Эквадордың Гуаякиль қаласында дзюдодан жасөспірімдер (кадеттер) арасында өткен әлем біріншілігінде Қазақстанның ұлттық құрамасы аралас командалық жарыста тұңғыш рет әлем чемпионы атанды. Финалдық белдесуде қазақстандық спортшылар Бразилия командасынан басым түсті. Бұл туралы Қазақстанның дзюдо федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Жекелей сында 3 алтын, 3 күміс және 4 қола – жиынтығы 10 медаль иеленген қазақстандық жас дзюдошылар жалпыкомандалық есепте 2-орын иеленді.
Ал жалпы есепте қазақстандық ұлдар командасы бірінші, ал қыздар құрамасы екінші орын алды.
Жасөспірімдер құрамасының бір әлем чемпионатында үш бірдей алтын медаль жеңіп алуы Қазақстан дзюдосы тарихында алғаш рет болып отыр.
Және де 52 келі салмақ дәрежесінде күрескен 16 жасар Фатима Сұпығалиева қазақстандық дзюдошы қыздар арасындағы алғашқы әлем чемпионы атанды.
Ұлдар арасында Ғабит Расулхан (60 кг) мен Әділжан Жаудинов (+90 кг) әлем чемпионы болды.
Әділжан Нұрбекен (50 кг), Әдия Жанахмет (40 кг) пен Інжу Жұмажан (57 кг) әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Ал Бекарыс Құдайберген (50 кг), Ахмет Баубек (60 кг), Ерік Үсенов (66 кг) және Еркін Бекәли (73 кг) қола медаль иеленді.
20-23 тамыз аралығында Эквадордың Гуаякиль қаласында 18 жасқа дейінгі (кадеттер) спортшылар арасында өткен әлемдік дзюдо чемпионатында 59 елден барған 457 спортшы (212 қыз және 245 ұл) жүлде үшін күрескен. Қазақстан ұлттық командасы құрамында бұл жарысқа 10 қыз және 10 ұл қатысты.