Дос Көшім: Қазақстанда әділ сайлау болған емес, жақын арада болмайды да

Алматыдағы сайлау учаскелерінің бірінің алдында тұрған қыз. 23 тамыз, 2026 жыл.

Азаттық "Халық үні" ұйымы атынан сайлауды бақылаған қоғам қайраткері Дос Көшімнен 23 тамыздағы сайлауға қатысты көзқарасын сұрады.

Азаттық: Орталық сайлау комиссиясы "Әділет" партиясы 71 пайыз дауыс жинады деп мәлімдеді. Бұл ақпаратқа сенесіз бе?

Дос Көшім

Дос Көшім: Жеке пікірім бойынша, бұл жерде сайлаудағы қулық-сұмдықтан гөрі, халықты үгіттеу мәселесі және халықтың қазіргі саяси деңгейі [рөл ойнады] деп ойлаймын. "Әділет" бәрібір жеңеді", "Әділетті" дайындап қойған" деген нәрсе жұмысын істеді деп ойлаймын. Осының алдында болған бір жиында "адамдар оң мен солын білетін болса, "Әділет" бір пайыз да дауыс алмайды" деген едім. Бұл "Әділетке" қарсылық, оны жек көру емес. Бұл - алғаш рет саяси додаға түсіп отырған партия, бұрын ештеңе істемеген. Олар: "Сендер осы уақытқа дейін не істедіңдер? Қандай заң қабылдадыңдар?" деген сұрақтарға жауап бере алмайды. Сайлауға алғаш түсіп отырған партия еш уақытта 65% дауыс алмайтыны айдан анық. Ол партияның 70% дауыс алғаны саясаттанушылар үшін зерттеу тақырыбы болуы керек.

Азаттық: Халық ол партияға неге дауыс берді деп ойлайсыз? Халық шынымен, өзіңіз айтып өткендей, "билік дайындап қойған, алдын ала белгілеп қойған, сондықтан осыған дауыс бере салайық" деді ме сонда?

Дос Көшім: Менің ойымша, бюджеттік мекемелерде, кәсіпорындарда оған дауыс беруге үндеу, үгіт-насихат өте тиімді жүрген сияқты. Өйткені мен [бақылаған] жерде де кем дегенде 60% -дан астам адам "Әділетке" дауыс беріпті. [Алматыдағы] "Айнабұлақта" жай қарапайым адамдар тұрады, таңдау жасай алатын, саяси партияларды салыстыра білетін, олардың кемшіліктері мен артықшылықтарын ажырататын адамдар ол жерде дауыс берді деп айта алмаймын. Айтты бітті, келіп, дауыс берді. Қысқасы, халықтың көпшілігіне бәрібір сияқты. Сондықтан көпшіліктен көңілі қалатын Абай сияқты, қазір көбіміз халыққа кейіп отырмыз.

Азаттық: Кейбір билік өкілдері де көпшіліктен көңілі қалғанын айтады. "Қоғам ештеңені білмейді, түсінбейді, енжар жүре береді, қай партияға дауыс беруді анықтай алмайды" деп, қоғамға сын көп айтылады. Осы көңіл күй неден?

