Азаттықтың "Система" зерттеу жобасы Владимир Путин мен Алина Кабаева - ресейлік көркем гимнасшы. Ол 2000 жылы Сидней олимпиадасында қола, ал 2004 жылғы Афина олимпиадасында алтын медаль алған. Кейін қоғамдық-саяси қызметпен айналысып, Ресейдің қоғамдық палатасына мүше болды және Ресей мемлекеттік думасына депутат болып сайланды. Депутаттықтан кеткен соң медиаменеджер болып, бизнеспен айналысуға көшті. Көптеген зерттеулерге қарағанда Ресей президенті Владимир Путинмен отбасылық қарым-қатынас орнатып, екі ұл туған. Кабаева 1983 жылы Өзбекстанда туған, әкесі - футболшы. Балалалық шағын Қазақстанда өткізіп, бір кездері Қазақстан атынан жарыстарға қатысқан. Кейін отбасымен Ресейге қоныс аударған. ұлдарын тәрбиелеген шетелдік мамандарды жалдау туралы құжаттар мен хат-хабарларға қол жеткізді. Ол деректерге қарағанда, кейінгі сегіз жылда Ресей президенті мен бұрынғы олимпиада чемпионының отбасында кемі 20 шетелдік қызметші жұмыс істеген. Бұл қызметкерлерді ұстауға отбасы жыл сайын жүздеген мың доллар жұмсаған және әлі де жұмсап келеді.
"Ваня балық аулауға қызығатын шығар?"
34 жастағы Кейіпкердің және оның клиенттерінің қауіпсіздігі мақсатында өз өтінішімен аты-жөні өзгертілді Ресейдегі бала күтуші жұмысына мұқият дайындалған. Австрияда жүргенде-ақ ол болашақ тәрбиеленушісі Ваняға арнап неміс етістіктері жазылған карточкалар мен Суретті басқатырғыш кітапкітапшасын дайындаған. Ресей әйелдері Еуропадағыларға қарағанда сәндірек киінеді деп оқығандықтан, әдемі киімдер де алған. Сонымен қатар, бос уақытында спорт клубтарына барамын деген оймен жекпе-жекке арналған киімдерін де салып қойған.
Ол баланың ата-анасына 4 жастағы сәбиді неміс тіліне қалай үйрететінін егжей-тегжейлі түсіндірген. Мысалы, Эмма аптасына кемінде екі рет баламен орманға барып уақыт өткізуді ұсынған.
"Жапонша “синрин-йоку” деп аталатын “орман ваннасы” иммундық жүйемізді бірнеше күнге нығайтатыны дәлелденген. (...) Жай саябақ емес, орманда уақыт өткізу кішкентай бала үшін өте пайдалы, өйткені бұл олардың қимыл-қозғалысын жақсартады, себебі жер тегіс емес. (...) Немісше сөйлесуге де көп мүмкіндік болады. Мүмкін, Ваняның балық аулауға я жидек теріп, оны жеуге аңсары ауар". Эмма болашақ тәрбиеленушісінің ата-анасына жазған хатында орманның пайдалы әсерін осылай сипаттаған.
Алайда орман ішіндегі біртоға өмір Эммаға ұнамай қалған.
2019 жылдың шілдесінде ол Ресейге ұшып келген. Бастапқыда жұмыс берушілер уәде еткендей, Эмма бес жұлдызды қонақүйлерде тұрған және өзіне арнайы диетаға сай тағам таңдап ішкен.
Бірақ көп ұзамай ол күтпеген жерден Новгород облысындағы Угловка атты шағын елді мекендегі қонақүйге тап болған. Қоғамнан оқшау, орман ішіндегі өмір бұрын сипатталған жұмыс шарттарына мүлде ұқсамаған. "Бес жұлдызды қонақүйге барамын деп, кейін түк жоқ жердегі қонақүйге тап болсаңыз, өзіңізді нашар сезінесіз. Психологияда мұны контраст әсері деп атайды". Кейін өзі жұмысқа тұрмай қалған соң ол өзі бағам деген баланың ата-анасына осылай ашық жазған.
