Дүниежүзілік көшпенділер ойыны: Қырғызстан қалай бренд жасады?

2026 жылғы Дүниежүзілік Көшпенділер ойынының ашылу салтанаты. Бішкек

Әлемдік БАҚ Дүниежүзілік көшпенділер ойынын "Тау мен дала олимпиадасы" деп атайды. Туроператорлар жарысты көру үшін арнайы тур сата бастады, ал Орталық Азиядан тыс жердегі жұрт мүлде білмейтін көкпарға Франция, Қытай, тіпті АҚШ-тан командалар қатысатын болды. Ежелгі көшпелілерден мұраға қалған спорт түрлері бойынша турнир әлемге мәдениеті арқылы танылғысы келген шағын елдің идеясы ретінде бастау алған. 12 жыл ішінде бұл жоба халықаралық брендке айналды. Бірақ бұдан Қырғызстан не ұтты, эстафетаны әрі жалғастырған Қазақстан сияқты елдерге ол не берді?

Сән-салтанат пен тартысқа толық жеті күн

Бір апта бойы ақпарат құралдары, туристер мен тұрғындар назарын өзіне аударған Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аяқталды. Дау-дамай да болмай қалмады: Қазақстан 32 алтын медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алғанын мәлімдегенімен, ұйымдастырушылар бірінші орынға Қырғызстанды қойды.

Қазақстандық пабликтерде тараған (сол жақта) және Қырғызстандағы ойындардың ұйымдастыру комитеті жариялаған (оң жақта) жалпы есеп.

Артынша Қырғызстанның спорт мекемесі ойын тұжырымдамасына сәйкес, командалардың медаль саны бойынша кесте жүргізілмейді деді. Елдің дене шынықтыру және спорт агенттігі бұл ойындар — "ең алдымен этноспорт пен дәстүрлі спорт түрлерін сақтау, дамытуға, елдер арасындағы мәдени байланыс пен достықты нығайтуға арналған халықаралық алаң" деді.

Дегенмен кейін Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов Facebook парақшасында медальдарды есептеу кезінде "техникалық алшақтық" болғанын жазды. Жаңартылған мәлімет бойынша, жалпы командалық есепте бірінші орынды Қазақстан иеленгенін айтқан ол "қазақ бауырларды жеңісімен" құттықтады.

Қырғызстан мен Қазақстан құрамалары арасындағы көкпар ойынынан кейінгі сәт. Чолпон-Ата, 6 қыркүйек, 2026

Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов "бауырлас қырғыз халқына қонақжайлығы мен ыстық ықыласы үшін" алғыс айтты.

Алтыншы Дүниежүзілік көшпенділер ойыны шынымен де үлкен ауқымда өтті. Осыдан бірнеше жыл бұрын мұндайды елестетудің өзі қиын еді. Ашылу салтанатына арнап ел астанасында 51 мың көрөрменге арналған, алып киіз үй пішінді жаңа "Бішкек Арена" стадионы бой көтерді. Салтанатты шарада жүзден астам елден келген үш мыңға жуық спортшы шерулеп өтті, ал театраландырылған қойылымда көшпенділер стиліндегі ауқымды декорациялар мен проекциялық инсталляциялар ерекше болды. Осының бәрі жарыстың шымылдығын ашып қана қоймай, көшпенділер мәдениетіне жаңа көзқараспен баға беруге итермелейді.

Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ашылу салтанаты. Бішкек, 31 тамыз, 2026 жыл.

Идея кімдікі?

Бүгінде Көшпенділер ойыны халықаралық жоба сияқты көрінеді. Дегенмен этноойындар тұжырымдамасының авторлары 14 жыл бұрын Қырғызстанның өз ішінде оған күмәнмен қарағандар көп болған.

Қырғызстанда Дүниежүзілік көшпенділер ойынының тарихы төңірегінде әлі күнге дейін талас бар. Этноойындар тұжырымдамасы авторларының бірі, Қырғызстанның бұрынғы мәдениет, ақпарат және туризм вице-министрі Мақсат Чаки бұл идеяның авторы белгілі киноактер, кинорежиссер әрі сценарист Болот Шамшиев дейді.

