Думан Мұхаммедкәрім түрме карцерінде өзіне қол салуға екі рет әрекет жасаған дейді әкесі

Түрмеде отырған журналист Думан Мұхаммедкәрім суретінен коллаж

Қызылордадағы №60 қамау мекемесінде жазасын өтеп жатқан журналист Думан Мұхаммедкәрім екі рет жеке камерада өзіне қол жұмсауға әрекет жасаған. 22 қыркүйекте Алматыдағы баспасөз мәслихатында оның әкесі Алмас Тілепов осылай деп мәлімдеді деп жазды Vlast басылымы. Қазақстандық адам құқықтары және заңдылықты қорғау бюросында өткен жиынға қамаудағы журналистің туыстары мен журналистер қатысты.

Тілеповтың айтуынша, қамаудағы журналист 4 қыркүйекте өзіне қол салуға екі рет әрекет жасаған. Тілепов ұлының мұндай қадамға баруын түрмедегі жағдайдың нашарлығына және басқа да жайттарға наразылық танытып аштық жариялап, айтқан шағымдары биліктің назарына жетпегендігімен және ұзақ уақыт қапаста отырғаннан қатты қажып, денсаулығы нашарлағанымен байланыстырады.

Журналистің әкесі түрме қызметкерлерінің іс-әрекетін тексеруді және ұлының тағы да өзіне қол жұмсау әрекетіне баруына жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдауды талап етіп Бас прокуратура мен президент әкімшілігінің өкілдеріне жүгінген.

Бұған қоса Алмас Тілепов баласын түрме әкімшілігі жиынтығы 600 күннен астам уақыт бойы жеке камерада қамауда ұстағанын айтады. Ол Думанға тәртіптік жаза қолданудың заңдылығын және түрме қызметкерлері жасаған болуы ықтимал қатыгездік жайлы деректерді немесе қызметкерлердің әрекетсіздігін тексеруді сұрап отыр.

"Адамның шағым жазғанын, аштық жариялағанын, ақыр соңында өзіне зиян келтіретін әрекетке барғанын түрме тәртібін бұзу деп санауға бола ма? Ол неліктен мұндай әрекеттерге барғанын анықтау керек емес пе?" дейді Тілепов.

Қамауда отырған журналистің адвокаты Ғалым Нұрпейісов Думан Мұхаммедкәрімнің денсаулық жағдайы нашарлағанын мәлімдеп, тұтқынды түрме әкімшілігінен тәуелсіз медициналық мекемеде толық тексеруден өткізуді қамтамасыз етуге шақырды.

Бұған дейін Қызылордадағы №60 мекеменің әкімшілігі Думан Мұхаммедкәрім өзіне зиян келтіруге әрекет жасаған деген ақпаратты жоққа шығарған. Шілде айында Қызылорда облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті де тексеру нәтижесі журналистің батарея жұтып қойғанын растамады деп мәлімдеген еді.

  • Журналист Думан Мұхаммедкәрім өзі негізін қалаған Ne Deidi YouTube-арнасында қоғамдық-саяси, әлеуметтік өзекті тақырыптарды қозғап, билікке сын айтқан хабарларымен танылған. Ол кемі 238 адам қаза тапқан 2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы дүрбелең ошағынан ақпарат таратқан санаулы журналистің бірі болды. Журналист YouTube-арнасында Қаңтар құрбандарының туыстарынан сұхбат алып, дүрбелеңнен кейін ұсталып, полицияда азапталған адамдардың көрген зәбірі жайлы көп материал жариялады. 2023 жылы Мұхаммедкәрім парламент сайлауына тәуелсіз кандидат ретінде қатысты.
  • 2024 жылы жабық өткен сот журналист Думан Мұхаммедкәрімді "экстремизмді қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты" деген айыптаулар бойынша жеті жылға бостандығынан айырды. Қылмыстық іске журналистің қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әбілязовпен сұхбаты ілік болды. Бұған қоса, сот оған қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуына үш жылға тыйым салды.
  • 2024 жылы қарашада апелляция соты Мұхаммедкәрімнің үкімін күшінде қалдырғаннан кейін Думан Мұхаммедкәрімді Талдықорғаннан Қызылордадағы қамау мекемесіне этаппен жөнелтті. Отбасында әке-шешесімен бірге тұрған журналист содан бері Алматыдағы үйінен шамамен мың шақырым қашықтағы Қызылорда түрмесінде отыр. Туыстары мен қорғаушысы Қазақстан заңдарына сүйеніп, түрмеде адам төзгісіз жағдайда отырып денсаулығы діңкелеген Думан Мұхаммедкәрімді тұрғылықты жеріне жақын орналасқан мекемелердің біріне ауыстыруды бірнеше рет талап еткенімен, билік оны орындаған жоқ.
  • Сол жылы желтоқсан айында адвокаты Думан Мұхаммедкәрім өзін Алматы облысындағы түзеу мекемесіне ауыстырудан бас тартқан билікке наразылық ретінде денесін жарақаттағанын хабарлаған. Журналистің өзі сол кезде адвокаты арқылы өзіне қол салуды көздемегенін, керісінше, құқықтары бұзылғанына көпшіліктің назарын аударуға тырысқанын мәлімдеген. Содан кейін Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) оның денесінен ешқандай жарақат ізі табылған жоқ деп мәлімдеген.
  • Журналистің ісін саралаған құқық қорғаушылар Мұхаммедкәрімді "саяси тұтқын" деп таныған. Ресми Астана елде "саяси тұтқын" да жоқ, саяси көзқарасына бола қудалауға түскен де ешкім жоқ дейді.
  • Халықаралық ұйымдар Думан Мұхаммедкәрімге араша түсіп, Қазақстан билігін оны босатуға үндеген. АҚШ мемлекеттік департаменті журналистің сұхбатқа бола сотталғанын Қазақстандағы адам құқығы ахуалына арналған есебіне қосқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Думан Мұхаммедкәрімнің анасы Мелания Трамптан көмек сұрадыЖурналист абақтыда "батарея жұтқан". Түрме басшылығы мұны растамадыДуман Мұхаммедкәрім өзіне зиян келтірмек болған деген хабарды түрме басшылығы терістеді"Денсаулығы нашарлаған соң аштығын тоқтатты". Қамаудағы Думан Мұхаммедкәрімнің жағдайыДуман Мұхаммедкәрімнің "аштық жариялағаны" жайлы ақпарат: ҚАЖД жауап берді