Мәскеу мен Санкт-Петербургтің бесжұлдызды отельдерінен соң австриялық Эмма Д. Новгород облысының Угловка деген шағын ауылына тап болды. Фото ауыл әкімшілігінің сайтынан алынған.
Бойжеткен жұмыс берушіден диетолог айтқан арнайы тамақпен қамтамасыз етуді сұраған. Алайда көп ұзамай өзі орналаспақ болған жұмысқа лайықты еместігі туралы хабарлама алады. Содан соң Эмма Грац қаласына ұшып кетіп, сол жерден өзін жұмысқа алмағандарға алған әсері туралы хат жазады.
Жұмысқа шақыруды қабылдап, диеталық тағамды таңдап жатқанда, Эмма өзінің тәрбиеленушісі Ресей президенті Владимир Путиннің төрт жасар ұлы болатынын, ал Угловка — Путиннің Валдайдағы қатаң күзетілетін резиденциясына жақын орналасқан кент пен теміржол станциясы екенін мүлдем білмеген еді.
"Система" тілшісімен хат алмасу барысында Эмма Ресейде жұмыс істеуге келіскенін және бұл ұсыныс құпия жүргізілгенін растады, бірақ отбасы мүшелерінің нақты фамилиялары өзіне айтылмағандықтан, олармен келіссөздерінің егжей-тегжейін талқылаудан бас тартты.
Династияның кооперативі. Кабаеваның бөлелері үй қызметкерлерін қалай басқарады?
Эмма Д.-ның басынан кешкен қиындықтары, сондай-ақ басқа да ондаған шетелдік мұғалім, күтуші мен тәрбиешінің жұмысы туралы осы отбасының кадр қызметінің жұмысымен таныс дереккөз берген құжаттар мен электронды хаттардың топтамасынан белгілі болды.
Ол Ресей арнайы қызметі қудалауы мүмкін деп қорқатындықтан, өз есімін немесе жұмыс орнын атамауды өтінді.
Алина Кабаева. 2024 жыл.
Біз алынған мәліметтердің шынайылығы мен сенімділігін бірнеше әдіспен тексеріп, хат алмасқан тұлғалармен байланыстық. Олардың екеуі құжаттарда баяндалған мәліметтерді растады.
"Системаның" қолына түскен деректер 2017-2026 жылдарды қамтиды. Оның көп бөлігі Путиннің кіші балаларының анасы - Алина Кабаеваның бөлелері Олеся Федина мен Екатерина Головачева пайдаланатын почта жәшіктеріндегі хаттардан алынған.
Олеся Федина – сол жақтан бірінші. Екатерина Головачева – сол жақтан үшінші. Екатерина Головачеваның Facebook парақшасынан
"Система" зерттеген құжаттарға қарағанда, Путиннің кенже балаларына шетелдік күтушілер мен мұғалімдер жалдауға қатысты істерді дәл осы Федина мен Головачева жүргізеді. Федина отбасының өкілі ретінде әрекет етіп, тәрбие процесіне қатысты талаптарды жеткізіп отырады, ал Головачева қаржылық және ұйымдастыру мәселелеріне жетекшілік етеді. Күтушілер кімнің балалары үшін жалданып жатқанын нақты білмейді, ата-анасының есімдері құжаттарда да, өзара хат-хабарларда да ашық айтылмайды: олар туралы "отбасы" немесе "ата-анасы" деп қана жазады.
Путиннің балаларын "тілдік ортаға" қалай үйретеді?
Бала күтушілері мен үй қызметкерлері Владимир Путин мен Алина Кабаеваның балаларына қарау үшін жалданған. Путиннің өзі олар туралы ешқашан тіс жарған емес, сондықтан олардың өміріне қатысты егжей-тегжейлі мәлімет тек журналистік зерттеулерден ғана белгілі. Осы зерттеулердегі ақпаратқа сүйенсек ("Система" бұл деректерді растай алды), балалардың үлкені Иван 2015 жылы, ал кенжесі Владимир 2019 жылы дүниеге келген. Отбасы шетелдік тәрбиешілерді 2017 жылы, яғни Иван әлі екі жасқа да толмаған кезде іздестіре бастаған. Ал 2018 жылы үш жасар Ваняның күн тәртібінде ағылшын тілі, неміс тілі және музыка сабақтары болған. Күтушілер тіл үйретіп қана қоймай, баланың күтіміне де жауапты болды: мысалы, ағылшын тілі мұғалімі Аманда С. үш жасар Ваняны тілдік ортаға бейімдеумен қатар, оның тәрелкесіндегі картоптың езілгенін және сорпаның макаронды толық жауып тұруын қадағалауға міндеттелген.