Ал ресми сайттағы мәліметке сәйкес, Дүниежүзілік көшпенділер ойыны жобасының авторы ретінде Асқат Ақыбаев көрсетілген. Ресми сайтқа сенсек, ол 2008 жылы идеяны әзірлеп, 2011 жылы оны Қырғызстанның патенттік қызметінде тіркеген, содан кейін бұл идея оның зияткерлік меншігіне айналған. 2025 жылғы 9 желтоқсанда Асқат Ақыбаев жобаға деген зияткерлік құқықтарды Қырғызстан үкіметіне тапсырады.

Асхат Ақыбаев

Алғашқы Дүниежүзілік көшпенділер ойыны 2012 жылы-ақ өтуі тиіс болғанын дейді Мақсат Чаки. Оның айтуынша, сол кездегі Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев жобаға "түбегейлі қарсы болған".

"Тек мен үкімет құрамына кіріп, жобаны туристік бастама ретінде дәріптей алғаннан соң, 2014 жылы ғана ойынды өткізудің сәті түсті. Сәтті бастамадан кейін билік Көшпенділер ойынын өз беделін нығайтатын саяси ресурс деп мойындады. Екінші ойыннан бастап жоба қайта форматтала бастады, ол этноспорт бастамасынан ауқымды мәдени фестивальге айналды. Меніңше, этноспорт пен туризмге қарағанда мәдениетке әлдеқайда көп көңіл бөліне бастады", — дейді Чаки.

Әлия Шагиева

Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаевтың жақындары бұл нұсқаны жоққа шығарады. "Азаттық Азияға" берген сұхбатында бұрынғы президенттің қызы Әлия Шагиева әкесі бұл жобаға қарсы болды деген мәлімдеме оның іс-әрекеттерінің хронологиясына сәйкес келмейді деген ой айтты.

"Қырғызстанның ресми құжаттарында 2011 жылдан бастап Атамбаев ойынды өткізудің бастамашысы ретінде тіркелгені анық, ал 2012 жылы бастаманы халықаралық деңгейде таныстыру, 2014 жылы алғашқы ойындарды өткізу оның президенттігі кезінде болды", — деді Шагиева.

Атамбаевтың өзі 2014 жылы Ыстықкөлде өткен алғашқы Көшпенділер ойынына шынымен де белсене қатысты. Ашылу салтанаты кезінде ол Қырғызстан құрамасының шеруін жеке өзі бастап шықты.

І Дүниежүзілік көшпенділер ойынында Алмазбек Атамбаев Қырғызстан құрамасын бастап шықты, Чолпон-Ата, 2014 жыл.

Қырғызстанның алғашқы "жұмсақ күші"

Мақсат Чаки бұл жобаның мақсаты әу бастан-ақ спорт жарысы шеңберінен әлдеқайда кең болғанын айтады.

"Бастапқыда біз Көшпенділер ойынын Қырғызстанның алғашқы "жұмсақ күші" ретінде құрдық. Бүгінде мемлекеттің ықпалы тек ресурспен, қарумен немесе ақшамен ғана өлшенбейді, шағын елдер де креатив жобалары арқылы халықаралық имиджін қалыптастыра алады. Біз көшпелі өркениетті, түркі әлемін және этноспортты біртұтас халықаралық платформаға біріктіргіміз келді. Іс жүзінде біз этноспортты жаһандық өнім ретінде көрсете алдық, басқа елдер үшін ірі спорт шаралары мен фестивальдер қандай ықпал ету құралы болса, Қырғызстан үшін де бұл ойын сондай болуы тиіс еді. Алғашқы ойындарды біз дәл осы тұжырымдамамен бастадық", — дейді Мақсат Чаки.

Кырчын шатқалындағы этноауыл, Дүниежүзілік көшпенділер ойыны. 3 қыркүйек, 2026 жыл.

