Диалог па, заңдастыру ма? ЕО Брюссельде "Талибан" делегациясын қабылдауға дайындалып жатыр

"Талибан" сақшылары көшені күзетіп жүр. Тамыз 2025 жыл.

Еуроодақ ауған мигранттарын қайтару мәселесі бойынша "техникалық келіссөз" жүргізу үшін алғаш рет Брюссельде "Талибан" өкілдерін қабылдауға дайындалып жатыр. Құқық қорғаушылар мұны қатаң сынайды.

ЕО "Талибан" үкіметін мойындамағанмен тәліптердің сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Абдул Қахар Балқы бастаған делегациямен кездесу 22 немесе 23 маусымға жоспарланған.

Брюссельге баратын ауған делегациясы Еурокомиссия, Еуропаның сыртқы байланыс қызметінің (EEAS) жоғары лауазымды өкілдері, сонымен бірге ЕО-ға мүше бірқатар елдің өкілдерімен келіссөз жүргізбек.

Келіссөзді көптеген тарап сынады, әсіресе БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі отырысында 3,8 миллионға жуық ауған қызы білім алуға қол жеткізе алмай отырғаны, жыл сайын 250 000 қыз білім беру жүйесінен шеттетілетіні анықталғаннан кейін мұндай сын жиілей бастады.

ЕО өкілі жақында өткен брифинг кезінде келіссөз "мойындауды білдірмейді" деп мәлімдеді.

Алайда мұндай мәлімдеме сыншылардың алаңдаушылығын арттырмаса басқан жоқ.

"Бұл ірі қателік" деді Брюссельдегі тәуелсіз CEPS талдау орталығының сарапшысы Шагофа Гафори.

"Ең жақсы дегенде Брюссель ауқымы тар саяси мүддеге бой алдырады, ал ең жаманы гендерлік апартеид пен террор режимін қалыпқа айналдырады. Мұны негізгі құндылықтар мен ұзақмерзімдік қауіпсіздікті құрбан ете отырып, көші-қон мәселесін қысқа мерзімде шешу үшін жасап отыр" деді ол.

ОРЫНДАЛМАҒАН УӘДЕЛЕР

"Талибан" 2021 жылдың тамыз айында халықаралық коалиция әскері Ауғанстаннан шығарылғаннан кейін билікке оралды.

Қозғалыс жетекшілері ауған азаматтарына көбірек бостандық пен құқық беруге уәде берген. Алайда бұл уәделер орындалмады. Керісінше, билік әртүрлі топтарға, әсіресе әйелдер мен қыздарға қарсы қудалауды күшейтті.

Өткен аптада елдің батысындағы Герат провинциясында бір топ әйелдің "хиджабты дұрыс кимегені үшін" ұсталуы бұған кезекті мысал.

Ертесінде сақшылар әйел құқығы мен бостандығын талап еткен наразылық акциясы кезінде әйелдерге қарсы оқ атқан. Куәгерлердің сөзінше, қақтығыс кезінде кемінде бір наразы қаза болған. Тәліптер құрбандар және ұстау туралы ақпаратты растамады.

Бельгия парламентінің депутаты Саския Брикмон "Талибан" делегациясының Брюссельге сапары "аса алаңдатарлық саяси сигнал" деп мәлімдеді. Брикмон тәліптерді "адам құқығын жаппай әрі жүйелі түрде бұзады" деп айыптап, үкіметке хат жолдау туралы бастама көтергендердің бірі.

"Біздің адам құқығы мен демократиялық құндылықтарға қатысты адалдығымыз ымыраға келмейтін мәселе болып қалуы керек" деді Брикмон Азат Еуропа/Азаттыққа берген сұхбатында.

Еуропарламенттің екінші депутаты Ханна Нойман әлеуметтік желіде "Талибан" өкілдерінің Брюссельге кіруіне рұқсат беру "әйелдерді жүйелі түрде қыспаққа алатын режимді заңдастыру" болады деп мәлімдеді.

"РЕПРЕССИЯ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР"

"Талибан" мамыр айының соңында 9 жастағы қыздардың некеге тұруын заңдастыратын жаңа заң қабылдады. Бұл "Талибанның" репрессиялық саясатының тоқтамайтындығының тағы бір белгісі.

Бұған қоса, қозғалыстың жетекшісі Хайбатулла Ахунзаданың смартфтон қолдануға тыйым салатын жаңа бұйрық шығарғаны да хабарланды.

Бұған дейін билік "салық төлемеді", "лиценциясыз істеді" және "хабар тарату стандартын сақтамады" деген желеумен үш радиостанцияны жапқан.