2019 жылы күтушілерге баланы мектепке дайындау тапсырылған. "Досье" басылымының дереккөзі 2024 жылдың басында Иванды Сочидегі "Сириус" лицейіне жіберу туралы сөз болғанын хабарлады. Дегенмен, қазіргі уақытта Путиннің балаларының бірі басқа балалармен бірге жалпы білім беретін мектепке барды деген мәлімет жоқ, десе де олардың өзге балалармен топтасып спорттық гимнастика және бимен айналысып жатқан сәттерінің бейнежазбалары бар.
Соңғы бірнеше жылда Ваняның інісі Воваға да репетиторлар жалдай бастаған. 2021-2022 жылдардағы хат-хабарлар мен құжаттарда оны "кішкентай" деп атаған, өйткені Вова ол кезде әлі үш жасқа да толмаған еді.
"Системаның" қолына түскен деректерден 2017-2025 жылдар аралығында Путин-Кабаева отбасында әртүрлі уақытта жұмыс істеген жиырмаға жуық оқытушы туралы мәлімет тапты. Олардың арасында Ұлыбритания, ОАР, Жаңа Зеландия, Германия, Австрия және Ирландия азаматтары бар. "Система" бұл қызметкерлердің барлығының аты-жөні мен төлқұжат деректерін біледі, бірақ редакция жеке деректерді қорғау мақсатында оларды жарияламайды. Әдетте, бір кезеңде баламен шамамен 4-6 адам жұмыс істеген: олардың бір бөлігі бір уақытта, ал қалғандары бірін-бірі алмастырып отырған. Жұмыс берушілер бала күтушілерді қай тілде оқытатынына байланысты "британдықтар" немесе "немістер" деп бөлген. Олардың басты міндеті - балаға тілдік орта қалыптастыру және ойын түрінде сабаққа баулу болған.
Путин Ресей элитасының еуропалық өмір салтына әуестігі туралы теріс пікірді жиі айтады. "Мәселе адамның Ривьерада вилласы болғанында, ұлу жеп, гендерлік бостандықты жақсы көргенінде емес. Мәселе — мұндай адамдардың санасы халықтан алшақтығында және олардың Батыстың "жоғары кастасына" табынып, оған "қатты еліктеуінде", — деген еді ол 2022 жылдың наурызында шенеуніктермен кездесуінде.
Путиннің балаларын тәрбиелеуде орыс тіліне де дәл сондай көңіл бөлінді ме, жоқ па, ол жағы белгісіз. Біз тек ресейлік бір ғана мұғалім туралы мәлімет таба алдық: Полина Т. есімді мұғалім Иванға музыкадан сабақ беріп, оған Сергей Прокофьев пен Николай Римский-Корсаковтың шығармаларын үйреткен.
Олеся Федина 2019 жылдың маусымында қызметкерлермен жұмыс туралы есебінде, сол жылғы Рождество мерекесінде Ваня неміс тілінде ән айтып, орысша ештеңе орындамағанын атап өткен.
2018 жылдың желтоқсанында Ресейдің Федералдық кеңесінің мемлекеттік егемендікті қорғау жөніндегі комиссиясының басшысы Андрей Климов елде "Аяз атаның Санта-Клаусқа айналуына" жол беруге болмайтынын мәлімдеген, Климов мұны Ресейдің "рухани егемендігімен" байланыстыра сөйлеген. Алайда, ағылшын тілі мұғалімі жазған бір есепке қарағанда, желтоқсан айында кішкентай Ваня Аяз атаның емес, бұғы Рудольф туралы балалар кітбын оқып, Санта-Клаусқа арнап шана жасаған.
Рождество қарсаңында Ваняның ата-анасына арнап жасаған құттықтау хаты. Бала күтушінің есебінен фотосурет
Ал гендерлік еркіндік мәселесінде Путин отбасы бала тәрбиесін Ресей билігінің ресми ұстанымына сай жүргізген.