Америкалық саясаттанушы Джозеф Най айналымға енгізген "жұмсақ күш" термині мемлекеттің төл мәдениеті, құндылықтары мен беделі арқылы басқаларға ықпал ету қабілетін білдіреді. Сарапшылардың пікірінше, Көшпенділері ойыны пайда болғанға дейін Қырғызстанда мұндай халықаралық ықпал ету құралы болған жоқ.

Саясаттанушы Арзу Шеранова бұл жоба дәл осы бағытта барынша табысты болды деп есептейді.

Арзу Шеранова

Қырғызстанның ұлттық брендингін зерттеген ол алғашқы Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өткеннен кейін шетелдік БАҚ-та ел туралы оң пікір айтқан жарияланымдар саны төрт еседей артып, шетелдік турист саны бірнеше жыл ішінде екі есеге жуық өскен. 2011–2012 жылдары Қырғызстанға 2,2 миллионға жуық шетелдік турист келсе, 2016 жылға қарай бұл көрсеткіш шамамен 4,2 миллионға жеткен. Шеранованың айтуынша, Қырғызстанның көшпелі өркениет елі ретіндегі беделі Орталық Азияның дәстүрлі аудиториясынан тыс жерлерге тарала бастады.

"Бүгінде Қырғызстан көшпенділердің дәстүрі, мәдениеті мен құндылықтары арқылы халықаралық аренада өз мүддесін қорғауға мүмкіндік алды деп сенімді түрде айтуға болады. Дүниежүзілік көшпенділер ойыны табиғатты қорғау, бейбітшілік пен қауіпсіздік сияқты идеяларды насихаттаудың, соның ішінде "жұмсақ күштің" де құралы бола алады. Әрине, басты әсерінің бірі — Қырғызстанға туристердің қызығушылығын арттыру, — дейді Арзу Шеранова. — Қырғызстанның көшпелі өркениет елі ретіндегі бейнесі әлеуметтік желі арқылы кеңінен таралды. Мұның экономикалық әсері болады: туризм дамиды, жаңа қонақүйлер, туристік компаниялар пайда болып, этно-киімдер, ұлттық тағамдар және басқа да этноөнімдерге сұраныс артады. Яғни, көшпенді бренді біртіндеп Қырғызстанның заманауи экономикасының бір бөлшегіне айналып келеді".

Аударыспақ

Жарыс қалай бренд бола алады?

Сарапшылардың пікірінше, Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ерекшелігі — жеке спорт жарысы емес, тұтас бір тарих ретінде ұсынылуында. Олимпиада ойындары әлемдік спортпен, ал Әлем чемпионаттары белгілі бір спорт түрлерімен байланыстырылады. Ал Көшпенділер ойыны дала, тау, киіз үй, құсбегілік пен ежелгі дәстүрлер әлеміне саяхат түрінде дәріптеледі.

Тұжырымдама авторларының айтуынша, осы себепті бұл додаға байланысты ерекше туристік нарық қалыптасты.

Мақсат Чаки

Туроператорлар жарысты Ыстықкөлге, тау шатқалдарына, этноауылдар мен тарихи ескерткіштерге саяхатпен біріктіретін арнайы турлар сата бастады. Туризмі көршілерінен кенжелеп қалған ел үшін бұл мұның өзі үлкен нәтиже болды.

"Дүниежүзілік көшпенді ойындарының жай ғана іс-шара емес, бүкіл көшпелі өркениет мұрасын капиталдандыру платформасына айналатын үлкен әлеуеті бар. Нағыз мультипликатив әсер дәл осы жерде пайда болмақ: бір ғана эмоциялық импульс ондаған мәдени, туристік, білім беру, тіпті экономикалық жобаларды іске қосады", — деп жазды "Бішкек Аренадағы" Алтыншы ойындардың ашылу салтанатынан кейін Мақсат Чаки.

Кырчын шатқалындағы этноауыл, Дүниежүзілік көшпенділер ойыны. 3 қыркүйек, 2026 жыл.

Бастапқыда Дүниежүзілік көшпенділер ойыны олимпиада сияқты эстафеталық жоба ретінде жоспарланған. Дегенмен бәрі басқаша өрбіді. Алғашқы ойындар 2014 жылы Қырғызстанда өтті.