Дос Көшім: Менің ойымша, бұл қоғамның шаршағанын білдіреді. 30 жыл бойы белгілі бір топтар "қоғамды өзгертеміз, саяси жүйені жаңғыртамыз" деп іс-әрекет жасады. Бірақ солардың бәрінің бағыты бір жерден шыға алмады. Себебі 38 жыл бойы осы саяси қоғамдық жұмыстың басы-қасында жүрмін, сондықтан менің де көзқарасым бар. Осы аралықта белгілі бір бағытта бірге жұмыс істейтін деңгейге жете алмадық. Мысалы оппозицияның негізгі бағыты – [экс-президент] Назарбаев, оның қызы, Назарбаевтың күйеу баласымен соғысу, соларды ысырып тастап, өздері орнына келу мәселесін бірінші орынға қойды. Ұлтшылдар әлі күнге шешілмей келе жатқан ұлттық мәселені шешеміз деп тырысты, кей саясаткерлер ең негізгі мақсат - жүйені өзгерту деді, қысқасы, жан-жаққа тартып кеттік. Шынын айту керек, еш нәрсеге қолымыз жеткен жоқ, мұны халық көріп отыр. Әркім әр жаққа кетті, оппозиция соңғы оншақты жыл жоғалды. Назарбаев кеткеннен кейін оппозицияның да айқайлаған ұрандары тоқтады, "Шал, кет!" деп еді, қазір шал жоқ. Кейбіреулер әлі "шал отыр", "шалдың әлі күші бар", "шал осының бәрін ұстап отыр" деген нәрселерді айтады, бірақ шындығында ол адам зейнетке кетті ғой, бәріне жауап беретін Тоқаев болып қалды. Сондықтан бұл халықтың белгілі бір үміті тоқтағанын білдіреді (үміт үзілді деп айта алмаймын, үміт үзілмейді). Халық саясаттан, сайлаудан шаршады, сондықтан олар "бізге бәрібір" дейтін өліара деңгейге жеткен сияқты. Қоғамда мұндай кезеңдер болады. Жаңағы топ та, жаңа саяси бағыт ұсынатын адамдар да жоқ. Сондықтан халыққа бәрібір болып қалды, олар бастық айтқан, болмаса теледидардан көрген адамдарға дауыс бере салады. Сондықтан кейде халыққа да осындай бір сыни пікір айтуға тура келеді.

Азаттық: Өзіңіз бақылаушы болдыңыз, сіз бақылаған учаскеде халықтың белсенділігі қандай болды? Өйткені Орталық сайлау комиссиясы деректеріне қарағанда дауыс бергендер өте көп болған сияқты.

Дос Көшім: Менің өзім куә болған Алматы қаласы Жетісу ауданындағы №334 учаскеде 2600-дей сайлаушы бар, соның 412-сі ғана дауыс берді. "Әділет" ол жерде де көп дауыс алды, оны мойындауымыз керек. Мен отырғаннан кейін бе, ол жерде сайлау өте жақсы өтті, ешқандай заң бұзылған жоқ. Соңғы уақыттарда мен бақылаған учаскелердің бәрінде солай болып жүр. Мені сыйлағаннан ба, әлде мен заң бұзуға жол бермейтінімді білгеннен бе, бәрі таза өтеді.

Азаттық: Мәселен, Батыс Қазақстанда сайлауды бақылаған "Жария" деген тәуелсіз ұйым 21 учаскені бақылапты. Олар дауыс беруге сайлаушылардың 30,4 пайызы ғана келді дейді. Ал ОСК дерегінше Батыс Қазақстандағы көрсеткіш 73 пайыздан асқан. Құрамында сіз болған "Халық үні" бақылаушыларына осындай айырмашылық байқалды ма? Мұндай айырмашылық неден болады?

Дос Көшім: Менің ойымша, мұның себебі Совет кезінен келе жатыр. Мұны кезінде орыс тілінде "процентомания" деп атаған, бұл – сол заманнан қалған ауру. Пайызын көбейтіп, өзінен жоғары тұрған органдарға "бізде осынша адам дауыс берді" деп есеп беру жұмысының көрсеткіші деп санайды. Әлде жоғарыдағылар осылай жаса деп тапсырма бере ме? Қазақстандағы сайлау заңы бойынша, дауыс беруге мейлі 5 пайыз, мейлі 2 пайыз келсін, сайлау өтті деп саналады. Адамдар көп келді деп көрсететін ауру қалмай келеді.