Әрбір тәрбиешінің келісімшартында бұл тақырыпқа қатысты қатаң шектеу бар:
"Қамқорлықтағы балаға өзіңіздің діни, саяси немесе идеологиялық көзқарасыңызды ешқашан таңбауыңыз керек. Жұмыс берушімен алдын ала келіспей тұрып, сексуалдық қарым-қатынас немесе сексуалдық тәрбие тақырыптарын қозғауға қақыңыз жоқ. Қандай жағдай болмасын, ЛГБТ-мен байланысты тақырыптарды айтуға болмайды".
Ваняның тәрбиешісі жасаған есептердің бірі. 2019 жылғы наурыз
Оқшаулау және карантин
2022 жылдың сәуірінде 58 жастағы ирландиялық Джейннің анкетасы Путиннің балаларына күтуші іздеп жатқан Екатерина Головачева мен Олеся Фединаның қолына түседі.
Бұл уақытта Ресейдің "ұжымдық Батыспен" және НАТО блогымен күрес ұранымен Украинаға басып кіргеніне бір жарым ай болған. Кейін "Ресей мен орыс халқының қас жауына айналған англосакстар" туралы әңгіме Путиннің риторикасындағы үйреншікті сөзге айналды.
Дегенмен, Путиннің отбасына үй қызметкері мен бала күтуші ретінде сол "англосакстардың" өкілдерін ала берді.
Джейн анкетасында Ирландияның, Британияның және Канаданың (үшіншісінің мерзімі өтіп кеткен) төлқұжаты бар екенін көрсеткен. Ресей билігі бұл үш елді де "дос емес" және "Ресейдің құндылықтарына қайшы келетін қағидаларды таңушы" мемлекеттер деп есептейді.
Бірақ Путин мен Кабаеваның үш жасар ұлы Воваға сабақ беруге Джейн М.-таңдалады, яғни оның шыққан жері еш кедергі болмайды. Сөйтіп 2022 жылдың жазында оған келісімшарттың жобасы жіберілді.
Келісімшарттың кей тармақтары дәулетті отбасының қызметшілеріне арнап жасалғандай қисынды көрінеді. Білім беру процесін қамтамасыз ету, жұмыс орнында ішімдік ішпеу және темекі шекпеу, қамқорлықтағы баланың сырт келбеті мен дәрі-дәрмек ішуін қадағалау, сондай-ақ жұмыс барысын басқалармен талқыламау және ол туралы әлеуметтік желіде ештеңе жарияламау сияқты талаптар бар. Жұмыс уақытында гаджеттерді пайдалануға тыйым салынады, құралдарды тек оқу процесіне қажет болғанда ғана қолдануға болады. Сонымен қатар алдын ала келісілмесе фото және видео түсіруге де рұқсат жоқ. Қызметкерлер ұқыпты киінуі тиіс және өткір иісті әтір, дезодорант қолданбауы керек.
Ал кейбір шарттары едәуір қатал және отбасының әсіресе денсаулық мәселесінде тым секемшіл екенін көрсетеді.
Мәселен, келісімшартқа қол қойған қызметкер медициналық тексеруден өтуге міндетті. Бұл Ресей заңдарындағы балалармен жұмыс істейтіндерге Ресей заңдарында қойылатын талаптарға ұқсайды, бірақ қажеттілікке қарай қосымша анализдер тапсыруы мүмкін екені де ескертіледі.
Қызметкерлер жұмыс беруші таңдаған клиникада тексеруден өтеді, ақшасын да солар төлейді. Олар негізінен Санкт-Петербургтегі "Согаз" емханасын таңдаған. Бұл жай емхана емес, Путиннің жақын досы Юрий Ковальчукпен және президенттің қызы Мария Воронцовамен байланысы бар медициналық орталықтар желісі.
Путиннің үлкен қызы Мария Воронцова. 2024 жыл
Қызметкерлер жылына бір рет медициналық тексеруден өтеді және жұмыс орнынан тыс жерге шығып, қайта оралған сайын (мысалы, демалыстан келгенде) тағы тексеріледі. Бұған қоса, қызметкер кез келген денсаулық мәселесі мен инфекция жұқтыру қаупі туралы отбасына міндетті түрде хабарлауы тиіс.
