Дрон шабуылынан кейін Қазақстанда Yandex қызметінде ақау пайда болды

Ресейде Yandex-тің дата орталықтарына дрон шабуылынан кейін Қазақстанда компанияның қызметінде ақау пайда болды. Жексенбі, 11 қазанда Қазақстанда Yandex-тің бірқатар қызмет түрлері істемей қалды.

“Достар, қазір кей сервисімізде техникалық мәселе туындап, олардың жұмысы уақытша қиындауы мүмкін. Бұл жағдайдан хабардармыз. Мамандарымыз сервистер жұмысын мүмкіндігінше тезірек қалпына келтіру үшін бар күшін салып жатыр. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз.” деп хабарлады Яндекс Go Qazaqstan жексенбі күні.

Жексенбі күні Yandex-тің дата орталығына үшінші рет шабуыл жасалғаны хабарланды. Yandex Мәскеуден шамамен 180 шақырым жерде орналасқан Владимирдегі дата-орталықтың инфрақұрылымы дрон шабуылынан бүлінгенін және жұмысы толық тоқтағанын хабарлады.

"Владимирдегі Yandex дата орталығының инфрақұрылымына дрон шабуылы салдарынан зақым келді. Жұмысы толығымен тоқтатылды. Зардап шеккендер жоқ, төтенше жағдай қызметі залалды жою үшін оқиға орнында жұмыс істеп жатыр" деп хабарлады компания өкілдері.

Дрон шабуылы компанияның Ресей, Сербия, Беларусьпен қатар Қазақстандағы қызметтеріне әсер еткен. Қазақстандық кейбір қолданушылар жексенбіге қараған түні Yandex қосымшасы арқылы такси шақыра алмай қалғанын хабарлады.

Қолданушылардың айтуынша, қазір Қазақстанның кейбір қалаларында Yandex taxi қызметін пайдаланғысы келгендер қосымшаны ашып, көлікке тапсырыс бергісі келсе, “көлік жоқ” деген жазу шығады.

Nettali Sukhanova есімді 11 қазанда таңертең Threads-те:

"Алматы, Yandex-ке не болған? 😥 Такси шақыра алмай отырғаныма жарты сағат болды. Кім біледі?" деп жазды.

"Астанада кеше де, бүгін де Yandex ақаумен істеп тұр, сіздерде де солай ма?" деп сұрады Zere1 есімді қолданушы.

Yandex taxi қызметіндегі ақау. Threads қолданушыларының жазбасы. 11 қазан 2026 жыл.

Осыған ұқсас жағдай Қарағанды, Қостанай және өзге қалаларда да болған.

Бұған дейін ақпарат құралдары Ресейде Yandex-тің дата орталықтарына украин дрондары шабуыл жасағанын хабарлаған еді. Sota-ның жазуынша, 9 қазанға қараған түнгі соққыдан компанияның Калугадағы дата орталығы бүлінген. Оның алдында компанияның Рязань облысындағы дата орталығына шабуыл жасалған.