Мен байқаған тағы бір құбылыс – партиялардың атынан келіп отырған бақылаушылар саған 8-де, енді дауыстарды санау басталғанда орындарынан тұрып кетіп қалады. 15 наурыздағы референдумда да солай болған. Саяси партияның бақылаушылары күн бойы бақылаған болса, ең құрығанда өз партиясы қанша дауыс алғанын біліп кетпей ме? Әлде саяси партиялардың сайлауды бақылау деңгейі сол ма, бәлкім "жоғарыдан бәрін шешіп қойды ғой, бақылаушы болып басымызды ауыртамыз ба?" дей ме? Мен 1999 жылдан бері сайлауды бақылап келемін, мұндайды көрмеппін.

Азаттық: Сіздің бақылаушы болуыңызға байланысты әлеуметтік желіде жеке басыңызды сынаушылар да кездесті. Оппозициялық көңіл-күйдегі белсенділердің жазбаларынан сіз жайлы "сайлау кезінде осылай пайда бола қалатын, ел алдында билікті сынаған болып сөйлегенімен, шын мәнінде билікпен бірігіп астыртын жұмыс істейтін адам" деген мағынада пікір байқадық. 2019 жылы Әміржан Қосанов президент сайлауына сіздің ұйымның атынан түскенін мысал етеді. Ондай сынға негізі бар ма?

Дос Көшім: Біріншіден әлеуметтік желіге қарамаймын. Мұндай пікір айтатындарға бірден ескертіп қояйын. Екіншіден, мен бақылауды 1997 жылдан бастадым және 1999 жылы Қазақстанда алғаш рет тәуелсіз бақылаушылар ұйымын құрдым. Сол жұмысты әлі атқарып келе жатырмын. Иә, 2005 жылы тәуелсіз бақылаушылар ұйымынан кетіп, "Ұлт тағдыры" деген ұйым құрдым. Одан екі жыл өткен соң ол ұйым жұмысын тоқтатты. Бірақ сайлауға, бақылаушыларды оқытуға деген қызығушылығым сол қалпы қалды. Кез келген бақылаушыны оқытуға дайынмын. Кезінде "Ақ жолдың" да, "Аманаттың" да бақылаушыларын оқыттым. Менің алдымнан жүздеген бақылаушы өтті. Мен үшін бұл – қасиетті жұмыс. Сондықтан, шақырып жатса, ешқашан бас тартпаймын. Осы жолы да 3-4 ұйым шақырды, бәрінің бақылаушыларын оқытып бердім. Бақылаушыларды оқыту – билікке жұмыс істеу болса, онда солай-ақ болсын.

Азаттық: 1997 жылдан бері сайлауды бақылап келесіз. Осы аралықта ең әділ өткен сайлау қайсысы? Соңғы Құрылтай сайлауын әділ өткен сайлау дей аламыз ба?

Дос Көшім: Мен 1999 жылдан 2005 жылға дейін, алты жыл сайлауды бақыладым және соған баға бере аламын. Себебі менің қоластымда 2500-дай бақылаушы болды. Біз барлық облыста бақылаушылар ұйымын құрдық. Бірақ учаскелердің 27 пайызын ғана қамтыдық. Сол бес жылдың ішіндегі Қазақстанда өткен сайлаудың бәріне әділетсіз деген баға бердік. Бұл үшін сотқа да, прокуратураға да арыздандық, талай нәрсе өтті. Одан соң "Ұлт тағдыры" ұйымын құрып, ұлттық бағытта жұмыс істеп кеттім, сайлауды толық бақыламайтын болдым. Бірақ менің білуімше, Қазақстанда әділ сайлау болған емес, жақын арада болмайтын да сияқты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Сайлауды бақылаған ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясы алдын ала қорытындысын таныстырдыТәуелсіз Қазақстан тарихындағы оныншы парламент сайлауыАлғашқы Құрылтай сайлауы: президент саясатын қолдайтын партиялар өзара жарысқан науқанҚұрылтай сайлауына халық құлшынып отыр ма? Азаттықта пікірталас. Құқық қорғау ұйымдары Құрылтай сайлау қарсаңда журналистерді қудалауды доғаруды талап етті