Бұл жұмыста ауыруға мүлдем болмайды деуге негіз бар. Жұмыс беруші жарты жылда еңбекке жарамсыздығы үшін тек алты күнге ақша төлейді.
Қызметкер ауру жұқтырғаны анықталса, немесе жұмысына үш аптадан астам уақыт әсер етуі мүмкін кез келген сырқатқа шалдықса, бала күтушіні сол күні-ақ жұмыстан шығарып жібере алады.
2018 жылғы қыркүйектің басындағы бала күтушілердің жұмыс кестесі.
Күтушілер баламен өткізген уақыты туралы күн сайын құлаш-құлаш есеп толтыруға міндетті. Бұл туралы Олеся Фединаның 2019 жылғы мұғалім, тәрбиешілермен кездесуінің стенограммасында егжей-тегжейлі айтылған.
Мұғалімдер атқарылған іс-шараларды егжей-тегжейлі баяндап, фото мен мысалдар қоса тіркеп отырған. Кішкентай Ваня үшін мұғалімдер оның жетістіктерінің тұтас бір "трекерін" бөлек толтырып келген.
Путин балаларының тәрбиешісі толтырған баланың дамуы жөніндегі трекер
Мұғалімдер мен бала күтушілердің тұрмыс жағдайы анау айтқандай керемет дей алмайсың.
Қызметкерге пәтер немесе қонақүй нөмірінен бөлме беріледі. Жұмыс беруші мынаны ескертеді: пәтерге немесе нөмірге кез келген уақытта тағы бір адамды қосымша орналастыруы мүмкін екенін ескертеді. Жұмыс берушінің кепілдік беретін жалғыз нәрсесі — әр қызметкердің жеке бөлмесі, бөлек әжетханасы мен душы болады.
Қызметкерлердің телефон байланысы, газ, электр қуаты және интернет қызметін жұмыс беруші төлейді, бірақ стримингтік арналарға жазылымдар мен жеке мақсаттағы халықаралық қоңырау шығынын өтемейді.
"Система" зерттеген хат-хабарда "ауыл" немесе "орман" деген сөздер кездеседі. Мұнда Ресей президентінің Валдайдағы резиденциясының маңайы туралы айтылса керек. Қызметкерлердің Мәскеуден немесе Санкт-Петербургтен резиденцияға дейінгі жол шығыны (Угловка теміржол станциясына дейінгі билеттер), сондай-ақ отбасы Сочиге көшкен кездегі Сочиге дейінгі билеттері төленеді.
"Отбасылық кешеннен" қалаға өз бетімен кетіп қалуға рұқсат жоқ. Күтуші демалыс күні дүкенге, театрға, барға немесе мұражайға еркін бара алмайды. 2022 жылы ағылшын тілі мұғалімі Джейн М.-мен жазысқан хатта бұл жағдай "карантин шарттарымен" түсіндірілген. Екатерина Головачева 2022 жылы Джейн М.-ге хатында былай деп жазады: "Пандемияға дейін мұғалімдер қалаға шыға алатын, дүкен аралап, әртүрлі қоғамдық орындарға баратын. Қазір бұл мүмкін емес. Сізге қажеттінің бәріне онлайн тапсырыс бере аламыз. Өзіңізге керек-жарақ тауар мен азық-түліктің тізімін дайындайсыз, біз оларды сатып алып, қауіпсіз құралдармен алдын ала зарарсыздандырып, өзіңізге табыстаймыз".
Мұндай оқшау өмірге тәрбиешінің бәрі бірдей шыдай алмаған. 2023 жылы ағылшын тілі мұғалімі, Ұлыбритания азаматы Гарри А. жеке шаруаларын және "карантиндегі өмірден қажып, жалығып кеткенін" айтып, жұмыс берушілерден екі айлық ақы төленбейтін демалыс сұраған. "Отбасы" мұндай демалысқа қарсы болмаған.
Ваня. 2019 жылғы сәуір. Тәрбиешінің есебіндегі сурет.
Еуропалық тәрбиеге жұмсалған миллиондар
Бұл қызметкерлер қанша жалақы алған?