Екіншісі — 2016 жылы, үшіншісі — 2018 жылы тағы да Қырғызстанда ұйымдастырылды. Осыдан кейін ғана жоба басқа елдерге ауыса бастады. Мақсат Чаки атап өткендей, мұның себебі де түсінікті, ұйымдастырушылық база, халықаралық байланыстар және осындай ерекше турнирді қалай өткізу керектігі туралы түсінік Қырғызстанда қалыптасты.

Бірақ бұған тағы бір себеп болды. Билік бұл ойындардың елді сыртқа танытудың тиімді құралы ретінде жұмыс істейтінін көрді. Іс жүзінде Қырғызстан әдетте тек әлдеқайда ірі мемлекеттердің қолынан келетін істі жасап, өзінің халықаралық брендін қалыптастыруға ұмтылды.

Қырғызстан мен АҚШ құрамалары арасындағы көк бөрү матчы. Қыркүйек, 2026

Түркия мен Қазақстан: пандемиядан кейінгі қымбатшылық және мерекеге көлеңке түсірген тасқын

Төртінші Көшпенділер ойыны 2022 жылы Түркияның Изник қаласында өтті. Түркия жобаның Қырғызстаннан бастау алғанын ешқашан теріске шығарған емес, бірақ оны ортақ түркі мұрасы идеясы арқылы дәріптеді. Бұған қатысты пікір әртүрлі болды. Түрік бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, бұл ойындарды өткізуге шамамен 10 миллион доллар жұмсалған. Сыни көзқарастағы жұрт: "Ел экономикасы ауыр жағдайды бастан кешіріп жатқан пандемиядан кейінгі кезеңде мұндай шығын қаншалықты орынды?" деген сұрақ қойды. Кейбіреулер "Түркия — ірі туристік держава, сондықтан мұндай жарнаманың елге мүлде қажеті жоқ" деп сынады. Соған қарамастан, Түркиядағы ойындардың ұйымдастырылуына қонақтар жоғары баға берді, этноспорт форматы жұртшылықтың көңілінен шықты.

Дүниежүзілік көшпенділер ойынындағы садақ ату сайысы - 2022 жылғы 2 қазан, Изник, Түркия

Ең үлкен пікіртас 2024 жылы Қазақстанда өткен Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойынының төңірегінде болды. Жарысты өткізуге мемлекет шамамен 12 миллион доллар бөлді.

"Астана Аренадағы" ашылу салтанаты, этноауыл және ауқымды мәдени бағдарлама үлкен әсер қалдырды. Дегенмен, кей сарапшы жарыс қарсаңында елде болған оқиғалар оған көлеңке түсірді дейді. Ойындар басталардан бұрын Қазақстанда кейінгі жылдардағы ең жойқын су тасқыны болды. Су шайып кеткен аймақтарда жүздеген адам үйсіз қалып, ел қиналып жатқанда көп адам "Неліктен миллиардтаған ақша табиғи апат салдарымен күреске емес, имидждік шараға жұмсалып жатыр?" деген сұрақ қойды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары салтанатты түрде ашылды. Жарыстың ерекшелігі қандай?

Дегенмен, қазақстандық жазушы әрі түркітанушы Мәди Райымовтың айтуынша, ұзақ мерзім тұрғысынан доданың әсері көп болды.

"Ойындардан кейін ішкі туризм шынымен қарқынды дами бастады. Шетелдіктер тек Алматы мен Астанаға ғана емес, Қазақстанның басқа өңірлерін — Маңғыстауды, Түркістанды, көшпенділер өркениетінің тарихымен байланысты жерлерді де танып-біле бастады. Қытайдан, Кореядан, Үндістаннан, араб елдерінен өте көп турист келді. Сондықтан бұл ойындар, әсіресе имидждік тұрғыдан үлкен рөл атқарды, олар Қазақстанды және оның өңірлерін әлемге танытуға көмектесті", — деді Мәди Райымов.

