліп жатқан жоқ деп санайды. Қабылданған заңға қоғамда күмәнмен қарайтындар да аз емес. Кей сарапшы заңның кем-кетігі көп, "ақша ұрлауға мүмкіндік қалдырады" деп сынға алған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Дубайдағы Қазақстан: Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстарыДубайдағы Қазақстан: араб жеріндегі "қазақ үкіметі"Дубайдағы Қазақстан: әкімдерДубайдағы Қазақстан: қазіргі және бұрынғы депутаттар"Бәрін аша алмаймыз". Бас прокурордың орынбасары Азаттық зерттеуі туралы сұрақтарға жауап бердіДубайдағы Қазақстан. Мұнай-газ саласындағы бұрынғы топ-менеджерлердің қымбат мүлкіДубайдағы Қазақстан. Құқық қорғау органдарының қазіргі және бұрынғы шенділері