Депутат Перуашев президент Тоқаевтың сын сөзі сабақ болатынын айтты

Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Азат Перуашев

Қазақстан парламенті мәжілісіне "Ақ жол" партиясынан сайланған депутат Азат Перуашев "штрафстан" деген сөзіне байланысты ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынын сабақ ретінде қабылдайтынын айтты.

– Бұған дейін де ол сөзім [штрафстан] дұрыс емес екенін мойындағам, расында парламентте дөрекі сөз айтпай, мәдениетті түрде сөйлеуге міндеттіміз. Ал президенттің кешегі сөзіне келсек, өзіме ғана емес, басқа да біраз адамдарды сынға алды, бұл – жұмыс, тіршілік. Президенттің сөзін сынақ ретінде, сабақ ретінде қабылдап, ары қарай жұмыс істеуіміз керек, – деді 3 маусым күні Перуашев Азаттық тілшісіне.

Депутат Перушаев "штрафстан" деп айтқан сөзі қателік болғанын кейінгі жарты жылдың ішінде осымен екінші рет мойындап отыр.

Президент Тоқаев 2 маусым күні Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте "штрафстан, айыппұлстан" деген сөз айтқандарды сынға алған еді.

"Құқық қорғау мекемелері заң бұзушылықтарға қатаң шаралар мен жазаларды қолдануы керек. Кейбір елімізді жақтырмайтын, менсінбейтін кісілер, өкінішке қарай, солардың ішінде парламент депутаттары бар, құқықтық әрекеттерімізді "Штрафстан", "Айыппұлстан" деп атайды екен. Мейлі, өз ойларының келтелігін көрсете берсін" деген Тоқаев жиында.

Перуашев былтыр желтоқсанда парламентте Әкімшілік құқық бұзу кодексіне өзгеріс енгізу талқыланып жатқанда "сіздер елде штрафстан жасап жатырсыз" деген еді. Ал қаңтарда президент Тоқаев "шоу-бизнес өкілдері, өздерін қоғам белсендісімін деп жүрген жастар, тіпті депутаттар Қазақстанның беделіне қара күйе жағып жатыр" деп сын айтқан. Бұдан кейін Перуашев әлгі сөзіне өкінетінін айтып, "сәтсіз термин қолданып қойыппын" деп мәлімдеген.

Кейінгі жылдары жұрт Қазақстанда жол жүру ережелерін, салық, кәсіп жүргізу ережелерін бұзды деген шешімдер жиі шығып, елде айыппұл көбейгенін айтып, қоғамда "штрафстан" деген сөз пайда болған еді.