Сонымен бірге өзге радиостанцияларға бағдарламаларын "ислам принципі мен адамгершілік нормаларына" сәйкестендіру қажеттігін айтқан.

"Шекарасыз тілшілер" (RSF) ұйымының дерегінше, тәліптер билейтін Ауғанстан Дүниежүзілік баспасөз бостандығы индексінде 175-орында тұр. Одан төменде тек Сауд Арабиясы, Иран, Қытай, Солтүстік Корея және Эритрея тұр.

RSF есебінше, 2021 жылдан бері елде ақпарат құралдарының 43 пайызы жабылған. Ұйымның дерегінше, тәліптер билікке келгеннен кейін 165-тен астам ақпарат құралының өкілі қамалған, 25-і былтыр яғни, 2025 жылы түрмеге жабылған.

8 маусымда БҰҰ-ның арнайы уәкілінің орынбасары және БҰҰ миссиясының Ауғанстандағы жетекшісі Жоржетт Гагон Қауіпсіздік кеңесіне шамамен 7-18 жастағы 3,8 млн ауған қызы мектепке бару мүмкіндігінен айырылғанын айтты.

Ауған мектебінде оқып жатқан қыздар. Көрнекі сурет.

ЕУРООДАҚТЫҢ КАБУЛМЕН БАЙЛАНЫСЫ

Еуропалық Euractiv басылымының дерегінше, қаңтар айында ЕО және Бельгия билігі өкілдерінің Кабулға сапары өз кезегінде тәліптермен Еуропада кездесу өткізуге жол ашқан.

3 маусымда The Guardian басылымында жарияланған мақалада ауған парламентінің бұрынғы депутаты Фаузия Куфи қозғалыс өкілдерінің Брюссельге шақырылғаны туралы «қорқынышты жаңалықты» естігенде ЕО дипломаттарынан "Талибан" тұтқынында отырған отбасы мүшелерін босатуға көмектесуді сұрамақ болғанын жазды.

Куфи Азат Еуропа/Азаттыққа берген сұхбатында тәліптер билікте отырған кейінгі 5 жылда әйелдер іс жүзінде "екінші сұрыптағы" азаматтарға айналғанын, ал тәліптер әйел құқығын саяси сауда құралы ретінде пайдаланатынын айтты.

Еуроодақтың үш шенеунігіне сүйенген Euractiv жазуынша, тәліптермен келіссөз оларды мойындағандай болып көрінбес үшін тек техникалық сипатта болады.

Euronews-қа берген сұхбатында ішкі істер және көші-қон жөніндегі еурокомиссар Магнус Бруннер ЕО мен оған мүше елдер көші-қон мәселесі бойынша техникалық келіссөз жүргізу үшін тәліптер сияқты үкіметтермен қарым-қатынас орнатуы тиіс деді.

"Германия ауған азаматтарының депортациясы мәселесі бойынша тәліптермен келіссөз жүргізіп жатыр ма?" деген сұраққа ол "бұл қажет" деді.

ЕО-ның пана беру мәселесі бойынша агенттігінің дерегінше, 2021 жылы тәліптер Кабулды басып алғаннан кейін көптеген батыс елдері Ауғанстанға депортациялауды тоқтатты. Дегенмен ауған азаматтарын еліне қайтару бойынша жекелеген жағдайлар кездеседі: 2023 жылы ақпанда Бельгияда тіркелді. Швеция ауған азаматтарын Өзбекстан арқылы қайтарды.

Еуроодақтың 19 елі тәліптермен "ашық диалогты" қолдаған, арасында Бельгия, Швеция, Германия, Италия және Нидерланды да бар.

Босқындар ісі жөніндегі Еуропа кеңесінің дерегінше, 2021 жылы тәліптер билікке оралғаннан кейін Ауғанстаннан 1,6 млн астам адам кеткен.

Еуропада ауған азаматтары саны жағынан Сирия азаматтарынан кейін екінші орында тұр.

Магнус Бруннердің сөзінше, ЕО сарапшылары депортация мәселесі бойынша техникалық келіссөз жүргізу үшін бұған дейін де Кабулда болған. Егер "олармен байланыс орнатпаса, жағдай жақсармайды" деді ол.

Алайда Фаузия Куфидің пікірінше, халықаралық қауымдастықпен байланыс тәліптердің позициясын нығайта түспесе, төмендетпейді.

"Халықаралық қауымдастықпен неғұрлым көп байланыс орнатқан сайын соғұрлым әйелдерді қыспаққа алады" деді ол.