"Система" зерттеген деректер қорында ондаған келісімшарт, төлемдер туралы есеп пен банк аударымдарының көшірмелері бар. Олар арқылы Путиннің балаларын бағатын күтушілердің жалақы деңгейі мен отбасының шетелдік қызметкерлерді ұстауға жұмсайтын жалпы шығынын дәл анықтауға болады. Бұл деректерге қарағанда, Ресей президентінің балаларын Еуропадағы тілдік ортаға бейімдеу жылына жүздеген мың долларға түседі.
Әрбір қызметкер екі бірдей еңбек келісімшартына қол қояды.
Тұрмыс жағдайы мен балаларды тәрбиелеу тәртібі егжей-тегжейлі жазылған алғашқы келісімшарт "Жұмыс берушімен", яғни отбасының өкілімен жасалады. Әдетте, бұл рөлді Олеся Федина атқарады. Бұл келісімшартта бала "Қамқорлықтағы бала" деп аталады. 2019 жылғы құжаттардың бірінде қамқорлықтағы баланың аты-жөні "Иван Федин" деп көрсетілген (ал Олеся Фединың өз ұлының есімі басқаша).
Бір келісімшарттың үзіндісі. Орындаушының аты-жөнін "Система" жасырып қойды.
Бірінші келісімшартта қызметкердің нақты жалақысы көрсетіледі. Әркімге төленетін сома әртүрлі және ол жеке келісімдерге қарай шешіледі, бірақ көбіне шамалас шығады. Мәселен, 2019 жылы "Иван Фединді" тәрбиелегені үшін төленетін ақы аптасына 40 сағат жұмыс үшін 1400 еуро (2019 жылғы орташа бағам бойынша шамамен 100 мың Ресей рублі) болған. Кейінгі келісімшарттарда да осыған ұқсас сома кездеседі: мысалы, аптасына 60 сағат жұмыс үшін 1500 фунт стерлинг (2026 жылдың басындағы бағам бойынша шамамен 2000 АҚШ доллары).
Айына 8 мың доллар (2025 жылғы орташа бағам бойынша шамамен 665 мың Ресей рублі) — бұл Ресей үшін қомақты ақша: бұл елдегі 2025 жылғы орташа айлық жалақыдан шамамен алты жарым есе жоғары. Ұлыбритания немесе Германия үшін де бұл орташа деңгейден жоғары табыс, медианалық көрсеткіштен шамамен екі есе көп. Әңгіме "таза" жалақы, яғни қызметкердің салықтар төленгеннен кейін қолына алатын сомасы туралы болып отыр.
Бала күтушілері мен тәрбиешілер салықты осы жалақыдан және негізінен Ресейде төлейді. Төлемейтіндері де бар.
Барлық қызметкердің бұдан бөлек, анағұрлым "ресми" келісімшарты бар. Шетел азаматы оны ресейлік заңды тұлға — "Согаз" халықаралық медицина орталығының кәсіби қайта даярлау институтымен (кей жағдайда "Согаздың" өзімен) жасасады. Бұл еңбек шартында көрсетілетін лауазым — "жетекші аудармашы".
Бұл Ресейде "жоғары білікті маман" ретінде жұмысқа рұқсат пен виза алу үшін қажет. "Система" зерттеген шақыру хаттары мен жұмысқа орналасу туралы анықтамалар "Согазға" жұмысқа тұру қызметкердің Ресейде заңды түрде қалуына кепілдік беретінін дәлелдейді.
Бала күтушілердің басым бөлігінің "Согазбен" жасасқан келісімшартында көрсетілген ресми жалақысы — айына 167 мың рубль (2025 жылғы орташа бағам бойынша шамамен 2000 доллар), бұл отбасымен жасалған келісімшартта жазылған сомадан бірнеше есе аз. Бұл соманы олар 2020 жылы белгілеген. Ол кезде бұл — көші-қон органдарына "жоғары білікті маман" мәртебесін мақұлдауға мүмкіндік беретін ең төменгі жалақы саналған (2023 жылы бұл сома өзгерді). Ресми жалақының сомасы жылдар өте келе өзгеріп отырған, бірақ ол әрдайым нақты жалақыдан бірнеше есе аз болды.