Мәди Райымов

Дүниежүзілік көшпенділер ойынын ұйымдастыруға Қырғызстан бюджеттен ресми түрде 4 миллион долларға жуық қаражат бөлді. Бұл сомаға қатысушыларды орналастыру мен тамақтандыру, спортшыларды дайындау және жүлде қоры кірді. Сонда да шараның бұдан басқа да шығыны көп. Инфрақұрылымға жұмсалған қомақты ақша басқа көздерден есептелді. Салыстырмалы түрде айтсақ, бірінші Дүниежүзілік көшпенділер ойынының бюджеті 2 миллион доллардан сәл асса, екіншісі — бюджет пен демеушілер қаражатын қосқанда 30 миллион долларға жетті, ал үшінші ойынның шығыны шамамен төрт миллион доллар болған.

Жарыс қалай саяси ресурсқа айналып барады?

Саясаттанушы Арзу Шеранованың пікірінше, ірі халықаралық шаралар үнемі екі мақсат үшін жұмыс істейді. Олар сыртқа, елдің халықаралық имиджіне ғана емес, сонымен бірге ішкі аудиторияға – өз азаматтарының билікті қабылдауына да бағытталады. Көшпенділер ойынын ұлттық бірегейлікті қалыптастыру жобасы әрі билікті легитимдеу құралы ретінде қарастыру керек дейді сарапшы.

Қырғызстанда 2027 жылдың қаңтарына президент сайлауы жоспарланған. Бұл жолғы ойын сол үлкен дода қарсаңында өтті. Оған қазіргі президент Садыр Жапаров та қатысатынын әлдеқашан айтқан. Сондықтан билік үшін бірден екі ірі халықаралық шара — Дүниежүзілік көшпенділер ойыны мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитін жоғары деңгейде өткізу өте маңызды болды.

"Лидердер өздерінің саяси әлеуетін нығайтып, халықтың қолдауына ие болу үшін ауқымды мәдени және спорт шараларына жиі арқа сүйейді. Бұл әсіресе сайлау немесе маңызды реформалар қарсаңында жиі болады. Сондықтан Дүниежүзілік көшпенділер ойынын ұлттық бірегейлікті қалыптастыру жобасы ретінде де, билікті легитимдеу құралы ретінде де қарастыруға болады. Бұл Қырғызстанға да тән, мұндай тәжірибе тек Орталық Азияда емес, тұтас Еуразияда бар. Сондықтан бұл ойындар билікке сайлау алдында белгілі бір саяси ұпайлар әкелуі мүмкін екенін де жокқа шығаруға болмайды", — дейді Арзу Шеранова.

Бішкектегі Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті, 1 қыркүйек, 2026 жыл

Кезек – Татарстанда

Келесі, жетінші Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу мәртебесі ресми түрде Татарстанға берілді. Бұрын бұл жарыс ең алдымен қырғыздардың бастамасы ретінде қабылданса, қазір ол бастапқы сипатын сақтай отырып, түрлі мемлекет қабылдайтын халықаралық платформаға айналып келеді.

Дүниежүзілік көшпенділер ойынының эстафетасын Ресейдің спорт министрі Михаил Дегтярёв пен Татарстан басшысы Рустам Минниханов қабылдап алды. Чолпон-Ата, 2026 жылғы 6 қыркүйек.

Басты парадокс осы жерде туындайды. Қырғызстан уақыт өте келе жалғыз елдің меншігі болудан қалатын бренд қалыптастырды. Бірақ кей сарапшылардың айтуынша, оның сәтті болуының себебі де осында болса керек: бір ел жасаған символ өзгелердің де кәдесіне жарай бастаған кезде ғана нағыз "жұмсақ күш" жұмыс істей бастайды.

Осыдан 14 жыл бұрын Дүниежүзілік көшпенділер ойыны идеясы ірі қаржылық мүмкіндіктері жоқ шағын ел үшін тым үлкен тәуекел болып көрінген еді. Бірнеше президент ауысса да ол қанат жайып, Орталық Азия шекарасынан шықты, жүзден астам елдің басын қосты және одан әрі өрісін кеңейтіп келеді. Демек, Қырғызстанның көшпенділердің мәдени мұрасын халықаралық брендке айналдырудағы басты бәсі әзірге сәтті бастама болып көрінеді.