30 тамызда Түркия жағалауында, Стамбұлға жақын маңда, ресейлік жүк кемесі қайраңдап қалды. Түрік басылымдары кемеге бұған дейін Ресейдің Новороссийск портында дрондар шабуыл жасаған деп хабарлады. Соққыдан кейін экипаж мүшелері қайыққа мініп бассауғалаған. Ал зақымдалып, басқарусыз қалған кеме Қара теңізде толқымен ығып жүріп, Түркия жағалауына жетіп қайраңға шөккен.
Ұзындығы 108 метр "Омский-107" жүк кемесі Таганрог портында тіркелген. Ол кейінгі кезде Ресейдің оңтүстігіндегі порттар мен Түркия арасында жүк тасымалдаған. Новороссийскідегі шабуыл нақты қай күні жасалғаны жарияланған жоқ.
Түркиялық Haberler басылымы жариялаған фотоларда дрон соққылары мен өрттен ресейлік кеменің басқару пункті айтарлықтай зақымдалғаны байқалады.
Теңізде толқынмен ыға жүзіп жаға таяп келе жатқан кемені Түркия жағалауындағы жағажайда демалып жүрген адамдар байқап, құтқару қызметіне хабар берген. Жағалау күзеті қызметі кемені оқшаулаған соң тексеру шаралары басталған.
- Кейінгі кезде Ресейдің Қара теңіздегі порттарына украиналық дрондар үнемі шабуыл жасайтын болған. Әсіресе Новороссийск порты қатты зардап шегіп отыр. Украина қарулы күштері әскери кемелерді де, жүк кемелерін де нысанаға алып жүр. Теңіз арқылы жүк тасымалдайтын компаниялар Новороссийскіге барып-қайтқанда төнетін қауіп ұлғайғандығын алға тартып тамыздың басынан бастап қызмет бағасын көтерген. 27 тамызда әлемдегі ең ірі контейнер тасымалдаушы Mediterranean Shipping Company (MSC) Новороссийск портындағы жұмысын тоқтатты. Оған компания кемелерінің бірі дрон шабуылына ұшырағаны себеп болды.