Думан Мұхаммедкәрімнің денсаулығы нашар екені хабарланды

Қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрім мен оның әкесі Алмаз Тілепов. Шілде айы, 2024 жыл.

Қызылордада түрмеде отырған журналист Думан Мұхаммедкәрімнің әкесі Алмас Тілепов ұлының денсаулығы нашар екенін айтты.

Алмас Тілеповтің сөзінше, шілде айында ұлы өзін "Алматыдағы түрмеге ауыстыруды талап етіп, денсаулығына зиян келтіретін заттар жұтқан.

Алмас Тілепов мұны “қолға түскен ақпаратқа” сүйеніп айтып отырғанын жеткізді. "Ұлының хатын" да көрсетті. Айтуынша, хаттағы жазу, стилі бәрі ұлынікінен аумайды.

Азаттық бұл ақпараттың растығын толық анықтай алмады. Адвокат Ғалым Нұрпейісов келесі аптада Қызылордаға барып, мән-жайды анықтайтынын, тек содан кейін хабарын беретінін айтты.

Қызылорда облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі Азаттық Азияға "ресми өтініш жіберу" қажеттігін айтты. Журналист отырған түрме әкімшілігі әзірге жауап бермеді.

"Оны ауруханаға апарып, ішін тазалап, қайта алып келген дейді. Ол өзін “Алматы облысына ауыстырмаса, мен айтқан шындыққа бұлар шыдай алмайтын болса, сол шындығым үшін өлуге дайынмын” деп айтқан ғой. Қазір түрмеде дейді. Жағдайы нашар. Мен бас прокуратураға, Астанадағы президент жанындағы адам құқығын қорғайтын ұйымға өтініш жазып, Думанды Алматыға болсын, ауыстырып, емдетуге, өтініш білдіргенмін. Астанадағы президент жанындағы адам құқығын қорғайтын ұйым “хат түсті, өңделуде” деді. Бірақ оған қашан жауап келетіні белгісіз. Бүгін сенбі, ертең жексенбі. Не де болса жексенбі күні Қызылордаға шығамын деп отырмын” деді Алмас Тілепов 25 шілдеде таңертең Азаттыққа.

"Думан Мұхаммедкәрімнің хаты" делінген қағазда хат авторы "Қызылордадағы N60 мекеме карцерінде отырғанына 1 жыл 8 ай болғанын", "2024 жылдың 19 желтоқсанынан бері 8 шаршы метрлік қапастан шықпағанын", "бұдан әрі төзе алмайтынын" жазған.

Думан Мұхаммедкәрім аштық жариялады деген ақпарат айтылған 2026 жылғы наурызда Қызылорда облысының қылмыстық атқару жүйесі департаменті (ҚАЖД) Азаттық сауалына нақты жауап бермей, “сотталған азаматтардың жеке ісінен алынған басқа мәліметтер жариялауға жатпайды” деп жазған еді.

  • Журналист Думан Мұхаммедкәрім "экстремизмді қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйым жұмысына араласты" деген айыппен 2024 жылы тамызда жеті жылға сотталған. Бұған қоса, сот оған үш жыл қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салған.
  • Мұхаммедкәрімге қарсы қылмыстық іс қозғауға журналистің ұзақ уақыттан бері шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының негізін қалаушы әрі жетекшісі Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты себеп болған. 2018 жылы Қазақстан соты "ҚДТ" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
  • Мұхаммедкәрім өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ. Жақтастары билікті қатты сынап жүрген тәуелсіз журналист саяси ұстанымына бола қудалауға түсті деп санайды.
  • 20 жылдай мемлекеттік арналарда жұмыс істеген, Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы болып қызмет атқарған Думан Мұхаммедкәрім 2021 жылдан бастап You Tube желісінде "Ne Deidi?" арнасын ашып, елдегі қоғамдық-саяси оқиғалар туралы түрлі материалдар жариялай бастады. Ол саяси ортада 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін кеңінен танылды. Думан Мұхаммедкәрім – кемі 238 адам қаза тапқан қырғын кезінде Алматыдағы дүрбелең ошағынан ақпарат таратқан санаулы журналистің бірі. Журналист YouTube-арнасында Қаңтар құрбандарының туыстарынан сұхбат алып, дүрбелеңнен кейін ұсталып, полицияда азапталған адамдардың көрген зәбірі жайлы көп материал жариялады.
  • Журналистің ісін саралаған құқық қорғаушылар Думан Мұхаммедкәрімді "саяси тұтқын" деп таныған. Ресми Астана елде "саяси тұтқын" да жоқ, саяси көзқарасына бола қудалауға түскен де ешкім жоқ дейді.
  • Бұған дейін халықаралық ұйымдар Думан Мұхаммедкәрімге араша түскен.