Көп жағдайда жалақының қалған бөлігі қызметкердің ресейлік шотына жіберілген. Төлемнің басым бөлігі ресми түрде "сыйақы" ретінде рәсімделген және оның көлемі нақты жұмыс істеген күндерге, еңбекке жарамсыздық парақтарына, демалыстарға және басқа жайттарға байланысты болған.
Отбасының жоғары білікті шетелдік қызметкерлерге жұмсайтын шығын көлемін "Система" зерттеген ондаған төлем қағаздарынан да, хат-хабарлардағы жұмыс берушілердің жазбаларынан да көруге болады.
Мәселен, 2022 жылдың тамыз айында бес қызметкердің ресейлік шоттарының өзіне 1,92 миллион рубль, яғни 31,8 мың доллар төленген (бұл сомаға қолма-қол берілетін немесе шетелдік шоттарға аударылған ақша кірмейді).
2022 жылдың тамызындағы есеп айырысу қағазы. Грек таңбалары - бала күтушілердің кодталған есімдері.
2020 жылғы хат-хабарда бала күтушілер штатын жасақтау жоспары да талқыланған. Головачеваның бағалауынша, отбасы айлығы 450 000–510 000 рубль (шамамен 7 мың доллар) болатын 5-6 қызметкерді ұстауды жоспарлаған, бұл ай сайын кемі 30 мың, ал жылына шамамен 400 мың доллар қаражат деген сөз.
"Панцирдің" қорғауындағы балалар
2022 жылдың басында Ресей Украинаға басып кірген соң Путин отбасының тұрмыс-тіршілігі де біраз өзгерді.
Азаттықтың Орыс қызметінің зерттеуіне қарағанда, отбасы әдетте көп уақыт өткізетін Валдайдағы резиденция айналасында қазір кемінде 25 "Панцирь" әуе қорғаныс жүйесі орнатылған. Бұл — Ресейдегі зенит-зымыран кешендері ең қатты қорғайтын нысандардың бірі.
"Система" бұған дейін анықтағандай, Путиннің өзі 2024 жылдан бері бір кездері өзі қатты бауыр басқан Сочидегі резиденциясына баруды мүлдем тоқтатқан. Бұған негізгі себеп — Украинаның дрон шабуылы.
"Бочаров ручей" резиденциясында тұрған Ресей президенті Владимир Путин. 2020 жылғы қыркүйек
2026 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша, Путин отбасында кем дегенде үш шетелдік бала күтуші жұмыс істеген. Олар: Босния және Герцеговина азаматы София Б., Германия азаматы Ирэн Э. және ОАР азаматы Кэрол Р. Қаңтар айында оларға жалпы сомасы 3,5 миллион рубль (валютамен берілуі мүмкін қосымша төлемдерді есептемегенде) төленген — бұл 45 мың доллардан астам қаржы. "Системаның" қолында бар банк көшірмелеріне қарағанда, тек Кэрол Р.-ның өзі 2026 жылдың қаңтары мен мамыры аралығында 2,4 миллион рубль, яғни 30 мың доллардан астам табыс тапқан.
"Системаның" мәліметінше, мамыр айында Кэрол жұмыстан шығу туралы арыз жазған. Оның жұмыстан кету себептері бізге белгісіз.
Кэрол "Системаның" электронды пошта арқылы жіберген сұрақтарына жауап бермеді. Екатерина Головачева, Олеся Федина, Алина Кабаеваның өкілі және Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та жолданған сұрақтарды жауапсыз қалдырды.
Бұрынғы шетелдік бала күтушінің бірі біздің хатымызға жауап беріп, ресейлік отбасында шынымен үш айға жуық қызмет еткенін, бірақ өзінің нақты кімдерге жұмыс істегенін өзіне бірде-бір рет айтпағанын жеткізді. Жалпы жақсы тәжірибе жинағанына, отбасының жомарттығына қарамастан, жұмыс берушінің қарым-қатынас мәнері оған жақсы әсер қалдырмаса керек. "Мен тек бұйрық пен нұсқауды орындап отыратын адам болдым", — деді ол "Системаға".
(Орыс тіліндегі түпнұсқадан ықшамдап аударылды).