Дін қызметшісі Иаков Воронцов 10 тәулікке қамалды

Иаков Воронцов. Алматы, 26 сәуір 2023 жыл.

Қазақстандық дін қызметшісі, Орыс православ шіркеуінің бұрынғы қызметкері Иаков Воронцов 10 тәулікке қамалды. Бұл жөнінде адвокаты Ғалым Нұрпейісов хабарлады.

"Жаңа ғана әкімшілік сот болды. Оған әкімшілік іс бойынша 10 тәулік берді. [Воронцов] тағылған айыпқа келіспеді. Шешімге шағым түсіремін. Қазір сот қаулысын күтіп отырмын" деді адвокат.

Воронцовтың үстінен 440-1 бап бойынша ("Есірткі, психтропты және соған ұқсас заттарды медициналық емес мақсатта пайдалану") әкімшілік хаттама толтырылған.

Бұған дейін Иаков Воронцов Алматыда ұсталып, полицияға жеткізілгені белгілі болған еді.

Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі Азаттық Азияға "есірті заттарын пайдалану үшін орын ұйымдастыру фактісі" бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқанын айтты.

"Күдікпен 1986 жылғы ер адам ұсталды. Тінту кезінде одан ұнтақ зат тәркіленді. Оның есірткі қолданғаны медициналық құжатпен дәледенді" деп жазылған полиция хабарламасында.

2026 жылы қаңтарда Ресей православ шіркеуіне қарасты Қазақстан митрополиялық округ өкілдері президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылып, Ресейдің Украинадағы соғысын айыптап жүрген, шіркеуден қуылған Иаков Воронцовтың үстінен "алауыздық қоздыру" бабы бойынша істі қайта қозғауды сұраған.

"Бұл істің осы мәлімдемеге қатысы бар ма?" деген сұраққа адвокат Нұрпейісов оны нақтылап көретінін айтты.

Иаков Воронцов — қазақстандық дін қызметшісі, ол қызметін қазақ тілінде жүргізіп танылған.

Украинада соғыс басталғаннан кейін Воронцов әлеуметтік желіде соғысты ақтаған Орыс православ шіркеуінің қызметкерлерін сынап, пост жариялаған.

Воронцов Орыс православ шіркеуіндегі қызметін 2023 жылы маусымда аяқтаған. Ол Ресейдің Украинаға басып кіруіне қатысты көзқарасы үшін қазақстандық митрополиялық округ басшылығы тарапынан қысым көргенін айтқан.

2024 жылы оның үстінен "конфессияаралық алауыздық қоздыру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Іс аноним тұлғалардың арызы бойынша қозғалған және "қылмыс құрамы болмағандықтан" мамырда тоқтатылған.

Осы аптада Иаков Воронцов "діни бірлестігін тіркеуден бас тартқаны үшін" қалалық әділет департаменті мен әділет министрлігі үстінен Алматы әкімшілік сотына шағым түсіргені белгілі болды.